Азық ақысы алқымнан алды
Азық ақысы алқымнан алды
© коллаж: Елдар Қаба
518
оқылды
Онсыз да даурығып жүргенде азық-түлік бағасының төмендемек тү­гілі тұрақтайтын сыңайы жоқ. Кей­бір тұста жауаптылардың өзі шара­сыз екенін аңғартып қалды. Соңғы зерттеулер халықтың табы­сының басым бөлігі азық-түлік са­тып алу­ға кететінін анықтауда. Де­мек, тап­қаны ішкенінен артыл­май барады. Анығында бұл дүмпу елде кедей­ліктің жайлап бара жат­қанының нышаны іспетті. Осылай болжам жасауға мәжбүрміз, оған себеп жоқ емес. Шарасыздық шырылдатып тұр Таяуда Finprom.kz порталы зерттеу жүргізіп, елімізде үй шаруашылығындағы шығыстар бір жылдың ішінде 17 пайызға артып, ал кіріс тек 16 пайызға ғана кө­те­рілгенін анықтады. Яғни, жұрттың кірі­сінен гөрі шығысы ұлғайған. Қорытынды бойынша, отбасылар табысының 50 пайызын азық-түлікке, оның ішінде 46 пайызын тамақ сатып алуға жұмсайтыны белгілі болыпты. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта өсе беруі мүмкін екені көпшілікті алаңдатып отыр. Шынында, азық-түліктің қымбатшы­лығы жауаптылар ауыздықтай алмай жат­қан ең басты мәселеге айналды. Нау­рызда Ұлттық статистика бюросы соңғы бір жылдықтағы баға өсімінің динами­касын жариялады. Салыстырғанда жал­пы азық-түліктің құны 15,4 пайызға қымбаттағаны көрінеді. Қант – 51,5 пайызға, көкөністер – 44, картоп – 37,8, құс еті – 25,5, күнбағыс майы – 23,8, макарон – 17,7, қой еті – 16,7, жылқы еті – 15,1, ұнның құны 15 пайызға өскен. Бір сөзбен айтқанда, жұмыртқадан басқаның бәрі қымбаттаған. Тұрмыстық техника мен автокөліктерді, құрылыс материал­дарын, дәрі-дәрмекті айтпаса да білеміз. Ақылы қызмет, дәрігерге қаралу, қоғам­дық тамақтану, қонақүй, әрісі пәтер жал­дау – түгелі қымбатшылықтың құрығына түсті. Тіпті, көктемде кей өңірлерде азық-түлік бағасы лезде 36 пайызға қым­баттады. Ал Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бағаның жап­пай қымбаттауына «әлемдегі инфляция әсер етіп отырғанынан» басқа түк демеді. Ведомство басшысы соңғы кездері баға мәселесіне келгенде тура айтпаса да, өзінің шарасыз екенін сөзі арқылы жиі аңғартып жүр. Экономикада халық табысының 50 пайыздан астамы азық-түлікке кететін болса, елде кедейліктің жайлағаны са­налады. Тағы бір дәйек – саладағы мамандардың көбі шығын 50 пайыз емес, 60 пайыздық межеде жүргенін алға тар­тады. Мәселен, соның бірі – эко­номист Мақсат Халық. Наурыздан бастап-ақ инфляцияның рекордтық дәрежеде өскенін айтқан ол Қазақстанда азық-түлікке кететін шығын мөлшерін 59 пайыз межесінде көрсетеді.
– Азық-түлік бағасының айтарлықтай қымбаттауына Ресей мен Украина ара­сындағы геосаяси жағдай әсер етті. Теңге құнсызданды, бағаның қымбаттауына өткен жылы бірнеше облыста болған қуаңшылық та септесті. Кейбір өңірлерде мал қырылып, дәнді-дақылдар дұрыс шыққан жоқ. Жоспардан 20 пайызға кем астық жиналды. Артынша жемшөп қым­баттады. Жұмыртқа, құс еті де қымбат­тады. Ресей көптеген тауарын сыртқа шы­ғармайтын болғанын білеміз. Кесі­рінен қант пен бидайдың да айтарлықтай қымбаттағанын көрдік, – дейді маман.
Ресей мен Украина әлемдік астық өндіру көлемінің шамамен 30 пайызын қамтамасыз етіп келген. Екі елдің шек­телуінен зиян шегеріміз анық. Жұрттың мұндай келеңсіз жағдайда төзімді болуы тікелей табысқа байланысты. Бірақ та­быстың өзі жарымай тұрғанда төзім жайлы айту – жөнсіз.
– Қазақстанда азық-түлікке кететін шығын – 59 пайыз. Негізі, бұл көрсеткіш 50-ден асса, халық кедейлік шегінде бол­ғаны. Батыс елдерінде азық-түлікке жұм­салатын қаражат бюджет шығындарының ары кеткенде 10-12 пайызын құрайды. Алдыңғы қатарлы елдерде бұл көрсеткіш – 8 пайыз. Осыдан кейін Қазақстанда табыстың қандай төмен екенін көруге болады, – деді М.Халық.
Басты мәселенің бірі – орташа ай­лық­тың өспей тұрғаны. Ал деректер шы­найы емес. Осы кезге дейін айтқаны­мыздай, ресми статистика бойынша, бір адам айына 1 млн теңге тапса, екінші адам 100 мың теңге тапса, соны қосады да, екіге бөліп, орта табыс 550 мың теңге деп шығара салады. Ал мамандар елдегі орташа айлық теңгемен есептегенде өсіп келе жатқан сияқты көрінгенімен, дол­ларға шаққанда оның еш артпағанын айтады. Керісінше, азаматтардың төлем қабілеті төмендей берген. 2013 жылы жалпы ішкі өнім жан басына шаққанда 13 мың 600 доллар болса, биыл 10 мың долларға жетпейді. Демек, азық-түлікке кететін шығынның өскені – кедейлердің көбейгені. Онда халықтың әл-ауқатында теріс кету болып жатқаны анық. Кедейлердің көбейгенін кім жасырады? Ресми статистикаға сүйенсек, былтыр республика бойынша табысы күнкөріс деңгейінен төмен адамдардың саны 1 мил­­лион шамасында деп көрсетілген. Нақ­тырақ айтқанда, 998 мың жан кедей­лер санатында. Бірақ сарапшылар кедей­лердің 1,5 миллионнан әлдеқашан асып кеткенін айтып жүргеніне 2 жыл болды. Яғни, ресми дерекке сенім аз. Жауапты­лардың арасында жағдайдың шын көрі­нісін жасырғысы келетіндер бар. Сөзіміз жалған емес, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ірі бизнес өкіл­дерімен кездесуінде осының басын ашып жеткізгені есте.
– Ұлттық табыстың әділ бөлінуі бо­йынша теңгерімсіздік пен проблеманың бар екені айдан анық. Халықаралық сарап­шылар (KPMG, 2019 жыл) Қазақ­стан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін растап отыр. Осы ретте халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Бұл – жылына 1 300 доллардан сәл ғана асады деген сөз. Мұндай ақшамен өмір сүру мүм­кін емес. Бұлай жіктелу мен теңсіздік­тің қауіпті екенін айтқан болатынмын. Жағдайды дереу өзгерту керек, – деді Президент.
Негізі, халықтың әлеуметтік жағдайы­ның төмен болуы екі индикатормен өлшенеді. Біріншісі, ең төменгі күнкөріс шегі. Екіншісі, кедейлік шегі. Кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс шегінің, яғни 36 мың теңгенің 70 пайызын құрайды. Әлеуметтік көмек алғың келсе, сіңірі шыққан тақыр кедей болуың керек. Ал Еуроодақ аумағында кедейлік ең төменгі күнкөріс шегінің емес, орташа табыстың 60 пайыз деңгейінде белгіленген. Соған қарамастан Қазақстанда ондаған жыл бойы кедейлік шегі көтерілмей келеді. Қазір біздегі төменгі күнкөріс мөл­шер­лемесі Нигерия, Ангола, Венесуэла, Габон сияқты дамуы тежелген елдердің қатарында тұр. Бір қызығы, 2020 жылы жұрт жаппай тұтынатын тауарлар бағасының өсуіне байланысты жәрдем сұраушылар саны артқанына қарамастан, мемлекет тара­пынан атаулы әлеуметтік көмекпен қам­тылғандардың саны керісінше азая түскен. Осы фактордың кесірінен кө­мекке зәру азаматтардың тұрмыстық жағдайы тіптен тұралап қалды. Сөйте тұра, 2021 жылы статистикалық де­ректер­дің бәрі жағымды динамиканы көрсеткен. Мысалы, Ұлттық банк был­тыр инфляция деңгейін 8 пайыздан, ал азық-түлік баға­сы­ның өсімін 20 па­йыздан асырмай бақ­ты. Әрине, қағаз жүзінде. Бұл кезде ел көп тұтынатын азықтың бірі – картоп бағасы 3 есе өс­кен, басқа тағамның бәрі қым­баттаған. Кейбір құрылыс материал­дарының құны 2-2,5 есе артты. Әлі де үздіксіз өсіп жа­тыр. Ал бұл кезде Сауда және интеграция министрлігі жалпы баға өсімі 12 пайыз­дан асқан жоқ деген ақпа­рат таратып, міз бақпай отырды. Ал Ұлт­тық статистика бюросы бұл ақпарлардың ешқайсысын теріске шығармады, кері­сін­ше қалыпты норма санатына қосты. Үкімет мүшелері қымбатшылық жайлы сөз болғанда сыртқы факторларды кінәлауды әбден әдетке айналдырып алды. Мұны жартылай шындық ретінде ғана қабылдауға болады. Рас, сыртқы фак­тордың әсері бар, импортқа тәуел­діміз, алайда жауаптылар осы уақытқа дейін ішкі өнеркәсіптің жандануына септесе алмағаны үшін жауапкершілік алуы тиіс еді. Біздің болжауымызша, ха­лық­тың азық-түлікке кететін шығын мөл­шері алдағы уақытта да азая қой­майды. Сайып келгенде, бұл дүние елдің наразылығының өршуіне әкелмей қой­масы анық.