Антына адал азамат
Антына адал азамат
933
оқылды
Ауған соғысы туралы айтатын болсақ, сол майдан­ның хас батыры, әскери қайраткер, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевтың есімі ойымызға түсетіні рас. Бақытжан Ертайұлын танымайтын Алаш азаматы кем де кем шығар. Ауған соғысы кезінде ержүрек командир әрі ақылды әскери стратег ретінде көзге түскен-ді. Еліміз тәуелсіздік алған соң оның майдандағы ерлігі үшін еліміздің ең жоғарғы наградасы –  «Халық қаһарманы» атағы берілген болатын. Кейін Парламент Мә­жілісінің депутаты атанып, заң шығару жұмысына белсенді араласты. Мен бүгінгі мақалам арқылы кур­сант­тық етіктің талайын бірге тоздырған тағдырлас до­сым Бақытжанның қалың оқырман көп біле бермейтін азаматтық қырлары туралы сыр шерткім келеді. 1969 жылы тағдырдың жазуымен В.Ленин атындағы Ташкент жалпы­әскери командалық училищеге оқу­ға түстім. Сол жерде алғаш рет Бақытжан Ертайұлымен таныстым. Мен Солтүстік Қазақстан облысы, ол Жамбыл облысынан оқуға кел­ген. Баршаңызға белгілі, бұрын Пуш­киннің тілін жетік меңгерме­сең, қандай да бір жоғары оқу ор­нына түсу қиынның қиыны бола­тын. Ал стратегиялық маңызы бар әс­кери салаға көптеген қара көздер­дің жолы жабық кездер еді. Жергі­лікті ұлттық кадрды әскери салаға тартудың өзіндік шектеуі тағы бар. Бір сөзбен айтқанда, жоғары әскери училищеге екінің бірі түсе бермей­тін. Оған жүзден жүйрік, мыңнан тұл­пар азаматтардың шамасы жете­тін. Бақытжандай ауылдың қара домалақ баласын ешкім құшақ жая күтіп тұрмады. Шынашақтай ұлдың ерік-жігері ғана оны биік межелерге сүйреді. Сәби жасынан әкеден ерте қалған ол өмірдің кермек дәмін жас­тайынан тартты. Оқуын да, үй ша­руасын да бірге алып жүріп ер жетті. Әкесіз өсті демесеңіз, тәрбиесіз өсті деуге болмайды. «Жақсы әке балаға елу жыл азық» дегендей, әкесінің кө­зін көрген ауыл жұртының кіш­кен­тай Бақытжанға деген көзқарасы оң еді. Ауылдың қара құмын басып өскен ер балаға дала ғұламалары атанған өңір ақсақалдары барынша ақылын айтып, кеңесін беріп, жол сілтейтін. Ер Бәукең –  Бауыржан Момышұлы өскен ортадан тәлім алған бала, дала академигі атанған ақсақал абыздардың мектебінен өтті десек, артық айтқандық болмас. Бақытжан бала болса да, үлкен­дердің айтқандарын бойыңа сіңіріп өседі. Өмір секілді телегей мұхитқа қайығы мен ескегін дайындап атта­нады. Өмірде бір Жаратқаннан және өзінің қарым-қабілетінен бас­қа еш нәрсеге сенім артуға болмай­тынын жас та болса түсінеді. Сон­дықтан мектепті аяқтаған тұста бі­лім мен оқуды меңгеріп, шынығып шы­мыр болады. Өзінің еңбексүй­гіштігінің арқасында Жоғары әске­ри оқу орнына түседі. Мен де жал­ғыз әжемнің қолында тәрбиелендім, ол да жалғыз анасының тәрбиесінде өсті. Екеуміз бір-бірімізді сөзсіз түсініп, жақын дос болып кеттік. Курсанттық өмірдің қызығын бір ротада бастадық. Кейін Алматыдағы әскери оқу орнына бірге ауысып, бірге аяқтадық. Оның бойындағы қазақы балаға тән қарапайымдылық, сонымен қатар өжеттік пен батыл­дық әскери ортада жоғары баға­ланады. Сондықтан болар курсант Ертаев та, қаруластарының орта­сында зор беделге ие болды. Екеуміз де оқуды қатар аяқтап, лейтенант әскери шенін алдық. Бұл алғашқы шеніміз еді. Әрине, «генерал болуды арман­дамайтын сарбаз жоқ», оның үстіне біз кадрлық офицерлер едік, сон­дықтан генерал болуды армандау бар­шамызға тән еді, сол себепті ал­дымызға мақсат қойдық. Бақыт­жан және басқа да курстастары­мыздың алдында үлкен әскери өмір­дің есігі ашылды. Үлкен Отаны­мыздың әр түкпіріне тарап кеттік. Генерал болуды армандадық. Алайда бұл сүрлеу соқтықпалы, соқпақсыз жол екенін білген жоқ едік. Дос­тығымызды сақтап, оны осындай күрделі жолдан, уақыттың сынынан сүріндірмей алып өттік. Менің әс­кери қызметім бөлек өрбіді де, Бақытжан Ертайұлының Ауған Де­мократиялық Республикасындағы даңқты әскери жолы басталды. Жалпы, Ауған соғысының та­рихы да, «табиғаты» да өзгеше. Се­бе­бі ондағы әрбір сардар мен сар­баздың елі, туған жері еш алаңсыз өмір ке­шіп, қатар құрбылары аунап-қунап, кейбірі отбасын құрып, той-томалақ жасап жатқан тұста ауған шатқалын асқандар оқ пен оттың, өлім мен өмір­дің арпалысында күн кешті. Менің қурстасым батальонға аға лейтенант шенінде жүріп-ақ коман­дир болды. Бақытжан жас та болса сарбаз­дардың жүрегіне жол тауып, құр­метіне бөленді. Оларды ұрысқа жі­гер­лендірді. Бұл –  тек өзіне сенімді батырларға, қолбасшыларға тән қа­сиет. Батальонды басқаруда жігіт­терді ұдайы жігерлендіріп, рух беріп тұрды. Сонымен қатар ханмен де, қарамен де теңдей сөйлесе алатын қа­сиеті соғыс кезінде де, қиыннан қиыс­тырып жол табуға, жеңіске же­туге сеп болды. Бірде жергілікті тұр­ғындармен әңгіме барысында ау­ғандықтар Бақытжанға «мұ­сыл­мансың ба?» деп сұрақ қояды. Ал Ауғанстанда дінге деген көзқарас баршаңызға жақсы таныс шығар деп ойлаймын. Сол сәтте Бақытжан ақсақалдардың айтқандарын есіне түсіреді. Ауыл ақсақалдары қараси­рақ балаға әртүрлі сұрақ қойып, жауаптарын өздері үйрететін. Со­ның бірі мұсылман екеніңді дәлел­деу үшін «Әшһәду әнләә иләһа иллаллаһ уа әшһаду әннә Мұхаммә­дән ғабдуһу уа расулуһ» деп айт­қызғаны есіне түсіп, соны қайта­лай­ды. Жергілікті ауғандық жұрт совет офицерінің сөзіне иланып, сене бастайды. Сол кезден бастап жауынгерлерге тұтқиылдан жасала­тын күтпеген шабуылдар тоқтайды. Соның арқасында көптеген сарбаз үйлеріне аман-есен оралды. Ал ко­мандир үшін жеке құрамның өмірін сақтап қалу –  бірінші кезектегі міндеті. Өзінің міндетін мінсіз ат­қара білген жас офицер әскер бас­шылығы тарапынан да, тіпті жер­гілікті халық тарапынан де зор құр­метке бөленеді. Ауғандағы то­ғай­дың біріне Бақытжанның есімін берген. Бүгінде «Бақтияр тоғай» ата­латын жердің атауы курстасым­ның құрметіне берілгені тек бірге оқыған біздің ғана емес, бүкіл Алаш жұртының мерейін асырды. 1980 жылы мен М.Фрунзе атын­дағы әскери академияға оқуға түс­тім. Араға екі жыл салып, Бақытжан Ертайұлы да академия қабырғасына келеді. Екеуміз тағы да бір жерде оқимыз. Осыған дейін демалы­с­тар­да кездесуші едік. Мәскеуде тіптен бір-бірімізге қолдау көрсетіп, біте қайнасып кеттік. Ол кезде әскери қызметтің белортасына келген ке­зіміз. Курсанттық кезден жалғасқан достығымыз бар. Енді отбасыла­рымызбен бірге аралас-құралас болдық. Бауырластығымыз нығая түсті. Екеуміз оқуда да, қызметте де бір-бірімізге сеп болуға тырыстық. Оқуды аяқтағаннан кейін екеу­міз тағы да екі жаққа жол тарттық. Ол Германияда полк қолбасшысы лауазымына тағайындалды. Жат жерде де біліктілігі мен тәжіри­бесінің арқасында үлкен беделге ие болды. Кеңес Одағы ыдырағанша шетелде қызмет атқарып, тәуел­сіздігімізді алғанда алғашқылардың бірі болып атақты генерал Сағадат Нұрмағанбетовтің қасынан табыл­ды. Тәуелсіз еліміздің армиясын жа­сақтауға атсалысқан ұлттық кадрымыздың бірі болды. Еліміз еге­мендігін алғаннан кейінгі жыл­да­ры кездесуіміз жиілей түсті. Өйткені еліміздің қорғаныс саласын нығайтуға бірге атсалыстық. Иық тіресе жүріп, Қазақстан әскерінің қалыптасуына септігімізді тигіздік. Курсант кезіміздегі арманымыз бол­ған «генерал» шеніне қол жеткіздік. Бір білетінім, генерал Б.Ертаев өмі­ріндегі жетістіктеріне әскердің бар­лық соқпақтары мен қиындықтарын еңсеру арқылы қол жеткізген ерен еңбек иесі. Ол іс жүзінде нағыз ба­тыр, нағыз командир екенін дә­лелдей алды. Оның қызметтік жо­лы­на көз салсақ, нағыз көшбасшы офицердің тұрпатын танимыз. Әскери мансабымызды аяқтағаннан кейін, 2012 жылы екеуміз де Парла­мент Мәжілісінің депутаты атандық. Саясаттың сахнасында әскери қолбасшы басқа қырынан ашыла түсті. Ең біріші кезекте, ол әскери қызметшілердің әлеуметтік мәсе­лелерін шешуге белсене атсалысты. Өйткені өзі де курсанттан бастап ге­нералға дейінгі жолдан өткен тұл­ға. Сондай-ақ ауғандық және ай­мақтық соғыстар мен қақтығыстар ардагерлерге қатысты заң жобасын жасап шығарды. Соның нәтиже­сін­де, ауғандықтардың көп жылғы мәселелері өзінің шешімін тапты. Курстасыммен қатар жүріп, Пар­ламент қабырғасында ел тағдырына қатысты көптеген заң жобаларын қабылдауға еңбек еттік. Қоғамдық өмірде әртүрлі жағ­дайлар кездеседі. Бірде жиналысқа келіп, үстелдің үстінен секіріп, орын­дыққа отырған сәтім болған. Оны бүкіл жұрт талқыға салды. Сонда мені сынаған әріптестерім де болғанын жасырмаймын. Сол кезде журналистердің бірі Бақытжанға келіп «Депутат Тасболатовтың әлгі әрекетін қалай бағалайсыз?» деген сұ­рақ қояды. Сонда Бақытжан ой­ланбастан «Генералға не істесе де жарасады. Демек, А.Тасболатовтың істегенін дұрыс деп ойлаймын», –  деп өз ойын айтады да, жұмысына кетеді. Кейін маған келіп, «Сен не істедің?» –  деп сұрақ қойды. Мен мән-жайды түсіндірдім. Бір риза бол­ғаным оның маған деген риясыз сенімі, достық пейілі. Өйткені қо­ғамда бұл әрекетім екіұдай қабыл­данды. Тек курсанттық шинелді бірге тоздырған әріптесім ойлан­бас­тан достық қолдауын көрсеткен­дердің бірегейі болды. Мұның бар­лығына біліммен қатар, өмірге құш­тарлық, шексіз адалдық қажет еке­нін білемін. Бақытжан курста­сым­да мұндай энергия жетіп арты­лады. Бүгінгі күннің өзінде еңбек демалысында құр жатпай БАҚ-та өз ойымен бөлісіп жүр. Жастарға ба­ғыт-бағдар беріп, ел­жандылыққа тәрбиелеу ісіне бел­сеңді араласып келеді. Жүрегіндегі жалынды жо­ғалтпаған, жетпіске келсе де жер таянбаған досымның бейнесіне қарап кезінде өзіне жол сілтеген сол баяғы дала ғұлама­ла­рына тән данагөйліктің белгісін байқаймын. Жетпіс жасқа жеткен әскери және мемлекет қайраткері Бақыт­жан Ертаев бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі боларлық тұлға. Оның Отанға деген адалдығы, елі мен жеріне де­ген сүйіспеншілігі, қызметке деген риясыз берілуі және өзінің тума­сынан қалыптасқан азаматтық һәм адами қасиеттерінен үйренетініміз мол. Бүгінгі кейіпкеріміз майданда батыр, қызметте сенімді қарулас, өмір­де адал дос бола білсе, үйінде өнегелі отағасы. «Ер үйдің егесі, әйел үйдің шегесі» демекші, жұбайы Зейнехан Ертаева нағыз офицердің жары ретінде әскери өмірдің барлық қиыншылығын кейіпкерімізбен бірге жүріп, бірге көтерісті. Офи­цер­дің көбі уақы­ты­ның басым бө­лігін жеке құраммен бірге өткізетіні әу бастан белгілі. Сонда үйінде әке­сінің жоғын біл­дірмей, бала-шаға­сын бағып-қағып өсірді. Бүгінгі күні де екеуі ұлағатты ата-әже ретінде жарасымды жұп болып жүр. Алла берген жасты бір­ге жасасын деген достық тілегімді айтқым келеді. Айта кету керек, болашақта Ба­қыт­жан курстасым туралы әлі талай көлемді дүниелер жазылатыны сөзсіз. Мен бүгінгі мақалам арқылы солардың жүзден бірін ғана жет­кіздім. Әлі де елге берері көп, алар асулары алда. Елім дейтін Ертаевтай ерлер аман болғай!

Абай ТАСБОЛАТОВ, генерал-лейтенант