Мәжіліс сессияны қорытындылады
Мәжіліс сессияны қорытындылады
442
оқылды
Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтіп, Палатаның VII шақырылымының II сессиясы жұмысын қорытындылады. Алдымен, депутаттар Қылмыс­тық және Қылмыстық-процестік кодекстеріне экологиялық құқық­бұзушылықтар үшін жауаптылықты күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы және Әкімшілік құқық­бұзушылық туралы кодекске эко­логиялық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылықты күшейту мәселелері туралы заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жос­парын орындау мақсатымен әзірленді. Онда құқықбұзушыларды қылмыстық және әкімшілік қуда­лауды күшейте отырып, Қазақстан­ның ұлттық парктері мен басқа да табиғи байлығын қорғау жөніндегі заңнамалық және нормативтік шараларды әзірлеу міндеті қойыл­ған болатын. Отырыста Экология, геология және табиғи ресурстар министрі С.Брекешев баяндама жасады. Министрдің айтуынша, орман пай­да­ланушылардың өрт қауіпсіз­дігі мен санитариялық қағидаларды сақтамауы себебінен орман алқап­тарында өрт пен зиянкестердің ошақ­тары пайда болуда. Сонымен қатар жиында депу­таттар асыл тұқымды мал шаруа­шылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жол­дады. Заң жобасындағы түзетулер өсіріліп отырған мал тұқымдары­ның генетикалық әлеуеті мен өнімділігін арттыру, олардың бас санын ұлғайту мақсатымен селек­циялық-асыл тұқымдық жұмысты дамытумен байланысты. Жалпы, отырыс барысында «AMANAT» партиясының фрак­ция­сы депутаттар тобының және мүше­лерінің депутаттық сауалына Ауыл шаруашылығы министрі ауызша жауап беру үшін арнайы келді. Сәуір айында Үкімет басшы­сы депутаттың сауалына жазбаша жауап берді. Жауап ретінде Ә.Смайылов агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдауды жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы құрылғанын, оның шеңберінде АӨК субсидиялау жүйесіне жаңа тәсілдер таныстырылғанын хабар­лады. Жалпы айтқанда, мәжіліс­мен­­дер Ауыл шаруашылығы ми­нис­трі Ербол Қарашөкеевтің жауа­бына көңілі толмады. Осы ретте Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов мемлекеттік орган басшыларын депутаттар көтерген сауалдарға жауапкершілікпен қарауға шақыр­ды. Мәжілістің екінші сессиясы­ның жұмысы аяқталғанын айтқан Палата Төрағасы атқарылған жұ­мыс нәтижелеріне қысқаша тоқта­лып өтті. Осы сессия күллі қоғам үшін жауапты әрі күрделі кезеңде өткенін, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Парламенттің 25 жыл­ды­ғымен тұспа-тұс келгеніне назар аударып, Конституциялық өзгеріс­тер бойынша респуб­ликалық референдум өткізілгенін айтты.
«Бұл кезеңде Мәжілістің 42 жалпы отырысы өтіп, онда 271 мә­селе қаралды. Палатаның қарауын­да 127 заң жобасы болды, оның 75-і мақұлданып, Сенатқа жіберілді. Соның ішінде депутаттық корпус бастамашылық еткен 27 заң жоба­сы­мен жұмыс істеді. Бұл Палатаның қарауына енгізілген заң жобалары санының 21 пайызын құрайды. Мақұлданған заң жоба­лары, бірін­ші кезекте, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға ба­ғыт­талған», – деді Мәжіліс Төраға­сы.
Е.Қошановтың айтуынша, олар­дың ішінде Омбудсмен туралы, Рақымшылық жасау, Өлім жазасын жою, Сайлау, Респуб­ликалық референдум, Саяси пар­тиялар, сот жүйесі және судьялар­дың мәртебесі туралы заңдар бар. Сонымен қатар Палата Спикері Мәжіліс депутаттары мемлекеттік орган­дардағы лауазымды тұлғалар­дың атына 355 депутаттық сауал жолдағанына мән берді. Депу­таттық сауалдарда кәсіпкерлікті қорғау, банк қызметі, салық сая­саты, денсаулық сақтау және білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығын дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы, көлік, бала құқықтарын қорғау, жастар сая­сатын іске асыру мәселелері көтерілді. Отырыс соңында Мәжіліс депу­тат­тары мемлекеттік орган басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.