Айтып едік таксиді, азу тісі ақсиды
Айтып едік таксиді, азу тісі ақсиды
© коллаж: Елдар Қаба
1,849
оқылды
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бүгінде такси қызметін ұсынатын отан­дық өнім жасау тиімсіз екенін мәлімдеді. «Қазір Қазақстанда «Яндекс» сияқты жоба жасау ұтымсыз. Есіңізде болса, біраз уақыт бұрын Didi такси қызметі іске қосылды. Алайда біздің нарықта қалған жоқ (биыл 4 наурызда Didi Қазақстан мен Ресейдегі жұмысын тоқтатты), Қытай қанша қаржы құйса да, «Яндекспен» бәсекелес бола алмады. Мұндай жобаға миллиардтаған доллар қажет, бұл –  венчурлік инвесторлар айналысатын іс», – деді ведомство басшысы. Әлбетте, министрдің бұл мәлімдемесінен кейін қоғамның пікірі екіге жарылды. Талдап көрейік. «Яндекстің» жұмысы бақылануы тиіс Әлқиссаны такси жүргізуші­ле­рінің жанайқайынан бастайық. Соңғы уақытта әлеуметтік желіде «Яндекс» қызметіне наразы жүргі­зушілердің қатары көбейді. Олар аталмыш компанияның жүргізуші табысынан ұстайтын комиссиясы көп екенін және соған сай қызмет көрсетпейтінін айтып шағымданды. Әлі күнге дейін «Яндекс» таксиге отырып, жүргізушілердің хал-жағда­йын сұрай қалсаң, компанияға деген наразы­лығын айта жөнеледі. «Компания міндетін дұрыс ат­қар­майды. Жұмысқа кірісер алдында жүргізушінің денсаулық жағдайын немесе көліктің техникалық жайын ешкім тексермейді. Қан қысымы кө­теріліп тұрса да, көлік айдап жүре­тіндер бар. Бұл жүргізушінің өзі үшін де, салондағы адамдар үшін де қауіпті. Бірақ күнкөрістің қамымен уыстап дәрі ішіп алып, қызметін жалғастыра береді. Қауіпсіздік ша­раларын қадағалап жатқан да ешкім жоқ. Мәселен, такси жүргізушісі «кө­мек керек» деген тетікті басқанда компания шұғыл хабарласуы керек. Техникалық қолдау қызметі бар бол­ғаны жаттанды хабарлама жібереді. Сол үшін оларға табысымыздан ай сайын комиссия төлейміз және оны­сы қымбат», –  дейді Айбек есімді «Яндекс» жүргізушісі. Жүргізушілердің табысынан 21-23% комиссия ұсталғанымен, оларға зейнетақы, медсақтандыру төлен­бейді, ешқандай әлеуметтік төлем жасалмайды. Компания комиссия­сынан бөлек жергілікті парктердің үлесін беру керек. Такси жүргізуші­лері орташа айлық жалақы табу үшін (бұл көрсеткіш биыл –  272 960 теңге) 14-15 сағаттан жұмыс істейді. «Айына таза табысымды 300-350 мыңға жеткізу үшін тәулігіне 14 сағаттан жұмыс істеймін. Өткен айда 453 мың теңге таптым, оның 95 мы­ңын «Яндекске» төледік, тағы 30 мыңын такси паркіне бердім, 330 мыңға жетпейтін сомасы қолыма тиді. Күніне 13-14 сағаттан жұмыс істеген соң, денсаулығым да кете бастады, кейде ұйқымыз қанбаса да, жұмысқа шығамыз. Оның үстіне, жолаушылардың да мінезі әртүрлі, ашушаң болып кеттім. Мемлекет бұл мәселені бақылауға алуы керек деп ойлаймын. «Яндекстің» отандық баламасы болса, жеке кәсіпкер ретінде ресми тіркеліп, табысымның 3 пайызын салық есебінде төлеуге дайынмын. Ең болмағанда, Азамат­тық-құқықтық негіздегі шарт бо­йын­ша 10 пайыз жеке табыс салығын төлейтін едік. Бүгін-ертең «Яндекс» сияқты отандық өнім жасай алмай­тын күннің өзінде бұл компанияның біздің елдегі жұмысына билік тара­пынан бақылау болуы керек қой. Әйтпесе, «Яндекс» білген баға­сын қойып, қалаған комиссиясын алып отыр», –  дейді Мұрат есімді жүргізуші. Бұл орайда такси жүргізушілері Мемлекет басшысына үндеу де жол­дады: «Өз құқығымыз үшін «Яндекс» басшылығымен күресіп келеміз. Жұмыс жағдайын жақсарту туралы өтінішімізді компания басшылығы кейінге қалдырып келеді. Біз жұ­мысқа орналасқан кезде еңбек шар­ты жасалмайды. Қаптаған таксо­парк­тердің бірімен Азаматтық-құ­қықтық сипаттағы шарт жасасамыз. Бензинге, көліктерді жөндеуге және оларға қызмет көрсетуге жұмсалатын барлық шығын есепке алынбайды. Жұмыс кезінде жарақат алсақ, онда «Яндекс» емес, өзіміз кінәліміз». Айта кетейік, Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мұндай онлайн-платформаларда жұмыс істейтіндерге ешқандай аударым жасалмай­тын­дықтан мемлекет ұсынатын әлеу­мет­тік қорғаудан тыс қалып отырғанын айтты. Бұл мәселені шешу мақсатын­да ведомство басшысы еліміздегі 8 негізгі платформаның оператор­ларымен келіссөз жүргізгенін мә­лімдеген еді. 1 шілдеден бастап пи­лоттық режимде әрбір платформа­ның ерекшелігіне сәйкес тексеру жүргізілмек. Министр дұрыс айта ма? Жүргізушілердің жанайқайы жиілеген сайын сарапшылар «Ян­декске» бәсеке болатын отандық өнім керегін алға тартты. Бұл үшін мемлекеттен қолдау болуы тиіс, әйт­песе отандық серіктестіктер Қа­зақ­стан нарығына кірген шетелдік ал­пауыттардың тегеурініне төтеп бере алмайтыны айтылды. Сарапшылар­дың пікірінше, Қытай билігі өз на­рығынан шетелдік Uber таксиін шығару үшін өзінің DiDi қызметін экономикалық, саясат тұрғысынан қолдаған. Бүгінде DiDi әлемнің 15 еліне таралып үлгерді. Мемлекет қол­дау жасаса, шетелдік компания­ларға бәсекелес болатын өнім жа­сауға болады, бар болғаны қаржыға таршылық жасамау керек. Онсыз да Қазақстанның қыруар ақшасы өзге елдердің такси компаниялары арқы­лы шетел асып жатыр. Отандық ком­панияларды қолдау осы жағдай­дың алдын алуға тиімді болып қана қоймай, бюджетке түсетін салық көлемін де арттырады. Алайда министр Бағдат Мусин бүгінде такси қызметін ұсынатын отандық өнім жасау тиімсіз екенін мәлімдеді. Бұдан қоғамның пікірі екіге жарылды. Экономист-сарап­шылар мемлекет қаржысына такси қызметін ұсынатын отандық өнім жасау тиімсіз дейді. Министрдің пі­кірін қолдап, мұндай өнім жасаумен жеке инвесторлар айналысу керегін алға тартады. «Бағдат Мусиннің сөзінің жаны бар. «Яндекс» сияқты жоба жасау үшін технологиялық стартап жоба­лар қажет және ол шын мәнінде нәтиже беретініне сенім болуы шарт. Сол кезде ғана мемлекет белгілі бір дәрежеде қаражат бөлуге дайын бо­лады. Мәселен, Kaspi.kz ұжымы «Ян­декс» сияқты жоба жасаймыз десе, Үкімет қолдайды деп ойлай­мын. Сондай-ақ мұндай техноло­гия­лық жобаларға көп қаражат кетеді. Оған бір мемлекеттің ғана қаржылай демеу болғаны аздық етеді. Жеке секторды, инвесторларды тарту ар­қылы ғана инновациялық жоба жа­сауға болады. Ал мұндай иннова­ция­лық жобаны дайындап, жүзеге асыру үшін дайын команда керек. Онсыз мемлекет те, жеке инвесторлар да қар­жылай қолдау көрсетуге құлық­сыз болады. Өйткені миллиардтаған қаржы құ­йылған жоба такси қыз­метін ұсы­натын бірқатар агрегатор сияқты бәсекеге қабілетсіз болып, құрдымға кетсе, ақшаның ауаға ұшқаны», –  дейді экономист Мақсат Халық. Министрлік отандық өнімді қолдауы керек Бұл орайда ІТ мамандар министр тарапынан отандық өнім жасауға қашанда қолдау болу керегін айтады. Такси қызметін ұсынатын мобильдік қосымша жасау қиын емес және қаржылай қолдау болса, мұндай өнімді жасауға әркімнің бар таласы. «Қосымша жасаудың еш қиын­дығы жоқ. Әлемге танымал Uber, Amazon, Netflix сияқты платфор­ма­лардың отандық баламасын жасауға ниеттеніп жүрген ІТ мамандар көп деп ойлаймын. Мәселе ІТ мамандар­дың қосымшаны жасап шығару мүм­кіндігінде тұрған жоқ. Бағдат Мусиннің пікірімен келісетін тұсым, мемлекет коммерциялық жобаларды қолдауға міндетті емес. Дамыған елдердің бәрінде мұндай шаруамен жекелеген инвесторлар айналысады. Әйтсе де, Цифрлық даму, иннова­ция­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мұндай жобалардың дамуына мұрындық болуы керек. ІТ саласындағы стартап экожүйесінің дамуына атсалысуы тиіс», –  дейді ІТ маманы Тимур Бектұр. ІТ маманы Аршат Ораздың пікі­рінше, такси қызметін ұсынатын жоба жасаған кездегі негізгі шығын техникалық нәрселерге емес, такси бағасын ұстап тұруға кетеді. «Егер халықтық жоба болса, мар­кетинг шығындары да көп болмайды. Тұтынушы алдымен бағасына қарай­ды. Бастапқы кезеңде жеңілдік жа­са­лып, ортадағы айырмашылықты жүр­гізушілерге такси иесі өзі төлейді. Бұл бизнеске кіруге қорқатындардың басты себебі сол. Яғни, «Яндекс» ба­ға­ны түсірсе, оның бәсекелесі де сол ба­ғаға түсуі тиіс. «Яндекс» қазір мо­но­полист ретінде білгенін істеп отыр. Таксистерден алатын комис­сия­сы да үлкен. Бірақ нарықта бә­секе болуы керек. Сол кезде дамиды. Министрдің айтқан сөздері қисын­сыз деп ойлай­мын. Қазақстанның кей қалаларында «Яндекс» 1-нөмір емес. Отандық такси қызметтері ба­сым. Мысалы, «Апару», «Жұлдыз» және т.б. Сон­дықтан отандық ІТ кә­сіпкерлер министрдің демотива­циясына бе­р­ілмей, осы нарықты игеруді ойлауы қажет», –  деді Аршат Ораз. Жолаушылар тасымалының жүйесі бұзылды Елімізде такси қызметін ұсына­тын отандық Region компаниясы бар. 2011 жылы Қарағандыда таксо­метр жүйесі бойынша қызмет ұсына бастаған еліміздегі алғашқы ком­пания (сол кездің өзінде мобильді қосымшасы болған). Бүгінде бұл мекеме 12 қалада қызмет көрсетеді. Аталмыш компанияның құрыл­тайшысы әрі директоры Андрей Каминскийден такси қызметін ұсынатын отандық компания құру жолында қандай кедергілер бар екенін сұрап көрдік. «2014 жылы Қазақстан нарығына InDriver қызметі кірді, оның кеңсесі де, арнайы таксопаркі де, штаттағы жұмысшылары да жоқ. Бар болғаны –  мобильді қосымша, яғни жүргізуші мен тұтынушы баратын жердің бағасын өзара келісетін орта. Сау­даласа алсаң, 10 шақырымға да 1000 теңге төлеуге келісе аласың. Бағытың бір болса, көлікке төрт адамға дейін отыра бересің. Әр қаланың жолау­шылар тасымалдау ережесіне сәйкес, жол жүру құнының есептелу тәртібі бар: таксиді ұсыну жылдамдығы, баратын жерге дейінгі арақашықтық, күту уақыты. Ал InDriver бұл жүйені бұзды. Оған қоса, шағын қалаларда автобус парктері бар, олар қала ішінде немесе жақын маңдағы ауыл-аймаққа адам тасымалдайды. Бұл парктер мемлекеттен жолаушылар легіне субсидия алады, яғни адам тасымалы аз болған сайын бюд­жеттен бөлінетін қаражат көбейеді. Ал InDriver нарыққа кірген соң, қала сыртында тұратындар 3-4 адамнан бірігіп, такси жалдай салатын болды. Сөйтіп қоғамдық көлікке отыратын жолаушылар саны азайды, кейбір автобус парктері жабылып қалды. Ал мемлекет әлі күнге дейін тиімсіз мар­шруттарға қомақты субсидия беріп жатыр. Такси қызметін ұсынатын шетелдік мобильді қосымшалар жо­лаушыларды тасымалдау ережесіне сәйкес жұмыс істемейді. Қауіпсіздік талаптары да сақтал­майды, жүргізуші мен тұтынушы арасында жанжал-төбелес жиіледі, олардың құқығын қорғап жатқан да ешкім жоқ. Үкімет, қала басшылығы бұл жүйені бақылауда ұстауы және біріздендіруі керек», –  дейді Андрей Каминский. Отандық өнім бар, тек мемлекеттен қолдау керек Бүгінде Region қосымшасы бүкіл Қазақстан аумағына қолжетімді болу үшін жетілдіріліп жатыр. Қазір бұл командада 25 тәжірибелі бағдар­ламашы жұмыс істейді. Андрей Ка­минский карта, мекенжай каталогын сатып алуда, қол-қолма ақшасыз есеп айырысу жүйесін енгізуде қиындықтар бар екенін айтады. «Open street map, Map Box, 2GIS сияқты шетелдік компаниялармен серіктестік орнаттық. «Яндекстің» картографиясы мен мекенжай каталогын қолдану қызметін сатып ала алмадық, тым қымбат. Отандық картография жасайтын мекемелер жоқ. Сондай-ақ қолма-қол ақысыз жүйені енгізудің де өз қиындығы бар. Мәселен, жол ақысы компанияның есепшотына түседі делік, ол сомадан қызмет ұсынған мекеме 12% қосым­ша құн салығын және әр жүргізуші үшін 10% жеке табыс салығын тө­лейді. Яғни, жол ақысының 22 па­йызын компания ұстайды, бұл кіш­кентай қала үшін өте қымбат. Елі­міздегі банктерге ұсыныс жасадым, арнайы транзиттік шот ашып беруін сұрадым. Мәселен, Каспи арқылы адамдар бір-біріне ақша аударады, оған еш комиссия ұсталмайды. Жолаушы мен жүргізуші осы жүйенің негізінде есеп айырыса алса деген ұсыныс білдірдім, ешкім келіспеді. Мемлекеттен қолдау керек. Мем­лекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде де жұмыс істей аламыз. Заңсыз жұмыс істеп жатқан шетелдік компанияларды бақылауға алып, дұрыс бәсекелестікті қалыптастыру маңызды», –  дейді ол. Шын мәнінде, такси қызметін ұсыну саласында отандық өнімдер бар. Astana Hub бизнес-бағдар­ла­малар офисі директорының міндетін атқарушы Айгерім Жарқын бұл ба­ғытта жұмыс істеп жатқан стартаптар бар екенін, алайда әр 10 стартаптың біреуі ғана өміршең болатынын айтады. Стартаптардың сәтті жүзеге аспауын оның нарықтағы қажет­тілігінің болмауымен, қаражаттың тапшылығымен, бәсекелестікпен, команданың дұрыс құрылмауымен, бизнес-модельдің болмауымен байланыстырады маман. Әйелдер мен балаларды тасы­мал­­дайтын UvU.kz стартап-жоба­сы­ның жетекшісі Мадияр Төлеуғали да бә­секеге қабілетті қосымша жасау­дың еш қиындығы жоқ екенін айтады. «Біздің ұжымда «Яндекс», Amazon, Facebook компаниясында жұмыс істеген тәжірибелі ІТ-маман­дар жұмыс істейді. Біз де тұтыну­шы­ларға қолайлы қосымша жасай ала­мыз. Алайда халық қауіпсіздік пен қолайлылық үшін ақша төлеуге да­йын емес. Жолаушыға жылдам ке­летін, бағасы арзан такси керек. Осы екеуін қамтамасыз етсең, сұраныс артады. Алайда сапа мен қауіпсіздік мәселесін құрбан етесің, өйткені жүргізуші мейлінше көп тапсырыс алу үшін жылдам жұмыс істеуге тырысады. Жолаушыларда екі таңдау бар: бағасы арзан, сәйкесінше қауіп­сіздігі орташа қызмет немесе қым­баттау, бірақ қауіпсіз сервис. Тұты­нушылардың басым бөлігі алғаш­қысын таңдайтындықтан, масс-мар­кет категориясындағы агрегаторларға сұраныс жоғары. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет жүргізушілер мен жолаушылар үшін субсидия бөлуі керек, бұл – қомақты қаржы», –  дейді Мадияр Төлеуғали.  
Түйін: «Яндекс» карта, мекен­жай каталогы, қол-қолма ақшасыз есеп айырысу жүйесін қолайлы етіп ұсына алғаны үшін сұраныста тұр. Бұл шаруамен айналысатын отандық жо­балардың кеңге құлаш сермей алма­уы­ның себебі –  осы тетіктердің жүйе­сіздігі. Алайда таразының екінші ба­сында халықтың әлеуметтік қорғалуы, қауіпсіздігі, қаржылық ахуалы тұр. Ендеше, өзіміздің өнімді жасау мем­лекеттің ісі болмаса да, өзге елдің ком­панияларын біздегі заңға бағын­дырып, жөнге салу тікелей Үкіметтің шаруасы емес пе?

Айдана НҰРМҰХАН