Биыл астанада Ұлттық спорт университетінің құрылысы басталады. Оны салуға республика бюджетінен 47 млрд теңге бөлініп отыр. Тапсырыс беруші – Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Спорт және дене шынықтыру істері комитеті. Университет құрылысына байланысты әлі тендер өткен жоқ. Жалпы, осыншама қаржыны Ұлттық спорт университетін салуға жұмсау дұрыс па? Осыған орай Мемлекет және қоғам қайраткері, Республикалық спорт колледжінің директоры Амалбек Тшановтың пікірін білген едік.– Сіздің ойыңызша, мұншама қаржыны (47 млрд теңге) бір оқу орнына жұмсаған дұрыс па? Өйткені әлеуметтік желілерде дәл қазіргі дағдарысты уақытта қазына қаржысын одан да аса қажет, одан да тиімдірек жобаларға жұмсау керек деген пікір көп. Мысалы, осы қаржыға өңірлерде бірнеше спорт мектебін немесе спорт колледжін салуға болар ма еді?
– Менің ойымша, бұл асығыс қабылданған шешім. Ойланбай, ақылдаспай басталған тірліктің соңы көбіне аяқсыз қалады. Естеріңізде болса, осыдан 15-16 жыл бұрын Қаскелеңнің жанынан академия ашамыз, бүкіл ұлттық құрама сол жерде дайындалады деп миллиардтаған қаржы бөлінді. Бірақ сол қыруар қаржы «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті. Одан бері де қанша уақыт өтті. Қазір тағы да академияның құрылысын бітіреміз деп ақша бөліп жатыр. Оның қашан бітетіні белгісіз. Мемлекет басшысы жақында үш облыс ашу туралы шешім қабылдады. Үш облыс ашу деген кішкентай ауылға көше салып беру емес. Ол облыстарға қаншама инфрақұрылым мен кадр керек. Қазіргідей халықаралық жағдай шиеленісіп, экономикалық мүмкіндігіміз төмендеп бара жатқан кезде Ұлттық спорт университетін саламыз деу түсініксіз. Себебі қазіргі министрліктің істеп жатқан тірлігі халықтың көңілінен шықпай отыр. Мәселен, 50 жылдан бері жастарды тәрбиелеп, 500 баланы 7-сыныптан бастап оқытқан республикалық Спорт колледжін жауып, оның орнына бизнес құрылым жасамақшы. Сонда біз құратын Жаңа Қазақстан деген бұрынғының барлығын құрту ма? Сол колледжге қарасты мектеп 20 олимпиада чемпионын дайындаған оқу орны. Енді қазір мектептегі 250 оқушыны таратып жіберді. Басында колледжді де жаппақшы болған. Халық шулаған соң мектепті жауып, колледжді қалдырды. Бала тәрбиелеп отырған оқу орнын жауып, орнына жаңа нысан ашқаннан басқа министрліктің жұмысы жоқ сияқты. Егер министрлік университет салғысы келсе, құрылысы басталған Қаскелеңдегі академияны ертерек бітірту керек. Сонда барлық құрама команда сол жақта дайындалар еді. Бірақ бұл құрылым сыбайлас жемқорлыққа жақын. Қазіргі спорт саласын басқарып отырғандар спорттан хабары жоқ адамдар. Білмегендіктен де осындай қадамға барып отыр. Еліміздің әлеуметтік жағдайында шешілмей жатқан мәселелер шаш етектен. Неге бұл қаржыны сол бағытқа жұмсамасқа? Иә, ұлттық спортты дамыту керек. Бірақ қазіргі жағдайда еліміздің дамуында бұл күн тәртібінде тұрған мәселе емес. Бүгін 47 млрд ақша бөлмесе, қазақ спорты тоқтап қалмайды. Әрбір бөлінген ақшаның артында жемқорлық жатады. Мен қыруар қаржыға университет ашуға қарсымын. Бұл ақшаны халықтың шешілмей жатқан мәселелеріне жұмсау керек.
– Бұл тұста сонда бірінші кезекте нені ескеру керек?
–Барлық сала іргетасынан басталады. Бала бүркіт ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі деген сөз бар. Сондықтан тәрбиенің барлығы мектептен басталады. Баланың спортқа деген қызығушылығы да мектепте қалыптасады. Мысалы, көрші Қытай елі спорт мектептеріне баланы 1-2-сыныптан қабылдайды екен. Ал біз 6-7-сыныптан бастап қана қабылдап жүрміз. Себебі кейбір спорттың түрлеріне бала 4-5 жастан бастап қатысуы керек. Бізде спорт саласынан хабарсыз жандар, спортқа өздерінше реформа жасауға тырысады. Кеңес заманынан келе жатқан спорт мектептерінің өздерінің қалыптасқан дәстүрі бар еді. Балаға ең бірінші білім керек. Себебі қазіргі баладан болашақта қандай спортшы шығатынын ешкім тап басып айта алмайды. Әр адамның физиологиясы әртүрлі. Жас кезінде нәтиже көрсетіп жүрген баланың барлығы бірдей есейгенде ондай нәтижеге жете бермейді. Әлбетте, спортты жалғастыратындар да бар. Бірақ есейгенде адамның дене құрылысы өзгеруіне байланысты олардың бойындағы спортқа деген қабілеті біреуінде төмендейді. Ал кейбір балаларда керісінше. Булығып барып өсті деп айтамыз ғой. Сол сияқты еңбектеніп жүріп, кейін жақсы нәтиже көрсететіндер бар. Ескеретін дүние көп.
Тағы бір мәселе, чемпион болған спортшыдан жақсы педагог немесе бапкер шығады деп болмаса жақсы басшы болады деп ойлау қате. Сондықтан да олардың атағы немесе лауазымы бар екен деп мемлекеттік жауапкершілігі үлкен мекемелерге басшылыққа тағайындау да дұрыс емес. Ондай жоғары лауазымға жету үшін адам әуелі белгілі бір баспалдақтардан, өмір мектебінен өту керек. «Торғай сойса да, қасапшы сойсын» демекші, функционерлік міндеттерді оны белгілі бір дәрежеге жеткізе алатын, тәжірибесі мол қатардағы азаматтарға жүктеген жөн.
– Сіздің ойыңызша, еліміздегі спорт мәселесінің дәл қазіргі уақытта Үкімет назар аударуы тиіс негізгі проблемалары қандай?
– Жалпы, мемлекет тарапынан спортқа жақсы көңіл бөлініп жатыр. Бірақ соның барлығы спортқа жетіп жатыр ма? Бізде әлі де әртүрлі спорт құрылымында, соның ішінде мектеп, колледждерде басшылық етіп жүргендердің көпшілігі телефон арқылы қызметке келген азаматтар. Олардан қандай кәсібилік күтуге болады. Әр қызметке тағайындалар басшыны телефонмен біреудің өтініш айтқанына қарап емес, біліктілігі мен икеміне қарап қою керек. Жаңа Қазақстанда мұның бәрін тоқтататын уақыт жеткен сияқты. Неге соның бәрі конкурспен өтпейді. Ішкі саясатта әкімдерді сайлау арқылы тағайындаймыз деп жатырмыз. Сол сияқты барлық басшыны тәуелсіз комиссия арқылы, конкурспен қабылдау қажет. Өз еңбегімен басшылыққа келген адам міндетті түрде өз жұмысына тиянақты болады. Спортты көтереміз десек, ауыл спортын көтеруден бастағанымыз дұрыс. Мысалы, біздің колледждегі 500 баланың 90 пайызы ауылдан келген. Егер ауылда оларға спортпен айналысуға барлық жағдай жасалса, балалар дайын келер еді. Сондықтан ауылға көңіл бөлуге тиіспіз. Мысалы, осы 47 миллиардтың орнына қаншама ауылға спорт кешендерін салар едік. Ауыл спортында кезінде спорттың барлық түрі болатын. Жүгіру, ұзындыққа секіру, футбол, волейбол, баскетбол сияқты. Ауылдағы мектептерге соның бәрін қайта дамыту керек. Екіншіден, осындай колледжді мемлекеттік грантпен бітірген жастарға жолдама беріп, 2-3 жылға ауылға жіберу қажет. Жастар сол жақта тұрақтап қалу үшін баспанамен қамтамасыз етіп, жалақысын да жоғары коэффициентпен 1,5 есе етіп төлеу керек. Осылай ауылдағы спортпен шұғылданатындардың санын, жаттықтырушыларды көбейтуге болады. Бұл жағдай мамандардың ауылда тұрақтап қалуына септік етпек. Бұл – ауыл спорты өркендейді деген сөз.
– Әңгімеңізге рақмет!