Үш жылдық бюджет тиімсіз бе?
Үш жылдық бюджет тиімсіз бе?
723
оқылды
Жыл басталғаннан-ақ күшейе түскен халықаралық шиеленісті ахуал осы кезге дейін белгісіздік ту­ды­рып келген еді. Енді бүгінде со­ның еліміз үшін алғашқы айқындалу қа­дамы басталған сияқты. Өйткені ол бюджет қаржы нарығы сияқты фун­даменталды факторларға әсер ете бастады. Мәселен, осы аптада ұзақ жылдардан бері тұрақты болып кел­ген теңге-рубль бағамы ара­сын­да сетінеу басталса, оған қоса жо­ғары мінбеден ел бюджетін бір жыл­дық жоспарлау жүйесіне қайтару ке­рек деген пікір айтыла бастады. Есеп комитетінің есебі не? Парламенттің бірлескен оты­ры­сында Республикалық бюджеттің ат­қарылуын ба­қылау жөніндегі Есеп коми­те­тінің төрағасы Наталья Годунова бюджетті жос­парлаудың бір жылдық жүйесіне қайта кө­шуді ұсынды. Өйткені жобасы бекітілген жағ­дайда да үш жылдық бюджет толықтай қа­лыптастырылып үлгермейді. Себебі үш жыл­ды толықтай қамту қосымша уақытты та­лап етеді. Сон­дықтан да бұл жағдайдан шығу үшін Үкімет жыл ортасында Ұлттық қор­ға қол салуға мәжбүр. Бір сөзбен айт­қан­да, бюджет тәуе­кел­дерін тиімді басқару мүм­кін болмай тұр. «Үш жылдық бюджет дегеніміз кейінгі жылдары формалды дүние болып қалды. Қалыптастырудың өзіне ғана көп уақыт кетеді. Сондықтан да нақтылау және түзету кезінде алғашқы жылы ғана ескеріледі де, қалған екі жылына мән берілмей қалады. Содан келіп, келесі кезеңге бюджет жос­пар­лаған кезде өткен жолы қолдау тапқан шы­ғыстардың бір бөлігі түсіп қалу ықтималдығы жоғарылайды. Салдарынан аяқсыз қалған жобалар, құрылысы бітпей қалған нысандар пайда болады. Біздің ойымызша, бір жылдық бюджет жоспарлау жүйесіне оралу мәселесін көтеретін кез келді. Біз қаржылық-эконо­микалық шешімдердің сабақтастығын қам­тамасыз етіп, бизнес пен инвесторларға қа­былданған міндеттемелердің орында­ла­ты­нына кепілдік бере алуымыз қажет», –  деді Наталья Годунова. Оның айтуынша, бір жылдық бюджеттің пайдасына бірнеше маңызды факторлар бар. Бүгінде әлемдік экономикалық жағдайдың аса құбылмалығы ортамерзімді кезеңді сапалы түрде егжей-тегжейлі жоспарлауға мүмкіндік бермей отыр. Ендеше, қысқамер­зімді жоспарлау конъюнктураның өзгеруіне неғұрлым икемдірек ден қоюға мүмкіндік бермек. Әйтсе де, сарапшылар қауымдастығы бұл ұсынысқа екіұдай күйде қарап отыр. Екі жылдық бюджет тиімді Мамандардың бір тарабы үш жылдық бюджетке көшудің бастамасы әуелгіде еліміз үшін қолайлы болғанын айтады. Өйткені ол әлемдік тәжірибеден алынған. Тек пандемия­дан басталған әлемдік дағдарыс оның тиім­ділігін азайтып отыр. «Мысалы, 2017-2019 жылдардағы бюд­жетте шығыс бөлігін азайтуды, бюджет тап­шылығын жалпы ішкі өнімнің 3, тіпті 2 па­йызына дейін түсіруді, Ұлттық қордан ақша алмауды жоспарлаған едік. Бірақ бір өкініш­тісі, пандемия басталып кетті де, тапшылық та, бюджет шығындары да көбейіп, Ұлттық қорға ауыз сала бастадық. Оның үстіне соңғы екі-үш жылда біздің экономикамыз өспеді. Ал халық саны 1-2 пайызға көбейе түсті. Ай­лықтары да алдын ала уәде етілгендей белгі­ленген цикл бойынша көбейіп жатыр. Сон­дықтан да қаражатты жұмсау жоспарға ба­ғынбай кетті. Оның үстіне, баға да, инфляция да, экспорт-импорттың көлемдері де тез өз­геріп жатыр. Ресейдің мұнайы мен газын еш­кім алмағаннан кейін бағасы шарықтап тұр. Осыған сәйкес Қазақстанның да шы­ғындары өзгерді. Бізде биыл екі рет –  қаңтар айында, сосын сәуір айында индексация болды. Осы жайттар бюджеттің өзгеруіне алып келіп отыр. Оның үстіне, бюджет не­гізіне салынған мұнай бағасы да жиі өзге­ретіндіктен, ел қазынасын қайта есептеу үш жылдық жүйеде күрделілік тудырады. Қысқа жобалауға көшкен дұрыс, бірақ оны бір емес, екі жылдық еткен абзал. Бұл бюджетті оң­тайлы басқаруға мүмкіндік берер еді», –  дейді экономист Сапарбай Жобаев.  Уақытша көшуге болады Ал келесі бір сарапшы үш жылдық бюд­жет экономикада тұрақтылық қалыптасқан шақта және ел қазынасының кіріс бөлігі нақты айқындалған жағдайда ғана өзінің нәтижесін бере алатынын айтады. Бірақ соңғы уақытта оның игерілуі көңіл көншіт­пейді. Көптеген қаражат экономикада жұ­мыс істемей бос қалып жатыр. Бұл өз кезе­гінде қосымша инфляцияның туындауына алып келетін дүние. Сондай-ақ бюджет қа­ра­жатының ретсіз жұмсалуына душар етеді. «Бізге нақты бір қаражат көлемін бөліп, одан нақты нәтиже алу үшін бір жылға жос­парлап, келер жылы соның орындалғанын қадағалайтындай жүйе керек. Сондай тетік арқылы ғана біз ойдағыдай нәтиже ала ала­мыз. Осы реттен алғанда бір жылдық бюд­жет­ке көшкен дұрыс. Мысалы, биылға бюд­жеттен қаржы бөлу туралы жоспарладық па, ке­лесі жылы дәл сол шаруаның қалай атқа­рыл­ғаны туралы есеп беруіміз керек. Екінші реттен, бюджеттен бөлінетін қаражатты қысқартуымыз керек. Бұл әрине өңірлерге, кейбір ведомстволарға ұнамауы мүмкін. Бірақ бұл да бюджетті үнемдеудің, нақты бір нәтижені көрудің бір жолы. Егер де эконо­мика тұрақталып, бюджеттің кіріс бөлігі ай­қындалса, онда қайтадан үш жылдық бюд­жетке көшуге болады. Ал бір жылдық жос­пар­лауға көшу дегеніміз –  ол біздегі бюджет қаражатының талан-таражға салынуының алдын алуға бағытталған бір жол деп есеп­тей­мін», –  дейді экономист Бауыржан Ысқақов. Жоспарлау да, орындау да нашар Ал қаржыгер-экономист Расул Рысмам­бетов бір жылдық бюджетке көшу –  ол ұсыныс емес, нақты орындалатын шешім екенін айтады. Мемлекеттің одан басқа амалы жоқ. Оның тек ішкі ғана емес, сыртқы факторларға да қатысты сүбелі себептері көп. Сарапшы маман әлемдегі экономикада да, елімізде де жағдайдың тым күрделеніп тұрға­нынан іс жүзінде үш жыл тұрмақ, бір жарым жылды жоспарлаудың өзі қиынға соғып тұр деген уәжбен келісіп отыр. Әйтсе де, мәселе жоспарлаудың уақытында ғана емес, атқа­рылу сапасында да жатыр. «Үш жылдық бюджеттің өзінде ұдайы түзетулер енгізіліп жататын. Тіпті, кейде ондаған миллиард теңгеге дейін өзгерістер жасалған кездері болды. Ал ондаған миллиард дегеніміз –  бұл үлкен сома. Осы ретте бізге бір нәрсені мойындау керек. Бюджетті нашар жоспарлау бар, сосын бюджетті нашар орындау бар. Бізде мұның екеуі де кездесіп отыр. Оның үстіне біздің экономикада лоб­бизм өте көп. Мәселен, мемлекеттің бас тарта алмайтынын біліп, жылдың ортасында келіп өзінің ірі-ірі жобаларын тықпалайтын адамдар немесе топтар бар. Біз мұндай «көл­денең көк аттылардың» мүддесінен құты­луымыз керек. Дәл қазір адамдар мен мем­лекеттік әлеу­меттік саладағы артықшылық­тар басты орынға шығуы қажет. Бұл мә­селені шешудің ең бір оңтайлы жолы –  ин­дикативті тұрғыда бір жылдық, ал нақты қа­дағалау жолымен тоқсандық бюджетті жос­парлау. Соның өзінде де бір жылдың ішін­де бюджет екі-үш рет қайта қаралатын бо­ла­ды», –  дейді экономист Расул Ибрагимұлы. Жаңа жүйе келесі жылдан бастап енгізілуі мүмкін. Ендеше, бұл тұста одан бас тартқан кездегі мәселелер қайта оралмай ма деген сұрақ туады. Мәселен, игерілмей қалған ақ­шаны кейін қайтарып, оны қайтадан алудың қиындығы қайта шықпасына кім кепіл? Сол себепті екі жылдық бюджет моделі оңтайлы нұсқа сияқты. Ал бір жылдық жүйеде Ұлттық қор қаражатын орнына қою мәселесі қалай шешілмек? Бұл бөлек мәселе...