«AMANAT» партиясы Келес аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде партияның аудандық филиал төрағасы, Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев тұрғындардың талап-тілегін тыңдады.
Қабылдауға филиалдың атқарушы хатшысы, фракция жетекшісі Ахмет Жұмабеков, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары қатысты.
Жеке қабылдау барысында әкім көгалдандыруға бос жер сұрап аудандық жер бөліміне өтініш тастағанын жеткізген Қошқарата ауылдық округінің тұрғыны Садуақас Жанаевтың ұсынысын қолдады. Алдағы уақытта жердің басына барып, көгалдандыруға қажетті жерлерді зерделеп, мәселенің шешімін табуға ықпал ететінін айтты.
Сондай-ақ ол иелігіндегі жердің нысаналық мақсатын өзгерту жайлы құжаттарын рәсімдеуге көмек сұрап келген Абай ауылының тұрғыны Қуатбек Жоланұлының мәселесін аудандық жер бөлу комиссиясында қарап, аудандық жер бөлімі басшысына құжаттарын заң аясында рәсімдеуге тиісті жұмыстар атқаруды тапсырды.
Ал Алпамыс батыр ауылдық округіндегі ауыз су, көшені жарықтандыру, мектеп мұғалімдерінің біліктілігін көтеру, көпір салу мәселелерін көтерген ауыл белсендісі Гаухар Жораеваға көшелерді жарықтандыру бойынша қазіргі таңда конкурс өткізіліп жатқанын айтып, басқа мәселелерді алдағы уақытта кезең-кезеңімен шешуге ықпал ететін болды.
Қабылдауға келген Гүлжамал Қалкенова Жүзімдік ауылдық округіндегі таза ауыз су мәселесін көтерді. Бұл мәселе бойынша Ақментай Есбаев ауданда бірқатар елді мекенге, соның ішінде Жүзімдік елді мекеніне «Омега» су тазартқыш қондырғысын орнату бойынша жеңімпаз болып анықталған мердігер компания қазіргі таңда қондырғыларды жеткізу жұмыстарын жүргізіп жатқанын, сапалы қондырғымен қамтамасыз етпесе, тиісті шаралар қабылдайтынын жеткізді.