Онсыз да даурығып жүргенде азық-түлік бағасының төмендемек түгілі тұрақтайтын сыңайы жоқ. Кейбір тұста жауаптылардың өзі шарасыз екенін аңғартып қалды. Соңғы зерттеулер халықтың табысының басым бөлігі азық-түлік сатып алуға кететінін анықтауда. Демек, тапқаны ішкенінен артылмай барады. Анығында бұл дүмпу елде кедейліктің жайлап бара жатқанының нышаны іспетті. Осылай болжам жасауға мәжбүрміз, оған себеп жоқ емес. Шарасыздық шырылдатып тұр Таяуда Finprom.kz порталы зерттеу жүргізіп, елімізде үй шаруашылығындағы шығыстар бір жылдың ішінде 17 пайызға артып, ал кіріс тек 16 пайызға ғана көтерілгенін анықтады. Яғни, жұрттың кірісінен гөрі шығысы ұлғайған. Қорытынды бойынша, отбасылар табысының 50 пайызын азық-түлікке, оның ішінде 46 пайызын тамақ сатып алуға жұмсайтыны белгілі болыпты. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта өсе беруі мүмкін екені көпшілікті алаңдатып отыр. Шынында, азық-түліктің қымбатшылығы жауаптылар ауыздықтай алмай жатқан ең басты мәселеге айналды. Наурызда Ұлттық статистика бюросы соңғы бір жылдықтағы баға өсімінің динамикасын жариялады. Салыстырғанда жалпы азық-түліктің құны 15,4 пайызға қымбаттағаны көрінеді. Қант – 51,5 пайызға, көкөністер – 44, картоп – 37,8, құс еті – 25,5, күнбағыс майы – 23,8, макарон – 17,7, қой еті – 16,7, жылқы еті – 15,1, ұнның құны 15 пайызға өскен. Бір сөзбен айтқанда, жұмыртқадан басқаның бәрі қымбаттаған. Тұрмыстық техника мен автокөліктерді, құрылыс материалдарын, дәрі-дәрмекті айтпаса да білеміз. Ақылы қызмет, дәрігерге қаралу, қоғамдық тамақтану, қонақүй, әрісі пәтер жалдау – түгелі қымбатшылықтың құрығына түсті. Тіпті, көктемде кей өңірлерде азық-түлік бағасы лезде 36 пайызға қымбаттады. Ал Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бағаның жаппай қымбаттауына «әлемдегі инфляция әсер етіп отырғанынан» басқа түк демеді. Ведомство басшысы соңғы кездері баға мәселесіне келгенде тура айтпаса да, өзінің шарасыз екенін сөзі арқылы жиі аңғартып жүр. Экономикада халық табысының 50 пайыздан астамы азық-түлікке кететін болса, елде кедейліктің жайлағаны саналады. Тағы бір дәйек – саладағы мамандардың көбі шығын 50 пайыз емес, 60 пайыздық межеде жүргенін алға тартады. Мәселен, соның бірі – экономист Мақсат Халық. Наурыздан бастап-ақ инфляцияның рекордтық дәрежеде өскенін айтқан ол Қазақстанда азық-түлікке кететін шығын мөлшерін 59 пайыз межесінде көрсетеді.
– Азық-түлік бағасының айтарлықтай қымбаттауына Ресей мен Украина арасындағы геосаяси жағдай әсер етті. Теңге құнсызданды, бағаның қымбаттауына өткен жылы бірнеше облыста болған қуаңшылық та септесті. Кейбір өңірлерде мал қырылып, дәнді-дақылдар дұрыс шыққан жоқ. Жоспардан 20 пайызға кем астық жиналды. Артынша жемшөп қымбаттады. Жұмыртқа, құс еті де қымбаттады. Ресей көптеген тауарын сыртқа шығармайтын болғанын білеміз. Кесірінен қант пен бидайдың да айтарлықтай қымбаттағанын көрдік, – дейді маман.Ресей мен Украина әлемдік астық өндіру көлемінің шамамен 30 пайызын қамтамасыз етіп келген. Екі елдің шектелуінен зиян шегеріміз анық. Жұрттың мұндай келеңсіз жағдайда төзімді болуы тікелей табысқа байланысты. Бірақ табыстың өзі жарымай тұрғанда төзім жайлы айту – жөнсіз.
– Қазақстанда азық-түлікке кететін шығын – 59 пайыз. Негізі, бұл көрсеткіш 50-ден асса, халық кедейлік шегінде болғаны. Батыс елдерінде азық-түлікке жұмсалатын қаражат бюджет шығындарының ары кеткенде 10-12 пайызын құрайды. Алдыңғы қатарлы елдерде бұл көрсеткіш – 8 пайыз. Осыдан кейін Қазақстанда табыстың қандай төмен екенін көруге болады, – деді М.Халық.Басты мәселенің бірі – орташа айлықтың өспей тұрғаны. Ал деректер шынайы емес. Осы кезге дейін айтқанымыздай, ресми статистика бойынша, бір адам айына 1 млн теңге тапса, екінші адам 100 мың теңге тапса, соны қосады да, екіге бөліп, орта табыс 550 мың теңге деп шығара салады. Ал мамандар елдегі орташа айлық теңгемен есептегенде өсіп келе жатқан сияқты көрінгенімен, долларға шаққанда оның еш артпағанын айтады. Керісінше, азаматтардың төлем қабілеті төмендей берген. 2013 жылы жалпы ішкі өнім жан басына шаққанда 13 мың 600 доллар болса, биыл 10 мың долларға жетпейді. Демек, азық-түлікке кететін шығынның өскені – кедейлердің көбейгені. Онда халықтың әл-ауқатында теріс кету болып жатқаны анық. Кедейлердің көбейгенін кім жасырады? Ресми статистикаға сүйенсек, былтыр республика бойынша табысы күнкөріс деңгейінен төмен адамдардың саны 1 миллион шамасында деп көрсетілген. Нақтырақ айтқанда, 998 мың жан кедейлер санатында. Бірақ сарапшылар кедейлердің 1,5 миллионнан әлдеқашан асып кеткенін айтып жүргеніне 2 жыл болды. Яғни, ресми дерекке сенім аз. Жауаптылардың арасында жағдайдың шын көрінісін жасырғысы келетіндер бар. Сөзіміз жалған емес, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде осының басын ашып жеткізгені есте.
– Ұлттық табыстың әділ бөлінуі бойынша теңгерімсіздік пен проблеманың бар екені айдан анық. Халықаралық сарапшылар (KPMG, 2019 жыл) Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін растап отыр. Осы ретте халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Бұл – жылына 1 300 доллардан сәл ғана асады деген сөз. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес. Бұлай жіктелу мен теңсіздіктің қауіпті екенін айтқан болатынмын. Жағдайды дереу өзгерту керек, – деді Президент.Негізі, халықтың әлеуметтік жағдайының төмен болуы екі индикатормен өлшенеді. Біріншісі, ең төменгі күнкөріс шегі. Екіншісі, кедейлік шегі. Кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс шегінің, яғни 36 мың теңгенің 70 пайызын құрайды. Әлеуметтік көмек алғың келсе, сіңірі шыққан тақыр кедей болуың керек. Ал Еуроодақ аумағында кедейлік ең төменгі күнкөріс шегінің емес, орташа табыстың 60 пайыз деңгейінде белгіленген. Соған қарамастан Қазақстанда ондаған жыл бойы кедейлік шегі көтерілмей келеді. Қазір біздегі төменгі күнкөріс мөлшерлемесі Нигерия, Ангола, Венесуэла, Габон сияқты дамуы тежелген елдердің қатарында тұр. Бір қызығы, 2020 жылы жұрт жаппай тұтынатын тауарлар бағасының өсуіне байланысты жәрдем сұраушылар саны артқанына қарамастан, мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылғандардың саны керісінше азая түскен. Осы фактордың кесірінен көмекке зәру азаматтардың тұрмыстық жағдайы тіптен тұралап қалды. Сөйте тұра, 2021 жылы статистикалық деректердің бәрі жағымды динамиканы көрсеткен. Мысалы, Ұлттық банк былтыр инфляция деңгейін 8 пайыздан, ал азық-түлік бағасының өсімін 20 пайыздан асырмай бақты. Әрине, қағаз жүзінде. Бұл кезде ел көп тұтынатын азықтың бірі – картоп бағасы 3 есе өскен, басқа тағамның бәрі қымбаттаған. Кейбір құрылыс материалдарының құны 2-2,5 есе артты. Әлі де үздіксіз өсіп жатыр. Ал бұл кезде Сауда және интеграция министрлігі жалпы баға өсімі 12 пайыздан асқан жоқ деген ақпарат таратып, міз бақпай отырды. Ал Ұлттық статистика бюросы бұл ақпарлардың ешқайсысын теріске шығармады, керісінше қалыпты норма санатына қосты. Үкімет мүшелері қымбатшылық жайлы сөз болғанда сыртқы факторларды кінәлауды әбден әдетке айналдырып алды. Мұны жартылай шындық ретінде ғана қабылдауға болады. Рас, сыртқы фактордың әсері бар, импортқа тәуелдіміз, алайда жауаптылар осы уақытқа дейін ішкі өнеркәсіптің жандануына септесе алмағаны үшін жауапкершілік алуы тиіс еді. Біздің болжауымызша, халықтың азық-түлікке кететін шығын мөлшері алдағы уақытта да азая қоймайды. Сайып келгенде, бұл дүние елдің наразылығының өршуіне әкелмей қоймасы анық.