Ауыл жолы жөнделетін болды
Ауыл жолы жөнделетін болды
633
оқылды
Биылғы сәуірде «AMANAT» партиясының республикалық мобильді қоғамдық қабылдауы Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданы Полянское ауылында да өткен болатын. Қабыл­дау кезінде ауыл тұрғындары 10 жылдан астам уақыт бойы жөндеу көрмеген Киров көшесінің мәселесімен жүгінген-ді. –  Біз ауылдағы негізгі көше­нің бірінің тозығы жетуіне байланысты жөндеу жұмыстарын жүргізіп берсе деп «AMANAT» пар­тия­сының орталықтан, об­лыс­тан келген өкіл­деріне жүгініп көмек сұра­ған едік. Арада аз ғана уа­қыт өткенде көшені жөндеу жұмыстары басталып кетті. Ауыл тұрғындарының өті­ні­шін жерде қалдырмай, іске асуына ықпал еткен партия басшылығына ал­ғыс айтамыз, –  дейді Полянское ауылының тұрғыны Наталья Бургардт. Ауыл әкімі Жанна Ахметул­ди­но­ва­ның айтуынша, «Ауыл –  ел бесігі» жобасы аясында көшені орташа жөндеуге 16 млн 276 мың теңге сомасында бюджеттік қаражат бөлінген. Кон­курс­тық рәсімдер өткізіліп, мер­дігер анықталған. Жұмыстар 2022 жылғы маусым айында басталды. Айта кетейік, «AMANAT» пар­тиясының мобильді қоғамдық қабылдау жүргізуінің негізгі мақсаты –  шалғай елді мекендердегі тұрғындардың арыз-шағы­мын тыңдап, өзекті мәселелердің жедел шешілуіне ықпал жасау.

Бота МАРАТҚЫЗЫ