Журналистикаға қызығатындар көп, бірақ бұл саланы өмірлік серік еткендері аз. Өйткені журналист ақпарат тарату үшін күні-түні тыным таппай, қоғамда болып жатқан түрлі оқиғаның ортасынан табылады. Шерхан Мұртазаша айтсақ, «Журналистің жегені – жантақ, арқалағаны – алтын». Солай болса да ақпарат саласы қызметкерлерінің еңбегі көп жағдайда ескерусіз қалатындай. БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесіне орай Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанмен әңгімелестік. – Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңға өзгеріс енгізілетіні мәлім. Жалпы, БАҚ туралы заңды қай жағынан қарау керек? – Қазір БАҚ туралы заң талқыланып жатыр. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дайындап, жылдың соңына дейін бекітіледі. Бұл мәселені Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында көтерген болатын. Журналистердің ақпарат таратудағы әділеттілігіне, демократиялық ұстанымды сақтауына, журналистердің құқығын аяқасты етпеуге тиісті нормаларды енгізу керек. Қазір қоғамда блогер деген ұғым пайда болып, елдің тағдыры үшін жан ауыртып, адал ақпарат таратып жүрген журналистердің еңбегі тасада қалып жатыр. Сондықтан заңға енгізілетін өзгерістер телевизия мен радиодағы, газет-журнал мен электронды БАҚ-тағы журналистердің құқығын реттейді. Жалпы, журналистердің ақпарат таратудағы құқығы шектелмеуі тиіс. Бұл заң жобасы Мәжіліске жеткенше, қоғам тарапынан таразыланып, ұсыныс-тілектер ескеріліп барып қабылданады. Сондықтан жаңа өзгерістерден кейін БАҚ туралы заң журналистердің жұмыс істеу құқығын қамтамасыз ететін болады. – «Журналистерге арнайы мәртебе беру» туралы ойлар жиі айтылып жүр. Бұл пікірге келісесіз бе? Егер заңға өзгерістер енетін болса, журналистер әлеуметтік мәртебеге ие бола ма? – Бұл мәселе Парламентте бірнеше рет қозғалды. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнан бөлек журналистердің әлеуметтік мәртебесін де айқындау керек. Еліміздің саяси үгіт-насихат жұмыстарында алдыңғы шепте жүрген топ болса да, журналистер мемлекеттік бағдарламалардан шет қалып келеді. Сондықтан мен журналистердің қауіпсіздігі үшін әлеуметтік мәртебесін айқындау керек деп санаймын. Журналистік қызмет не мемлекеттік салаға, не әлеуметтік жағдайын реттейтін топқа жатпайды. Сол себепті де шығар, журналистикада табандап 10-20 жыл жұмыс істейтін мамандар үйсіз-күйсіз жүр. Олар басын бәйгеге тігіп, оқиға болып жатқан түрлі жерге барып ақпарат таратады. Қоғамда «журналистиканы басқа кәсіптерден ерекшелеудің қажеті жоқ» деген пікір қалыптасып қалған. Менің ойымша, бұл – қате пікір. Әлемдік тәжірибеде журналистердің мәртебесін реттегендер бар. Сондықтан дәл осы сәттерде билік тарапынан журналиске арнайы мәртебе беру керек. Өйткені күні кеше Ұлытаудағы құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев блогерлер мен кәсіби журналистердің арасын ажырату қажет деген ойын жеткізді. Шыны керек, қазір журналистердің қызметіне бәрі келіп араласып жатыр. Сол себепті нақты осы салада білім алған, ақпараттық кеңістікте жұмыс істеп жүрген кәсіби журналистерге арнайы мәртебе керек. – Өзіңіз айтқандай, көптеген мемлекеттік құрылымдар ақпарат тарату үшін блогерлерді жиі пайдаланады. Бұл журналистиканың беделін түсірмей ме? – Иә, бұл – қоғамда бар құбылыс. Әсіресе, атқарушы билік, жергілікті әкімшіліктер көп жағдайда 30 мыңдаған тиражы бар басылымдардың емес, әлеуметтік желідегі ақпараттың жетегінде кетіп жатыр. Блогерлердің бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпын. Әлеуметтік теңсіздіктер үшін, руханият үшін күресіп жүрген блогерлер бар. Ал көп жағдайда жеке бастың мүддесі үшін мемлекеттік органдарды қорқытып, солардың атына деректер жинап жүргендер де жоқ емес. Мұндай блогерлер еріксіз шенеуніктерді өздерімен санасуға ықпал етті. Шенеуніктер де «Блогерлер не жазды?» деп аңдып отыратын болды. Газет-журналдарда қаншама сараптамалық материалдар мен теле-радиоларда сындар айтылып жатса да, шенеуліктер оған қалт етпейді. Сондықтан кәсіби журналистика мен блогерлердің арасын ажырату керек. Ашығын айтсақ, қазір қолына смартфон ұстаған әртіс те, таксист те, сатушы да блогер. Олар ақпарат таратушы тұлғаға айналып кетті. Осы орайда БАҚ туралы заңда осы мәселе де реттелу керек. Бұлай жалғаса беретін болса, соңы жақсылыққа әкелмейді. Биліктің түрлі баспалдақтарында қызмет етіп жүрген азаматтар ақпарат тарату үшін блогерлерге емес, кәсіби журналистерге жүгіну керек. – Бүгінгі журналистикадағы тағы бір өзекті мәселе – көптеген аудандық газеттердің жекеменшікке өтіп кеткені. Аймақтағы журналистикаға қандай баға бересіз? – Өңірді журналист ретінде де, депутат ретінде де жиі аралаймын. Аймақтағы ақпарат құралдарының көңілге қаяу салатын тұстары бар. Бұрын өңірлік газеттер әкімшіліктің құрылтайшылығымен шығатын. Қазір жекелеген қолдарға өтті. Бұл мемлекеттің қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін. Мысалы, ертең өңірлік басылымдар өзге ағымдағы діни топтар мен түрлі саяси көзқарастағы топтардың қолына түсуі мүмкін. Ал ақпарат – қоғамда пікір қалыптастыратын идеологиялық қару. Сондықтан өңірлік ақпарат құралдары мемлекеттің бақылауында болуы керек. Дегенмен аймақтық журналистиканы әлсіз деп айта алмаймыз. Әр өңірде журналистика өзінше дамып келеді. Кешегі БАҚ өкілдері арасындағы «Amanat» байқауында осыған куә болдық. – Әңгімеңізге рақмет!