Кейде тұрмыста зорлық-зомбылық көрген әйелдердің барар жері, басар тауы болмағандықтан ғана амалсыз тиран күйеулерімен бірге тұруға мәжбүр. Бүгінде өңірлерде осындай шарасыз күйге түскен қыз-келіншектер мен олардың балаларына көмек көрсетіп, бас сауғалар уақытша мекен ұсынатын арнайы орталықтар ашылып жатыр. Бұл жайлы «AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша республикалық қоғамдық кеңестің отырысында талқыланды.
«AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Динара Зәкиеваның айтуынша, партияның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа – лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасында 2025 жылға дейін барлық өңірде отбасын қолдау, отбасылық кикілжіңдерді шешу және әйелдер мен балаларды уақытша панамен қамтамасыз етумен айналысатын 234 орталық ашылады деп жоспарланған. Соның 45-і биыл ашылады.
– Мемлекет басшысы әйелдер мен балаларға кешенді көмек көрсететін осындай орталықтар ашудың маңызын атап өтті. Мұндай орталықтар әлеуметтік ахуалдың дұрысталып, азаматтардың қиын жағдайлардан шығуында үлкен мәнге ие, осылайша тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алатын тиімді құрал болып отыр, – деп түсіндірді ол.
Қазір қазақстандық отбасылардың жартысына жуығы қолдауға зәру: 1 145 100 отбасы – дағдарыс жағдайында, 1 592 600 отбасы – экстремал жағдайда, 910 100 отбасы қанағаттанарлықсыз жағдайда өмір сүріп жатыр.
Кеңес төрағасы жоғарыдағы санаттарға жататын барлық отбасына кешенді көмек, әлеуметтік оңалту және ақпараттандыру жолында қолдау керек екенін, сондықтан арнайы орталықтар әрбір ауданда қолжетімді болуға тиіс екенін, олар жұмысқа орналастыру, құжат жасау және АӘК алуда көмек көрсетуі қажеттігін жеткізді. ІІМ дерегіне сүйенсек, тұрмыстағы зорлық-зомбылық фактілерінің 60 пайыздан астамы әл-ауқаттың төмендігіне байланысты.
– Сол себепті осы орталықтарда отбасылық кикілжіңдерді шешуге ықпалдасу, психологиялық, құқықтық көмек көрсету, уақытша баспанаға орналастыру қарастырылған. Тәжірибе көрсеткендей, уақытылы көмек көрсету отбасын дағдарыстан шығарып, зорлық-зомбылықтың тоқтауына септеседі, – деді Динара Зәкиева.
Ресми деректер бойынша, соңғы жылдары 2015-2017 жылдармен салыстырғанда отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалатын қылмыстық істер 2,1 есе көбейген. Оған қоса, әкімшілік құқықбұзушылықтар саны да өскен.
– Әрине, бұл көрсеткіштерге қарап, арнайы органдарға жүгінетіндер саны да артқанын байқауға болады. Бірақ соған қарамастан, бұл бізде проблеманың бар екенін көрсетіп тұр. Бізде жылына 78 мыңға жуық қорғау нұсқамасы шығарылады, шамамен 10 мың құқықбұзушының тәртібіне қатысты ерекше талаптар бекітіледі, – деп нақтылады кеңес төрағасы.
ІІМ ақпараты бойынша, 2021 жылы отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 53 334, яғни күніне 146 әкімшілік құқықбұзушылық жасалған, 81 мың, яғни күніне 221 қорғау нұсқамасы шығарылған. Биыл полиция қызметкерлері 26 мыңнан аса қорғау нұсқамасын шығарды. Өткен жылы полиция органдары 7 мыңнан аса әйелді, яғни күніне 19 әйелді дағдарыс орталықтарына жіберген. Осы жылдың өзінде полицейлер қиын жағдайға тап болған 2 700-ден аса әйелді дағдарыс орталығына бағыттады. Онда да бұлар – полицияға жүгінуге батылы жеткендері ғана.
– Бұл көрсеткіштер отбасын қолдау орталықтарының қаншалықты сұранысқа ие екенін көрсетеді. Бірақ кейбір өңірлердің неге мұндай орталықтарды қажетсінбейтіні түсініксіз. Олардың әрбір ауданда болғаны неліктен маңызды? Ауылдық жерде тұратын әйелдердің 4-5 сағаттық қашықтықтағы облыс орталығына баруы үшін қаржылық та, физикалық та мүмкіндігі жоқ, полицияға жүгінуге де қорқады, оған қоса көмек сұрап қайда жүгінуге болатынын білмейді, яғни мұндай мәселе жөнінде ақпараттанбаған. Орталық жақын болған сайын соғұрлым уақытылы көмек көрсету мүмкіндігі де жоғары болады, – деді ол.
Атап айтсақ, отбасын қолдау орталықтарын ашуды Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары қажетсінбей отыр. Динара Зәкиеваның пікірінше, жергілікті биліктің осындай позициясы түсінбестік туғызады.
Отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар үшін нақты ұсыныстар әзірленді: мұндай орталықтар ашу жоспарланбаған облыстарда оны құру қажеттілігі мәселесі мұқият тексерілуі керек. Сондай-ақ Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Абай, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында ашылатын орталықтар уақытша тұруға арналған төсек-орынмен жабдықталуға тиіс. Одан бөлек, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы ісі жөніндегі комитетті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқаруына беру мүмкіндігін қарастыруы қажет.