Тіл туралы талқы
Тіл туралы талқы
814
оқылды
Кеше Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Жаңа Қазақстандағы тіл білімі және сөзжасам мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Басқосуға отандық және шетелдік филолог ғалымдар, мемлекет қайраткерлері мен оқытушылар қатысты. Алғашқы болып сөз алған оқу ордасының ректоры Ерлан Сыдықов заман ағымына сай қолданыстағы тіл нормаларының өзгеріске ұшырап, үнемі дамитынын атап өтті.
Тіл – тірі организм. Оны дамытып отыру керек. Қазақ тілі – әлемдегі ең бай тілдердің бірі. Тілдің дамуымен бірге тарихи сана, рухани ой да алға басады. Уақыт өте келе қазақ тілі әлем тілдерінің біріне айналады деп үміттенемін,–деді Ерлан Сыдықов. Ал профессор Шерубай Құрманбай­ұлының айтуынша, қазақ тілінің лексикалық қорында 361 мың термин бар. Ол термин­ологиялық қордың лексикалық қордан екі есе көп екеніне назар аударды. «Ғалымдардың айтуынша, тілімізге енгізілген жаңа сөздердің 82 пайызын терминдер құрайды», –деді ол.
Бұл ретте профессор Анар Салқынбай сөзжасам ғылымын зерттеу қажет екеніне тоқталды.
– Қазақ тілін дамыту үшін сөзжасам ғылымын зерттеу керек. Бұл саланы Кеңес кезеңінде зерттеуге рұқсат етілмеді. Егер түркі халықтары сөзжасам ғылымын зерттеуді 40-50-жылдары бастаған болса, біздің ғалымдар олардан 40 жылға артта қалды,– деп атап өтті Анар Салқынбай.
Форум барысында Ұлттық ғылым академиясының мүшелері З.Базарбаева, Е. Қажыбек, Қ.Құрманалиев, еліміздің жетекші ғалымдары А.Салқынбай, Ж.Балтабаева,Б.Қасым, Б.Момынова, Ж.Сүлейменова,Т.Ермекова, Қ.Есенова тіл білімінің қазіргі жағдайы мен болашақ зерттеулердің бағыт­тары, сондай-ақ қазақ тіліндегі сөзжасам туралы баяндамалар жасады. Конференция аясында 60 жылдық мерей­тойын атап өткен академик Кәрімбек Құрман­әлиевтің «Қазақ тіліндегі сөзжасам­дық ұя: теория және практика» атты кітабы­ның тұсаукесері өтті.