Доңыз салған әлек
Доңыз салған әлек
1,211
оқылды
Сұлу табиғаты төрткүл дү­ние­ге аңыз болып тараған Зе­­­­ренді өлкесінде жабайы доңыз­­­дың салған ылаңы жай­лы ма­териал тиісті органдар­дың шымбайына батқан сияқ­ты. Газетте «Доңыз дабыл қақ­­­­­­­­тырды» атты мақала жа­рия­­­­лан­­ғаннан кейін тиісті ор­гандар де­реу хабарласып, жур­налис­тік зерттеу аясында алқалы жиын ұйымдастыр­мақшы еке­нін айтып арнайы шақырды. Жылдар бойы қор­да­ланған мәселенің шешімі та­былар деген үмітпен келі­сім бердік. Осы аптаның ал­ғаш­қы күні ауылдағы диқан қауым мен орман шаруа­шы­лықта­рының ащы жанайқайы­на себеп бол­ған Зерендіге тағы ат басын бұрдық. Ақмола облысы Орман шаруа­шылығы және жануарлар әлемі территориалдық инспекциясы ұйым­дастырған жиынға осы ведомствоның басшысы Лашынтай Дүйсенов пен бөлім басшысы Ержан Сағынаев, Зеренді ауданы әкім­дігіне қарасты ауыл шаруа­шылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерғазы Шындаулетов, республикалық «Қансонар» ассоциациясының өкілі Әлібек Қоқышев, «Пухальское» аң­шы­лық шаруашы­лығының аға қорықшысы Стас Криштофик, «Алтын Агро» шаруа қожалығының жетекшісі Сәкен Бегенов пен Kaz Grain Feeders ЖШС-ның өкіл­дері қатысты. Аумақтық инспекцияның бө­лім басшысы Ержан Сағынаев жұрт алдында мақаланы қайта оқып, көтерілген мәселені жұрттың талқысына салды. Байқасақ, та­раптардың дауы әбден шегіне жетіп, асқынғаны соншалық, «ши­­қанның өзегі» жарылуға шақ қал­ған. Диқан қауымы астықты ал­қап­тардың доңыз шабуылынан кейін миллиондап шығынға батып жатқанын айтып шырылдаса, орман алқаптарының қорықшысы шошқаның аса көбейіп кете қоймағанын айтып ақталмақ болды. Қорықшының айтуынша, жабайы доңыздардың жалпы саны өткен қыста 133 бастан аспаған. Оның ішінде ұрғашы аналықтарының саны да аса көп емес екенін алға тартты. Доңыз саны 400-500 болған жоқ... «Доңыздардың басын жыл сайын арнайы есепке алу жұмыс­тары жүргізіліп отырады. Былтыр­ғы қыста біздің есептеуімізше, 133 бас болған. Мақалада аталып көр­сетілгендей, жабайы қабандардың саны 400-500 бас деп айта ал­­­маймын. Аңшылық шаруашы­лы­­ғында мұндай көрсеткіш ешқашан болмаған. Ауылдағы шаруа­шы­лықтардың егінін бүлдіріп жат­са, бірігіп ортақ шара қолданайық, бірлесіп бір апта жүрсек те мәселенің шешу жолдарын қарас­тырайық. Егер нақты қабандардың тым көбейіп кеткені анықталса, біз олардың басын шектеуге қарсы емеспіз. Бірақ доңыздардың саны тым өсіп кетті дей алмаймын», – дей­ді «Пухальское» аң­шылық шаруа­шылығының аға қорықшысы Стас Криштофик. Сен 30 жылқы бақсаң, мен 3000 доңыз асырап отырмын... Ал егін салумен айналысқан ди­қан қауымы өкілдері бұл уәжбен мүлде келіспейтінін мәлімдеді. Олардың айтуынша, 6-7 жыл­дан бе­рі доңыздардың салдарынан егін­дері тапталып, шығын­ға бел­ше­сінен батқан. Мұнымен қоса, доңыз орман-тоғайларды ластап, көлдерді лай-батпаққа айналдыра бастаған. «Шошқаның кесірінен әбден жапа шегіп болдық. Жыл сайын көбейіп, егінімізді таптап жеп кетеді. Көбіне түнде жортады. Қараңғы болғасын видеоға да дұрыс түсіре алмайсың. Жүздеген қабанның тобымен егініміздің үстінен жүретінін талай көрдік. Көлікпен қуып қашырған боламыз. Атуға дәрмен жоқ. Айыппұлмен тіпті түрмеге тоғытамыз деп қорқытады. Қазір шошқалар ағаш­тардың арасында көлеңкелеп жатыр. Былтыр бірнеше гектар алқап егінін түгелдей шошқа жеп кеткендері болды. Осы мәселені көтергенде «егіндеріңді өздерің қоршап алыңдар!» дегенді де айтты. Мыңдаған гектарды қалай қор­шаймыз? 133 бас дегені шындық­қа мүлдем жанаспайды. Кемін­де мыңнан астамы бар. Ішіміз удай ашиды. Бірақ қолдан келер қайран жоқ. Осыған дейін қызмет еткен Алексей Бойков маған «Сен 30 жылқыңды асырай алмай отырсың, мен 3000-ды асырап отырмын» деген. Содан-ақ белгілі ғой... Негізі мұны бизнес жасап отырғаны анық. Сондықтан шошқаның да санын кемітіп береді», – дейді Қойсалған ауылынан келген «Алтын Агро» шаруа қожалығының басшысы Сәкен Бегенов. Kaz Grain Feeders өкілдері де жабайы доңыз санының тым тө­мен көрсеткіште көрсетілетінін алға тартып, мәселені бірлесе ше­шудің жолдарын қарастыру қажеттігін жеткізді. 53 қабанды атуға квота бөлінді Ал «Қансонар» республикалық ассоциациясының өкілі Әлібек Қоқышев доңыздардың популяциясының тым көбеймегенін, ал саны аңшылық шаруашылық қорықшыларының арнайы жүргізген есебі бойынша алынатынын мәлімдеді. «Аңшылық шаруашылықтың берген есебіне сәйкес доңыздардың биылғы жалпы саны (особь) 148 басқа жеткен. Соңғы бес жыл­да, қолданушылардың мәліметтері бойынша, 36 басқа көбейген. Тиі­сінше, пайыздық есеппен доңыз­дар­ды атуға берілетін лимит те көтерілді. Биыл «Пухкальское» аң­­шылық шаруашылығында 53 қа­­банды атуға квота қарас­тырыл­ған», – деді Әлібек Қоқышев. Мәселе бойынша облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инс­пекциясының берген деректерін де оқырман назарына ұсына кетсек. Ведомствоның мәліметінше, жануарлар әлемін қолданушылар «Жануарлар әлемін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» заңның 27-бабы 2-тармағының 7-тармақшасына сәйкес, жыл са­йын заңмен бекітілген тәртіпте санақ өткізіп, оның есебін ұсынып отыруға міндетті. Доңыздарды бейберекет атуға рұқсат жоқ «Доңыздардың көбейіп, ауыл шаруашылығы тауар өндіруші­лерінің егістік алқаптарына тапталып жатқаны анықталғандықтан, жеке кәсіпкер «Пухальское» аң­шылық шаруашылығының иесі, жеке кәсіпкер С.Нұртазинге бекі­тілген аумақта егістен алыстататын барлық шараны қабылдау­ды ұсындық. Диқандарға да егіс­­тікті жоюына жол бермеу үшін оны тұрақты бақылау, орманға таяу жерлерге жүгері, картоп және ас­тықты дақылдарды екпеуге кеңес бердік. Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2010 жылдың 14 сәуі­ріндегі №258 бұйрығына сәйкес доңыздар саны реттейтін жан­уар­лар тізіміне кірмейді. Сондықтан оларды бей-берекет атуға рұқ­сат беру мүмкін емес», – деді Ақ­мола облысы Орман шаруашы­лығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Ержан Сағынаев.  
P.S. Сонымен, жиын қорытын­дысы бойынша диқандар мен «Пухальское» аңшылық шаруашылы­ғының қорықшысы егістіктерді қор­ғау мен олардың санын анықтау бойынша бірлесіп әрекет етуге ше­шім қабылдады. Ал аумақтық инс­пек­ция өз тарапынан жоғарыда аталған сала өкілдеріне доңыздардың егістіктерді жоюының алдын алу үшін ұсыныс хаттар жолдайтынын жеткізді. Әрине, бұл тұрғыда тараптардың өзара бірлесе әрекет етіп, ортақ мәселені тиімді шешуге назар аударғаны жөн сияқты...

Ақмола облысы