Мектеп құрылысы тоқтап тұр
Мектеп құрылысы тоқтап тұр
748
оқылды
Биыл Түркістан облысында 21 мектепті жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарда бар. Бірақ кейбір кедергілерге байланысты 3 мектептің құры­лыс жұмысы тоқтап тұр. Осы және өзге де проблемаларды талқылау жә­не шешу жолдарын қарастыру мақсатында «AMANAT» партиясы Түркістан об­лыстық филиалы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мә­се­лелері бойынша қоғамдық кеңес пен партиялық бақылау комиссиясының бір­лескен отырысы өтті. Жиынды аймақтық партия филиалы­ның атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев жүр­­­гізді. Бірлескен отырысқа аталған кеңес­­­­­­тердің төрағалары Ғалымжан Елші­бай және Нұралы Әбішов, жауапты бас­қар­­ма басшыларының орынбасарлары жә­не кеңес мүшелері қатысты. Облыстағы білім саласында 119 мың штат, оның ішінде 80 874 педагог бар. Олар­ға 105,4 млрд теңге қаржы төленіп жа­тыр. Пе­дагогтердің еңбек құқығын күн тәр­­­тібіне ал­ған мәжілісте облыстық Адами әлеуетті да­­мыту басқармасы басшысының орын­ба­­сары Амантай Өсербаев баяндама жа­са­ды. Оның айтуынша, былтыр заңға сәйкес мұ­­ғалімдердің жүктемесі 18 сағаттан 16 са­­ғатқа төмендеуі салдарынан 2,4 млрд тең­­ге көлемінде берешек қарыз өтелген. Биыл да бұл жағдай қайталанған. Деген­мен ма­­мыр айына жоспарланған 29,9 млрд тең­­ге толық игерілген. Бейсен Тә­жі­баев бұл мәселелер қаржының тап­шы­лығынан емес, жергілікті атқарушы ор­гандардың жі­­ті мән беріп, жұмыс жүр­гіз­беуінің сал­дары­нан туындап отыр­ғанын айтты. Екінші мәселеде «AMANAT» партия­сы­ның Түркістан облысы бойынша сай­лауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының «Білім сапасын арттыру» бө­лімінде жоспарланған тармақтарының орын­далуы бойынша жауапты басқар­ма­лар­дың есебі тыңдалды. Жол картасы аясында биыл облыста 59 мек­тептің құрылыс жұмысын жүргізуге 20,5 млрд теңге қаралған. Оның ішінде 1,8 млрд теңге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ар­қы­лы, республикалық бюджеттен 150 млн теңге және облыстық бюджеттен 18,6 млрд теңге бөлінген. Жыл соңына дейін 59 мек­тептің 21-ін пайдалануға тапсыру жос­пар­ланған. Бірақ жоғарыда атап өткендей, бұл бағытта проблема жоқ емес. Облыстық Құрылыс бас­қармасы басшысының орын­басары 3 мектептің құрылысы мердігер ме­ке­мемен ке­лісімшарт бұзылуына орай тоқ­тап тұр­ғанын мәлімдеді. Нысандардың жо­балық-сметалық құжаттарын қайта тү­зету қажет­тілігі туындап отыр. Атап айт­қан­да, Жетісай ауданындағы 300 орындық, Қа­зығұрт және Отырар аудандарындағы 100 орын­дық мектептердің құрылысы аяқ­сыз қалған. Қоғамдық кеңес төрағасы бұл пробле­ма­лар мектептердің құрылысын жүйелен­дір­се ғана кедергісіз іске асатынын алға тарт­ты. Осы мәселені жалғаған жиын қа­ты­сушылары құрылысы тоқтап тұрған бі­лім нысандарына қаржы қарастыруға және оның сапасына қатысты сын-ескерт­пе­лерін айтты. Сондай-ақ Әбішов аталмыш мәселеге қатысты енді партиялық бақылау жүргізілетінін жеткізді.

Азат ҚАЗАҚ