Елімізде ғылыми журналистика бағытында қалам тербейтін басылымдар саусақпен санарлық. Бұқаралық ақпарат құралдары отандық ғылымның жаңалығын бөлісіп отырады. Алайда телеарнада, мерзімді басылымдарда жарияланатын контенттің басым бөлігі – ақпарат, ары кетсе, бөлек айдармен берілетін бірді-екілі мақала немесе ғалыммен сұхбат. Кезіндегі «Зерде» журналы сияқты республикаға тарайтын, ұстанар бағыты жағынан ғылыми-көпшілік басылым жоқтың қасы. Неліктен? «Зерде» журналы (1960 жылы «Білім және еңбек» деген атпен шықты, ол кезде белгілі публицист, қаламгер Камал Смаилов редакторлық етті) химия, астрономия, тарих, техникалық ғылымдар бойынша әртүрлі мәселелерді көтереді. «Ғылым», «Мирас», «Тарих», «Оқырман хаттары», «Ғарыш», «Жаңалық», «Естімеген елде көп» сияқты қызықты айдарлары болды. Бүгінде ғылымның түрлі саласын қамтитын, қамтып қана қоймай, мәселе көтеретін, қызықты контент ұсынатын басылымдар кемде-кем. 2016 жылдан бері оқырманға жол тартып, ғылыми-танымдық бағытта эксклюзивті контент ұсынып жүрген National Geographic Qazaqstan журналы бар. Жылына 12 рет қазақ тілінде шығатын басылымның таралымы – 5 мың дана. Бұдан өзге, Oyla атты оқушылар мен ата-аналарға арналған қазақстандық тұңғыш ғылыми-көпшілік журнал болды, жеті жыл ішінде 79 нөмір ұсынды. Әлемнің 15 елінде 6 тілде шығарылған журнал биыл наурыз айында жабылды. Бір қызығы, ғылым саласына жазатындар бұл тақырыпқа оқырман тарапынан қызығушылық жоғары екенін алға тартады. Oyla журналының қоштасу жазбасында: «Қазақтың OYLA сөзін дүниежүзіндегі 300 мыңнан астам оқырман білді. Біздің журнал еліміздің пайдалы қазбаларды ғана емес, зияткерлік өнімдерді де экспорттай алатынының үлгісіне айналды. Бізді ойлағанымыз іске аспайды деп сендірген. Нарық, қажеттілік, оқырман жоқ, интернетте бәрі бар, жеткізу және басып шығарудың құны қымбат, әлем деңгейіндегі бәсекелестер бар және тағы басқа. Бірақ біз жетістікке жеттік. OYLA – журнал ғана емес. Біз ғылымға құштар жандарды байланыстыратын кеңістік құрдық. Көп екенімізге көзіміз жетті: Лондоннан Таразға, Алматыдан Сеулге, Нью-Йорктен Канберраға дейін. Ғылым туралы қазақ тілінде жазғанымызды мақтан тұтамыз», – деп жазды. Ғылым тақырыбына жазып жүрген журналист Айдана Шотбайқызы да ғылыми-танымдық материалдарға оқырманның қызығушылығы жоғары екенін айтады. «Тек сол сұранысты қазіргі қазақ журналистикасы қанағаттандыра алмай жатыр. Медиаменеджерлердің, медиа саласына жауапты ірі ведомстволардың ғылыми журналистикаға көзқарасы, жанашырлығы жоғары деңгейде емес. Мәселен, ақындардың қомақты жүлдесі бар мүшәйралары я болмаса спорт, экономика, қаржы тақырыбына жазатын журналистерге арналған байқаулар көп. Егер мемлекет тарапынан ғылыми-танымдық тақырыпта жазуға ынталандыратын жүйелі іс-шаралар жүзеге асса, бұл саладағы контент те көбейеді», – дейді тілші. Ғылым саласына деген қызығушылықтың аз болуын медиамамандар әртүрлі түсіндіреді. Бірі – бұл салаға мемлекет тарапынан жеткілікті деңгейде қолдау жоқ десе, екінші топ аталмыш мәселенің түйткілін ғылым саласының жүйесіздігімен байланыстырады. «Бұрын «Зерде», сондай-ақ химия, радиоэлектроника, инженерия және тағы басқа салалар туралы бөлек-бөлек журналдар көп болатын. Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарында ғылымды насихаттау кем болып қалды. Біріншіден, бұл – ғылымның төңірегінде жүрген ғалымдар, еліміздегі ғылым саласын дамытуға жауапты мекемелердің, ведомстволардың кінәсі. Өйткені ғылымды дамытудың ішкі механизмі, жүйесі дұрыс болмағаннан кейін сәйкесінше бұқаралық ақпарат құралдарында да насихаты азайды. Мәселен, журналист қандай да бір ғылыми тақырып туралы мақала жазғысы келсе, бізде қандай ғылыми база бар, қандай ресурс бар, жалпы аталмыш индустрияның жай-күйі қандай екенін білмейді, білу де қиын. Бүгінде көптеген ғылыми-зерттеу институтының жағдайы қиын. Алматыда кезінде Ұлттық ғылым академиясына қараған ғылыми-зерттеу институттарының жағдайын мысалға алыңыз. Ғылымға көзқарас нашарлап кеткеннен кейін, сәйкесінше оны насихаттау да төмендеп қалды. Егер елімізде бұл сала қарыштап дамып жатса, күнделікті ғылыми жаңалықтар болса, оны БАҚ жарыса жазатын, сол арқылы ғылыми журналистиканың өзіндік ортасы, мектебі пайда болады», – дейді Abai tv телеарнасының директоры Азамат Кеңесұлы. Сондай-ақ сарапшы журналистерді даярлайтын саланың өзінде жастарды ғылым тақырыбын жазуға бағыттау ісі кемшін екенін айтады. Оның пікірінше, жоғары оқу орындары әр журналистің қарым-қабілетіне қарай белгілі бір салаға бағыттап жіберсе, салалық журналистика дамитын еді. Осы және өзге де кешенді мәселелердің себебінен ғылыми журналистика дамымай тұр. Шын мәнінде, бүгінде республикаға таралатын көпшілік газет-журналдардың өзінде ғылым саласын жазатын журналистер аз. Мұны осы саланы жазудың қиындығымен байланыстыратындар көп. Ғылым тақырыбына жазу кезіндегі қиындықтар туралы Айдана Шотбайқызы: «Бұл тақырыпты жазу кез келген кәсіби журналистің қолынан келеді деп ойлаймын. Дегенмен бұл саланы жазудың өзіндік қиындығы бар. Отандық ғылым саласы туралы айтар болсақ, ақпарат беру мәселесі жолға қойылмаған. Бұл мәселе ғалымдарға немесе белгілі бір мекемелерге қатысты деп айта алмаймыз. Көп ғалымдардың вакуумда өмір сүруі, 90 жылдардағы ғылымдағы тоқыраудан кейін көп маманның басқа салаға ауысып кетуінің салдары деуге болады. Егде жастағы ғалымдардың көбі вакуумда, яғни олар ғылым өз нәтижесін бергенде ғана жарыққа шығуы керек деген ұстанымда өмір сүрді. Қазір, керісінше, ғалымдарға тағы бір міндет жүктеліп жатыр – өз жұмысын көрсету, насихат жұмысымен айналысу ісі. Бұл – заман талабы. Қазір ғалымдардың жұмысы да жарияланым санымен өлшенетін болды. Әйтсе де, журналист үшін отандық ғалымдардан ақпарат алу қиындау. Әлі де олардың өз жұмысын жеткілікті, қарапайым тілмен түсіндіру дағдысы жетіңкіремейді. Ғалымдар өз жұмысы туралы айтып бергеннен гөрі, зертханада жұмыс істегенді құп көреді. Оның ішінде қазақ тілінде сөйлеп беретін ғалымдар аз, ақпараттың көбін орыс, ағылшын тілді мамандардан аламыз», – дейді. Бұл орайда ғылыми журналистиканы дамыту үшін ғылымның өзінде де менеджмент болуы керек. «Ғылыми-зерттеу институттарында жақсы жаңалықтар ашылып, олар қызу жұмыс істеп жатқан да болар, бірақ оны кім насихаттап жатыр? Қазір нарық заманы, сондықтан әр мекеме өз жұмысын насихаттауға, жаңалығымен бөлісуге мүдделі болуы керек. Өз басым ғылыми мекемелердің тарапынан мұндай серіктестікті көп көрмеймін. Мәселен, археологтар жыл сайын қаншама қазба жұмысын жүргізеді. Бірақ олардың эксклюзивті жаңалықтарын біле бермейміз. Олардың жұмысы ғылыми есеп ретінде тіркеліп, мұрағатта шаң басып жатады. Ал ішіндегі маңыздысын сенсацияға айналдыру – осы салаға жауапты институттың міндеті», – деп атап өтті Азамат Кеңесұлы.
Асыл ТҰМАР