«Парасат» байқауының жеңімпаздары
«Парасат» байқауының жеңімпаздары
597
оқылды
Сенатта журналистер арасындағы «Пара­сат» байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. БАҚ өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтаған Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының реформаларын және «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жолындағы сенаторлардың жұмысына тоқталды. Бұл бағытта палатаның ақпараттық ашықтығына баса мән беріледі. «Сенат жұмысында қызметіміздің ашықтығына және БАҚ өкілдерімен тығыз байланысқа әрдайым ерекше көңіл бөлеміз. Бұл – біз үшін маңызды бағыт. Біз Сенаттың заң шығару қызметін халыққа жан-жақты жеткізуге мүдделіміз», – деді Мәулен Әшімбаев. Сенат Спикері депутаттар қабылданатын заңдардың сапасына терең мән беретінін айтты. Сондай-ақ олар азаматтарды алаңдатқан мәселелерді үнемі көтеріп келеді. Осы жұмыстарды жұртқа жеткізу үшін Сенат дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарымен және масс-медиамен бірлесіп жұмыс істеуді жалғастыра береді. Сонымен қатар палата Төрағасы Сенаттың заң шы­ғару қызметін халыққа дәріптеп жүрген журналис­тердің парламенттік пулын, еліміздегі телеарна, радио, баспасөз редакцияларына алғыс білдірді. Айта кетейік, биыл «Парасат» байқауына 100-ден астам жұмыс келіп түсті. Авторлардың қатарында елордамызбен бірге өңірлердегі телеарна, радио, газет, ақпараттық портал және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері бар. Үздіктер қатарында Дастан Сейілханұлы («Хабар 24» телеарнасы) және Яна Гладкова (Astana TV телеарнасы), Абай Отар (Egemen Qazaqstan газеті) және «Рудный Алтай» Шығыс Қазақстан облыстық газетінің ұжымы бар. Сондай-ақ интернет басылымдардағы үздік материал – Айнұр Мұхади (Stan.kz ақпараттық порталы) және Серікжан Мәулетбай («БЕСсимптомно» Telegram каналы); Әлеуметтік желілердегі үздік материал – Ербол Сейілхан («Сұрауы бар» YouTube арнасы) және Марат Шибутов (қоғам қайраткері); «Жаңа Қазақстан» арнайы жүлдесі – үздік сараптамалық материал – Жалғас Алтаев (Qazaqstan ұлттық телеарнасы) және «Грани» телевизиялық бағдарламасы («Евразия» бірінші арнасы); «Парламенттік журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» арнайы жүлдесі – Tengrinews.kz ақпараттық порталының ұжымы және Лаура Түсіпбекова («Казахстанская правда» газеті) ие болды.