Жанарбек Әшімжан: Үш мәселені бөле-жара атауға болады
Жанарбек Әшімжан: Үш мәселені бөле-жара атауға болады
590
оқылды
– Кешегі «AMANAT» партиясының Құрылтайындағы үш мәселені айрықша атап айтқым келеді. Бірінші, ADAL партиясының билеуші партияға қосылуы. Бұл – еліміздің партиялық-саяси жүйесінде ауқымды өзгерістер байқала бастағанын көрсетеді. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында билік институттарын күрделі қайта құрылымдау мен теңгерімдеу бағытындағы үдерісті ерекше атап өткен болатын. Партиялық заңнаманы өзгерту бойынша ұсынылған бастамалар партиялық құрылымның тамырына қан жүгірте бастады. Осының айқын көрінісін «ADAL» партиясы саяси кеңесінің «AMANAT» партиясына қосылу туралы шешім қабылдауынан көруге болады. Бүгінгі жаһандық экономикалық және геосаяси дағдарыс жағдайында ел Президентінің саяси реформаларды жүзеге асыруы бұрынғыдан да өзекті екені уақыттың өзі дәлелдеп берді. «ADAL» партиясы 2020 жылы ребрендингтен кейін жұмысын қайта құрылымдау арқылы айтарлықтай күшейді. Мысалы, партияның «Скрининг» сияқты қызықты жо­­­­баларына назар аударуға болады. Жоба аясында үй шаруашылықтары мен кәсіпкерлер тексерілді, «Отбасылардың цифрлық төлқұжаты» қалыптасты, партиядан сайланған ауыл әкімдерінің жұмысын әдістемелік қолдау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Демек, «AMANAT» партиясының жұмысы модернизациялау мен трансформация­лауда жаңа сапаға көтеріледі деген сөз. Екінші – Мемлекет басшысының «AMANAT» партиясынан шығатынын ресми түрде мәлімдеуі. Жалпы, ашық қо­ғам қалыптастыруға қадам бас­қан елдерде саяси күштерге тең жағдай жасалу керек. Әкім­шілік ресурстар мен ақпараттық жүйе теңгерімді жұмыс жүргізу үшін, халықтың таңдау жасауына жағдай туғызу үшін Мемлекет басшысының партияларға деген ықпалы маңызды. Осы орайда «саяси таразының» бір жағы басып кетпеуін қамтамасыз ету маңызды және саяси мәдениеттің негізгі көрсеткіші. Үшінші – «AMANAT» партиясына жаңа Төраға болып Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың саялануы. Өте ашық және мәдениетті адам. Әрине, Мемлекет басшысы ұстамды және ұтымды ұсыныс жасады. Ерлан Жақанұлының қатардағы жұмысшыдан бастап орта және жоғары деңгейдегі лауазымдарды абыроймен атқарғаны тәжірибелі тұлға екенін көрсетеді. Мырыш сапырып, мыс қайнатқан, кен қазған еңбекшілердің қадірін біледі. Көмірлі өңірдегі әкімдік қызметінде халықтың белортасында жүріп, мәселені іштен көріп және шешу жолдарын қарастырған. Ал Президент Әкімшілігінің жетекшісі лауазымында болғанда мемлекеттің басқару жүйесінің күнгейі мен теріскейін қатар сезінген азамат. Мәжіліс спикері ретінде түрлі бюрократиялық барьерлердің тамырына балта шауып, ел-халыққа тиімді заңдар қабылдаудағы ерік-жігерін сәт сайын сезініп те, көріп те жүрміз. Демек, саяси ұйымның жетекшісі ретінде де қоғамдық өзгерістер мен саяси реформалардың жүзеге асуына ықпал ететіні даусыз.