«Парламент сөзі» сыйлығын табыстады
«Парламент сөзі» сыйлығын табыстады
479
оқылды
Мәжіліс журналистерге арналған «Парламент сөзі» сый­лы­ғының қорытындысын жариялап, арнаулы аталым­дар бойынша жеңім­паздарды марапаттады. Құрамында Мәжіліс депутат­тары мен мемлекеттік органдар өкілдері кіре­тін комиссия шешімі бойынша осы жылы жеңімпаздар жеті аталым бойынша сайысқа түсті. Биыл пар­ла­мент­тік сыйлық алтыншы рет тап­сы­ры­лып отыр. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қоша­нов «Парламент сөзі» сыйлы­ғының жеңімпаздары, сондай-ақ барша бұ­қаралық ақпарат құрал­дары өкіл­де­рін кәсіби мерекемен құттықтап, бү­гінде Мәжіліс жұмы­сы ашықтыққа негізделгенін атап өтті.
– Президент бастаған Жаңа Қа­зақ­­станның басты принципі де – ашық­тық. Біз оны жақсы түсіне­міз. Ал ашықтық пен жариялылық­тың не­гізі ол, әрине – бұқаралық ақпарат құ­рал­дары. Халық пен би­лік ара­сын­дағы көпір сіздерсіз­дер. Бұл – жауап­кершілігі мол, бірақ абыройлы мін­дет, – деді Палата Спикері.
Іс-шарада «Үздік баспа жа­рия­ла­ны­мы үшін» номинациясын «Егемен Қазақстан» газетінің тіл­шісі Абай Отар, «Время» газетінің тілшісі Тоғ­жан Ғани, «Үздік теле­визиялық сю­жет үшін» номинация­сын Аstana те­леарнасының тіл­шісі Яна Гладкова, «Хабар 24» теле­арнасынан Назерке Сұлтан­құлова иеленді. Ал «Үздік бейне-сурет мате­риалы үшін» номинациясы Qazaqstan телеарнасынан Советхан Жағиевқа, Informburo.kz мульти­медиялық, ақ­­параттық-сараптама­лық порта­лы­ның фотографы Герард Ставрианиди­ге табысталды. Сонымен қатар «Үздік интернет және радио материалы үшін» номи­на­­циясын Tengrinews.kz ин­ернет ре­сурсының тілшісі Мейірім Сма­йыл, «Қазақ ради­олары» ЖШС-ның «Парламент сағаты» бағдар­лама­сы­ның авторы әрі жүргізушісі Алмас Байдрах­манов, Baq.kz ақпараттық агент­тігінен Ержан Жаубай ие­ленді. «Арнайы репортаж» номи­нация­сы бойынша «Еуразия» бірінші арна­сынан Гульфариза Рамазанова, «Азат­тық рухы» ақпараттық агент­тігінің тіл­шісі Гринько Крис­тина, Қазақстан Президенті Телерадиоке­­ше­нінің ре­жис­сері Сәуле Көмек­баева мара­пат­талды. «Парламенттік журналистика­ны дамытуға қосқан үлесі үшін» номи­на­циясы «Айқын» газетінің бас ре­дак­торы Аманкелді Құрмет­ке, «ТДК – 42» арнасынан Әселім Әбілдиноваға берілді. Сондай-ақ «Парламент сөзі» ар­найы сыйлығы номинациясы «Қаз­Ақпарат» халықаралық ақ­парат агент­тігі мен «31 арнаға» та­быс­талды. Жеңімпаздар номинация атауы мен аты-жөндері жазылған мүсін­ше­мен және арнайы дипломмен мара­пат­талды. Айта кету керек, «Пар­ла­мент сөзі» сыйлығының иегер­леріне арналған мүсіншенің дизайны өзгертілді. Жаңа мүсін мөлдір әйнектен жасал­ған. Бұл Мәжілістің ашықтығын жә­­не мұнда қабыл­данатын барлық ше­­шімнің жариялылығын білдіре­ді. Журналистерге арналған «Пар­ламент сөзі» сыйлығында 2016 жыл­дан бері 69 лауреаттың есімі анық­тал­ды. Биыл 7 номинация бойынша тағы 16 жеңімпаз марапатталды.