Тапшы судың тамшысының да сұрауы бар
Тапшы судың тамшысының да сұрауы бар
649
оқылды
Экономиканы әртараптандырудың бір тетігі ретінде ауыл шаруашылығын қарастырған біздің елде ағын судың тап­шылығы айқын сезіледі. Сондықтан егіс алқаптарына қажетті тіршілік нәрінің әр тамшысын үнеммен жұмсау өзекті мәселе. Алайда ресми статистика гидроқұрылымдардан егістікке жіберілген судың 60 пайызы ғана мақсатты жұмсалатынын көр­сетеді. Ал қат дүниеге айналып үлгерген судың қалған 40 пайы­зы арық-атыздың табанына сіңіп, не буға айналып кетеді. Өз кезегінде бұл жағдай онсыз да су тапшылығын сезініп отыр­­ған агросаладағы көп түйткілді одан әрі күрделендіре түсті. Президент те Қазақстан хал­қына Жолдауында бұл мәселеге айрықша назар аударып, су жүйе­лерінің технологиялық тұрғыдан ескіруінен тіршілік нәрінің негізсіз шығын болғанын айтты. Бір ай бұрын Премьер-Ми­нистр Әлихан Смайылов та су ре­сурстары саласындағы мәселеге айрықша тоқталып, межелі мін­деттерді атап өтті.
– Ағын судың 40 пайызы ин­фрақұрылымның нашарлығынан далаға кетеді. Сондықтан каналдар мен су қоймаларын жөндеп, су ре­­­сурс­тарын басқаруды автомат­тан­­дыру қажет. Әкімдіктер бұл мәселені бақылауында ұстап, су шаруашылығы нысанын ци­фр­ландыру және автоматтандыру жөнін­дегі Жол карталарын уақы­тылы іске асыруға тиіс, – деді Әлихан Смайылов.

Тиімді пайдалану тапшылыққа тосқауыл

Расында, су шаруашылығы бас­сейндерінің дені трансше­ка­ралық өзендердің есебінен то­лығатын біздің елде ағын су тап­шылығының өзі өзекті мәселе. Демек, қолда бар су ресурстарын тиімді пайдалана білген жөн. Қазірдің өзінде сала мамандары­ның ағын суды тұтыну көлеміне жа­саған болжамы көңіл қуант­пайды. Сарапшылар 2040 жылға қарай Қазақстанда суды тұтыну көлемі 56 пайызға дейін өсетінін айтады. Елімізде тұтыну көлемінің өсуімен бірге су тапшылығы да қатты сезіле бастайды. Жыл сайын елдегі су тапшылығының көлемі 12 текше шақырымға дейін жетуі мүм­кін. Әсіресе, Қазақстанда суар­­малы егіс алқабын 2030 жылға дейін 1,5 миллион гектардан 3 мил­­лион гектарға ұлғайтуды меже­легенін ескерсек, алдағы онжыл­дықта тіршілік нәрінің қат болу мәселесі күн тәртібінен түспейтін түрі бар. Тек биылдың өзінде ел аумағындағы суармалы егіс алқа­бы­ның көлемі өткен жылмен са­лыс­тырғанда 6 мың гектарға ұл­ғайған. Әлемдік су айдындарынан шал­ғайдағы Қазақстанның ағын судың тапшылығын сезінетініне Дүниежүзілік банк те пессимистік болжам жасайды. Ғаламдық іргелі қаржы ұйымының мәліметіне сүйенсек, 2030 жылға қарай Қазақ­стандағы су ресурстарының көлемі 14 текше шақырымға дейін азай­мақ. Яғни, алдағы уақытта Қазақ­стандағы су тапшылығы 15 пайызға жетуі де мүмкін. Су ресурстарын тиімді пайда­лану мәселесін Парламент қабыр­ғасында көтерген Әлімжан Құр­таев­тың айтуынша, біздегі суару жүйе­лерінің пайдалы әсер коэф­фициенті төмен. Әрі алқаптарда суарудың үнемді технологиялары­ның тә­жірибесі де жиі қолданыл­майтын көрінеді. Бұл мәселелер суармалы егістікті қолдаудың мем­лекеттік саясатын өзгертуді қажет етеді.
– Республикадағы суару жүйе­лерінің пайдалы әсер коэффи­циенті 0,45-0,55-тен аспайды. Оның үстіне, суармалы егіс алқа­бы­ның 16 пайызына ғана тамшы­латып суару технологиялары мен жаң­бырлатқыш қондырғылар пай­даланылады екен. Сондықтан ағын суды үнемдеу технологияла­рын тәжірибесіне енгізген агро­құры­­лымдарға мемлекеттік қолдау көрсету қажет. Мәселен, Агроөнер­кәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлт­тық жоба шеңберінде республика аумағындағы 450 мың гектар ал­қапқа су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланған. Демек, су тапшылығы мен бірге оларды тиім­ді пайдалану мәселесі күн тәртібінен түспейді, – дейді Сенат депутаты Әлімжан Құртаев.

Су мәселесімен 6 министрлік айналысады

Дәл қазіргі сәтте әлем үшін су ресурстары төңірегіндегі түйткіл әзірге өміршеңдігін жоймайтын секілді. Бұл орайда Қазақстанның да қамсыз қалғаны жарамайды. Тіршілік нәрінен тарықпау ісінде қолға алынатын көп шаруаның ең маңыздысы біз сөз етіп отырған ағын судың техникалық шығынын мейлінше азайту болмақ. су Сенат депутаты Әлімжан Құр­таев Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында елдегі су ресурстарын басқару сая­сатын өзгертіп, саланы мемлекет­тік бақылаудың тетіктерін күшейту жайын сөз етеді.
– Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде су ресурстарын басқару­дың бірыңғай мемлекеттік жүйесі бар. Яғни, су шаруашылығының мамандандырылған министрлігі не агенттігі жұмыс істейді. Ал бізде су мәселесімен 6 министрлік, жергілікті атқарушы органдар және коммерциялық ұйымдарға дейін айналысады, – дейді сенатор.
Су ресурстарын басқарудың орталықтандырылған жүйесіне қатысты сенатор Әлімжан Құр­­та­ев­­тың ойымен Қазақстан су ша­руа­шылығы қауымдастығының төрағасы Нұрлан Атшабаров та ке­ліседі. Сала ардагерінің айтуын­ша, бұл істі бір орталықтан бас­қару­мен бірге мәселеге кешенді көз­қарас та қажет. – Су шаруашылығы министр­лігі болса, қазіргідей гидротехни­калық нысандарға қайта жаңғырту және ағымдағы жөндеу жұмыс­тарын кедергісіз жүргізу мәселесі туындамайтын еді. Сонда да ағын судың 40 пайы­зының егістікке жетпей жерге сіңіп немесе буланып кетуі бүгін шешіле салатын шаруа емес. Бұл мәселеге де су шаруашылығындағы өзге түйткілдер секілді кешенді көзқарас қажет.
Мәселен, биыл арық-атыздың кем-кетігін анықтап, одан әрі оны қайта қалпына келтіру, игеру мә­селелеріне сатылап өсе беруге бола­ды. Өкінішке қарай, бізде көп жағ­дайда асығыстық бар. Су тап­шылығы сезіле бастаса, Үкімет мә­селені шешудің Жол картасын әзірлейді. Әлгі карта жылдың соңы­на дейінгі шара­ларды қамти­ды да, жауапты ведомстволар есеп үшін алашап­қынға түседі, – дейді Нұрлан Атшабаров.
Маман су тапшылығы мәселе­сінде табиғаттың берген сыйын ұқсата білу маңызды екенін айта­ды. Яғни, қыстағы қар суынан бас­­тап, жерасты суына дейінгі ре­сурс­тарды есеппен жұмсай білген жөн.
– Көктемдегі тасқын судың өзін тиімді пайдалануға болады. Қазақтар бұрын көктемдегі судың тасуын асыға күтіп, алдын ала дайындық жүргізген. Мол суды жайылымдық және шабындық жерлерге жіберу тәжірибесі болды. Көктем шыға қар суын лезде жерге сіңірмей, оны ұзағырақ «ұстап» тұрудың да жолдары бар. Бұл әдіс шабындық, жайылымды жерлер­де­гі топырақтың құнарын арт­тыруда пайдаланылған. Сонымен қатар қазір жерасты суын жинауға көңіл бөлетін сәт келді. Көптеген елде жерасты суының қорын мо­лайтуға көшті. Америка құрлығын­дағы алып мемлекеттер мен Өз­бек­станда арнайы құбырлар арқылы жер астына су жіберіліп жатыр. Бұ­дан өзге табиғи көл жүйелерін толтыру, су бекеттерін жаңғырту мә­селелерінің назардан тыс қалма­ғаны дұрыс, – дейді Нұрлан Атшабаров.
 

Су ресурстарын тиімді пайда­лану, игеру мен басқару ХХІ ғасыр­дың ең өзекті мәселелеріне айнал­ғалы тұр. Ал бұл мәселені ушықтыр­май реттеудің алғашқы қадамы тір­шілік нәрінің әр тамшысын үнем­мен жұмсаудан басталғаны абзал. «Судың да сұрауы бар» деген осы. Демек, қандай жағдайда бол­масын ағын судың өндірістік емес шығын­дарына жол беруге бол­майды.