Топырағының түгін тартса майы шыққанымен, Ақмола өңірінде жер мәселесі аса өзекті. Мыңдаған гектар жерінен айырылып қалған ауылдағы ағайынға қорадағы бес-алты бас малын бағудың өзі ауыр мұңға айналған. Жемшөптің бағасы удай қымбат. Ал шабатын шабындық пен мал жаятын жайылым жер тапшы. Мәселе қозғалғалы бірталай жылдың жүзі болғанымен, жергілікті жерде «баяғы жартас – бір жартас» күйі қалған...
Түйткілді жағдайдың түйінін тарқату мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті министрліктер мен облыс әкімдіктеріне ғарыштық мониторинг және басқа да арнайы тетіктермен жер мәселесін біржақты етуді шегелеп тапсырған. Бірақ арада бірталай уақыт өткенімен, кезінде «ұстағанның қолында – тістегеннің аузында» кеткен миллиондаған гектар игерусіз қалған жерлерді толықтай мемлекет меншігіне қайтару әлі де мүмкін болмаған. Салдарынан ауылдағы ағайынға не жайылымға, не шөп шабатын шабындыққа жері жетпей қалған. Даулы мәселе жиі туындайды.
Қолшалғымен шабатын жер таппай қалдық...
Аталған мәселе, әсіресе Зеренді ауданында ушығып тұр. Мұндағы жұрт жайылым жер үшін жиі таласып, кейде жаға жыртысатын жағдайға жеткен. Ауыл тұрғындары қолы ұзын шаруашылықтар қанатын кеңге жайып, шабындық жерлердің бәрін орып алатынына наразылығын жеткізді.
«Жаз шыққанымен, қолдағы азын-аулақ малға шөп дайындау қиынға соғып тұр. Аумақтағы бар шөпті іргелі шаруашылықтар түгелдей шауып алады. Былтыр шөптің әр түгі 15 мыңнан болған. Биыл 20 мыңға жетіп жығылады. Жергілікті округ әкімдері тұрғындардың өтінішіне еш құлақ аспайды. Шөптің бағасын да бақылауға алмайды. Қорадағы малымен әупірімдеп жүріп күнелткен қарапайым жұрт қалай күн көрмек? Бір уақыт назарын неге аудармайды? Тіпті қолшалғымен шабатын жер таппай дағдарып отырмыз», – дейді Күсеп селолық округінің Шыңғыс есімді тұрғыны.
Мәселе жөнінде Зеренді ауданының әкімімен тікелей тілдескенді жөн көрдік. Алайда әкім тұрғындардың бұл уәжімен келіспейтінін алға тартты.
«Нақты Күсеп селолық округі бойынша алсақ, аудан әкімдігі мұнда «Дихан +» ЖШС-мен шабындық және жайылым жерлер бойынша келісімшартқа отырған. Шаруашылықтармен тұрғындарға шөпті арзан бағамен сатуға келісім жасалған. Мәселен, былтыр Ортақ ауылында бір орам шөп 3 мың теңгеден сатылды. Бұған қоса, ауданда іргелі шаруашылықтармен арнайы меморандумдар мен келісімдер жасалған. Сондықтан егер шөп жетпей жатқан адамдар болса, әкімдікке маған тікелей келіп, мәселені жеткізсе болады. Күсеп селолық округіне қазір хабарласып, мәселе бойынша тексеріс жүргізуді тапсырамын», – деді Зеренді ауданының әкімі Әсен Жақсылықов.
Жердің жетіспейтінін облыстың Ауыл шаруашылығы басқармасы да мойындады.
500 мың гектардан астам жер жетіспейді
Ауыл шаруашылығы басқармасының ресми мәліметінше, облыста бүгінде 558,8 мың гектар жайылым жер жетіспейді. 2020 жылдан бері өңірдің ірі шаруашылықтарымен жергілікті әкімдіктер 264,2 мың гектарды бірлесе пайдалануға меморандум жасаған. Бірақ бұл шаралар түйінді жағдайды шешуде әлі де аздық етіп тұр.
«Биыл ауыл маңындағы тағы 18 мың гектар жайылым жерлерді жергілікті халықтың пайдалануына беру жоспарланған. Қазір Ақкөл, Атбасар аудандарында 9,2 мың гектар аумақта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дегенмен жайылым және шабындық жер тапшылығы күн тәртібінде. Әсіресе, Зеренді, Бурабай, Целиноград, Қорғалжын, Біржансал аудандарында мал жаятын жайылым мен шабындық жердің тапшы болып жатқаны рас. Бұл аудандарда жердің тапшылығы 50 мың гектардан асып жығылады. Қазір өңірде ауыл шаруашылығымен айналысатын 7 ЖШС-ның 4,2 мың гектар жері бойынша тексеріс жүріп жатыр. Дегенмен жерді өз еркімен халықтың игілігіне беріп жатқандар да бар. Мәселен, Ақкөл ауданының Барап ауылында 432 гектар жер ерікті түрде халықтың игілігіне берілді. Ал Ерейментау, Жарқайың аудандарында жайылым жерлер басы артық жерлерді басқа ауылдарға беру арқылы жүзеге асырылып жатыр», – дейді Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Кенеш Әлімжанов.
Заң баптарына өзгеріс қажет – ауыл шаруашылығы басқармасы
Басқарма мамандары Президент жүктеген міндеттерді орындау үшін Жер кодексіндегі бірқатар баптың қарама-қайшылығы айтарлықтай ірі кедергілер келтіріп жатқанын да мәлімдеді.
«Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді орындау үшін заңның шикі тұстары едәуір үлкен кедергісін тигізіп тұр. Мәселен, игерілмеген жерлерді мемлекет қажеттіліктері үшін тартып алу үшін Жер кодексінің 84-бабына сәйкес аталған шаруашылық серіктестікке сол жермен бірдей жер телімі учаскесін беру қажет. Бірақ ондай басы артық жерлер мүлдем жоқ. Облыстың жерінің негізгі басым бөлігі – егін салынатын алқап. Ал ол жерлерді трансформациялау үшін аса зор қаржылық шығындарды қажет етеді. Мұндай процестерді тегін өткізуді Мәжіліс депутаттарына әрі Ауыл шаруашылығы министрлігіне де ұсыныс енгіздік. Алайда бірнеше жыл болса да, Парламент қабырғасындағы заң жобасы ретінде бұл мәселе қарастырылмады», – дейді Ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкері Жұмажан Бейсембаева.
Жемшөп бағасын реттеу қиын
Біз сала мамандарынан жемшөптің бағасы мен оны реттеудің жайын да білмек болдық. Алайда басқарма мамандары шөп шабу науқаны әлі басталмағандықтан, бұл мәселе көтерілмегенін мәлімдеді.
«Шөп шабу науқаны әзірге бастала қойған жоқ. Дегенмен облыстағы ірі шаруашылықтармен жемшөп дайындау бойынша 422 меморандум жасалды. Мұнымен қоса, орман шөптерін халықтың шауып алуы үшін орман шаруашылықтарымен 43 гектар орманды жерлерде шөп шабуға келісім жасалды. Әрине, жайылым және шабындық жерлер мәселесі облыста күні бүгінге дейін шешімін тапқан жоқ. Сондықтан басқарма басшылары дәл қазір ауыл-аудандарды аралап, түйінді мәселелерді шешудің жолдарын қарастырып жатыр. Әзірге шөп науқаны басталмағандықтан, шөптің құны қанша болғаны белгісіз. Дегенмен шөпті арзан бағамен сатуға шаруашылықтармен келісім жасалған. Нарық болғаннан кейін жекеменшік шаруалар өз бағасымен сатып бақылаусыз да болып жатады. Әрі жанармайдың ауыл шаруашылығы техника бөлшектерінің қымбаттауы да мәселені қиындатады», – дейді Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қайрат Қошанов.
P.S.Сонымен, Президенттің жер мәселесінде тиісті органдарға шегелеп жүктеген міндеттердің жергілікті жерде орындалу барысы әлі де кемшін болып жатқаны байқалды. Бір облыстың өзінде 500 мың гектардан астам жердің жетіспейтіні – осының нақты айғағы. Сондықтан тиісті сала мамандарымен қоса Үкімет пен Парламент, Бас Прокуратура тиісті түрде комиссия құрып әрі заң баптарын жағдайға қарай өзгертпесе, түйткілді жағдайдың шешіле қалатынына күмән бар...