Қазақстандық таэквондошы Рита Бакишева Азия чемпионатында қола жүлдегер атанды.
Оңтүстік Кореяның Чхунчхон қаласында 24 маусым күні басталған аламанды Бакишева екінші айналымнан бастады. 46 келінің өкілі кувейттік қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсіп, жартылай финалға шықты. Өкінішке қарай, бұл кезеңде ол таиландтық қарсыласынан айласын асыра алған жоқ. Дегенмен жүлдегерлер қатарына ілікті. Ал біріншіліктің алғашқы күнінде жарыс жолына шыққан өзге таэквондошыларымыз медальдан тыс қалды. Әзірет Дүйсенбек (54 келі) бірінші кездесуін жеңгенімен, екінші айналымда иорданиялық таэквондошыға жол берді. Фариза Алдангорова (53 келі) мен Камила Аймұқашева (57 келі) алғашқы жекпе-жекте жеңіліс тапты.
Естеріңізге сала кетейік, сары құрлық біріншілігіне Қазақстаннан 12 спортшы аттанған.