– Бұл – біз үшін үлкен жауапкершілік, өте маңызды оқиға. Неге десеңіздер, қазір елімізде ауқымды реформа басталып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан» атты үлкен стратегиялық жоспармен өзгерістерді бастады. Осы айдың басында елімізде референдум өтті. Қазір Конституциямыз түбегейлі өзгерді. Біз өз еліміздің жаңа бір кезеңіне көшіп отырмыз. Сондықтан халқымыздың тарихы, ішкі идеологиясы және тарихымыздың жаңадан құрылып, жаңаша сөйлеуі өте маңызды, – деді Саясат Нұрбек.Тарихи жиынға Түркі мемлекеттер ұйымының Бас хатшысы Бағдат Әмреев, Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі, Әзербайжан Республикасының Білім министрі Эмин Амруллаев, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов және Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек, Қырғыз Республикасының Білім және ғылым министрі Алмазбек Бейшеналиев, Әзербайжан, Қырғыз Республикасының, Мажарстан, Өзбекстан елдерінің Қазақстандағы елшілері мен Түркия елшілігінің өкілдері қатысты. Ортақ тарих – ортақ оқулық Сондай-ақ ғылыми кеңесте түркі әлемінің ортақ оқулықтары, атап айтқанда «Ортақ түрк тарихы», «Ортақ түрк әдебиеті» және «Түркі әлемі географиясы» оқулықтары бойынша атқарылған жұмыс қорытындыланды. Бауырлас елдер арасындағы білім саласы бойынша ынтымақтастықты арттыруға бағытталған оқулықтар түркі елдері мемлекет басшыларының қатысуымен өткен саммитте берілген тапсырмаға сәйкес басталған еді.
Бұған дейін оқулықтар Қазақстан, Әзербайжан, Түркия елдерінде факультатив пән ретінде оқытылып келген. Енді Қырғыз Республикасы да мақұлдап, бұл үдеріске қосылды. Оқулықты оқушыларға насихаттау, бағдарламасын жетілдіру мәселелерін Білім министрлері мойнына алады. Әр елдің оқу бағдарламасына қарай бұл пәндер арнайы пән ретінде бекітіліп, 7-8-сыныптарда оқытылады. Оқулықтардың тілі жеңіл, әртүрлі картамен және суреттермен безендірілген. Академия басшысы Дархан Қыдырәлінің айтуынша, бұл жоба бірнеше жылдан бері қолға алынған. Келешекте Түркі академиясы ортақ пәндер аясында мектеп оқушылары үшін халықаралық олимпиадалар өткізуді де жоспарлап отыр. Сонымен қатар жалпы халыққа, жоғары оқу орындарына арналған түркі әлемі жайлы кітаптар мен энциклопедия дайындалып жатыр.– Уақыт өткен сайын түркі елдері арасындағы ынтымақтастық артып келеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев түркі елдерінің Ыстанбұлда өткен кездесуінде айтқандай, түркі әлемінің геосаяси әлеуетін дұрыс қолдануымыз керек. Осы мақсатта түркі елдері арасындағы білім және ғылым саласының интеграциясы аса маңызды. Осы шеңберде Халықаралық Түркі академиясы бірқатар жұмыс атқарды. Үш жыл бойы Білім және ғылым министрі ретінде осы бастамаларды қолдап келемін. Алдағы уақытта Оқу-ағарту министрлігінде де бұл жобалар жалғасын табады, – деді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.
– Бұл басқосу Түркі академиясына мүше мемлекеттердің тарихи жиыны деп айтуға болады. Өйткені бірнеше маңызды шешім қабылданды. Ең бастысы, төрағалық Қазақстанға өтті, екіншісі – бақылаушы мемлекет ретінде Өзбекстан алғаш рет қатысты. Үшіншісі – Түркі академиясының мерейтойлық кестесі мен жұмыс жоспары бекітілді. Осы мақсатта біз ғылыми жобаларымыздың аясын кеңейтеміз. Әзербайжан тарапының ұсынысы бойынша бүкіл түркі әлеміндегі ғылым-білім саласындағы ынтымақтастықты бір салада жүргізу. Яғни, Түркі академиясының мектеп пен университеттен Ғылым академиясына, ғылыми зерттеу орталықтарына дейінгі зерттеу жұмыстарын үйлестіру. Негізгі жаңалықтардың бірі – ортақ оқулықтарымыздың мақұлдануы,– деді Дархан Қыдырәлі.Ежелгі түркі халықтарының XV ғасырға дейінгі тарихын қамтитын «Ортақ түркі тарихы» оқулығы 7 бөлімнен тұрады. Онда түбі бір түркі халықтарының егжей-тегжейлі тарихы баяндалған. Ал «Түркі әлемі географиясы» атты оқулықтың мазмұны жалпы түркі әлемінің географиялық бейнесін қалыптастыруға, түркілердің географиялық түсініктері мен идеяларын зерттеуге, сондай-ақ тәуелсіз түркі елдерінің географиясын зерделеуге бағытталған. «Ортақ түрк әдебиеті» оқулығы оқушыларға түркі әдебиетінің ерте кезеңінен бастап қазіргі ұлттық әдебиеттері негізінде ортақ түркі әдебиеті мен ортақ мәдени құндылықтар туралы түсінік беруге арналған.
– Халықаралық Түркі академиясы жұмысының көпсалалы болғанына ризамыз. Әсіресе, түркі әлеміне ортақ оқулықтардың дайындалғаны құптарлық. «Ортақ түрк тарихы», «Ортақ түрк әдебиеті» және «Түркі әлемі географиясы» оқулықтарын әзірлеуге біздің елдің сарапшылары да белсене атсалысты. 2019 жылдан бастап осы оқулықтар Әзербайжандағы 151 мектепте факультатив пән ретінде 8-сыныптарда оқытылады. Әр оқу жылында 14 мыңнан астам оқушы түркі әлемінің ортақ тарихын меңгеріп жатыр, – дейді Әзербайжан Республикасының Білім министрі Эмин Амруллаев.Жиын барысында бауырлас елдер бірауыздан келесі жылы Түркі академиясының ғылыми кеңесінің VI отырысын Қырғыз Республикасында өткізетін болып шешті. Сонымен қатар Өзбекстан республикасының Халықаралық ұйымға ресми түрде бақылаушы мәртебесіне ие болуына орай, елордадағы академия ғимараты алдында Өзбекстанның мемлекеттік туы салтанатты түрде көтерілді. Ұлт ұстазын ұлықтады Дәл осы күні Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған конференция Назарбаев университетінде өтіп, Халықаралық Түркі академиясы әзірлеген «Түркістан – түрк елі» энциклопедиясы, «Түркі әлемінің тұғырлы тұлғалары» және «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» кітаптарының тұсауы кесілді. «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» кітабы қазақ және ағылшын тілінде жарық көрді. Аталған жинаққа Ахаңның 50 жасқа толған мерейтойында жасалған тарихи баяндамалар мен замандастарының, ізбасарлары мен бүгінгі буын зерттеушілерінің мазмұнды мақалалары топтастырылған. Ал «Түркістан – Түрк елі» екі томдық энциклопедиясы түркі әлемінің аса кең мағынаға, тамырлы тарихқа ие атажұрты Түркістан ұғымына, түркі өркениеті мен халықтарының құндылықтарына, сонымен бірге түркі әлемінің киелі бесігі көне Түркістан қаласына арналған. «Түрк әлемінің тұғырлы тұлғалары» атты ғылыми-танымдық жинаққа ежелгі заманнан ортағасыр кезеңіне дейінгі түркі өркениеті мен тарихында айрықша із қалдырған тегеурінді тұлғалардың қызметі мен тұлғалық қырын айшықтайтын ғұмырнамалық деректер енген. Жинақ үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде, ежелгі заманнан XIII ғасырға дейін, екінші бөлімде XIII ғасырдан XIX ғасырға дейін, үшінші бөлімде XIX-XX ғасырлардағы тұлғаларға арналған. Айта кету керек, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтуде. Осыған орай Халықаралық Түркі академиясы биыл түркі әлемі кеңістігінде әйгілі түрколог, Алаш қайраткері А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өту туралы шешім қабылдады.