Қаймықпашы, қамықпашы, құтқарушы...
Қаймықпашы, қамықпашы, құтқарушы...
© коллаж: Әсел Балтақызы
848
оқылды
Өрт сөндірушілер, құтқарушылар үшін етегіне сүрінген қауырт шақ туды. Әр өңірде қураған шөп жанып, дала-орман өрті қаулады. Шомылу маусымының басталуы судағы қауіпсіздік шараларын қабылдау үшін ұйқы-күлкіні ұмытып, қызу қимылдауға мәжбүрледі. Алайда осы сала жұмыскерлерінің өздері құтқаруды қажет ететіндей. Қаншама құтқарушы жұмыс барысында қаза тапты. Тірісінің жалақысы аз, жұмыс ауқымы жыл сайын ұлғаяды. Көбі борыш батпағына батқан. Сондықтан ТЖМ оларды әлеуметтік қолдау шараларын әзірлеуде. Қызметі көлдей, құрметі шөлдей Заңнамада «азаматтық қорғау органдары» (АҚО) деп аталатын ТЖ мамандарына жыл он екі ай дамыл жоқ: қыста қар құрсауында қалғандарды, түтеген боранда адас­қандарды тауып, құтқару, көк­темде күні-түні елді мекен­дер­ді қарғын судың басуына қарсы күресу, су тасқынынан зардап шек­кендерді эвакуациялау, жаз бен күзде тілсіз жаудың жайлау мен жасыл орманды жалмауына қарсы тұру. Бұған қоса, отқа оран­ған өнеркәсіптік, әлеуметтік, әкім­шілік, тұрғын үй нысан­да­рын­­­дағы өртті сөндіру, күрделі жағдайға тап болғандарды құт­қару, қирандыны аршу сияқты «ағымдағы шаруалары» да бар. Бүгінде ауыл-аймақта лаула­ған от ошақтарына ТЖ қызмет­керлері аттандырылып жатыр. Мысалы, Қарағанды облысының бір Қарқаралы ауданындағы алапат өртпен бірнеше күн бойы 220 АҚО қызметкері алысқан. Ал 2021 жылы АҚО қызметкерлері 12,1 мыңнан астам адамды құт­қар­ды. Соңғы төрт жылда – 2018-2021 жылдары республика аума­ғында 60 174 төтенше жағдай және оқиға тіркелді. 2022 жылғы бірін­ші тоқсанда 2 434 төтенше жағдай мен табиғи, техногендік сипаттағы оқиғалар болған. 4 296 адам құт­қарылды. ТЖМ өз қызметкерлерінің бы­лайғы жұрт біле бермейтін, еле­мейтін еңбегін атады. Олар 2019 жылы тұтас қаланы жойып жібере жаздаған Арыстағы қару-жарақ қоймасындағы жойқын өрт­ті сөндіруге қатысты. 2021 жыл­ғы тамызда Жамбыл облы­сы­ның Байзақ ауданында әскери бөлімдегі ғаламат жарылыстарды доғаруға және олардың зардабын жоюға жұмылдырылды: басын бәйгеге тіге жүріп, құтқарушылар халықты эвакуациялады. Сонда оқ-дәрілердің жарылуы салда­ры­нан АҚО-ның 10 қызметкері қаза тапты. Тағы 39-ы жараланды. АҚО қызметкерлері «Қасіретті қаңтар» оқиғаларында 11 өңірді жайлаған бүлік пен тәртіпсіздікті тыюға, қоғамдық тәртіпті сақтауға тартылды. Олар әскермен, құқық қорғау, арнайы органдар өкілдері­мен тең дәрежеде қызмет атқару­дың күшейтілген режиміне ауыс­тырылды. Олардан айырмашы­лығы сол, АҚО қызметкерлері қор­ғаныс құралдарымен, арнайы брондалған техникамен жабдық­талмаған. Салдарынан радикалдар бірінші соларды аяусыз соққыға жықты, көліктерін тартып алды. Олар қаңтар оқиғалары, ТЖ ке­зінде өрт сөндіруді, жарылғыш заттарды тауып, жоюды жүзеге асырды. Терроризмге қарсы опе­рацияларды жүргізуге, жаппай тәртіпсіздік жағдайындағы қыз­мет түрлеріне, стратегиялық мем­лекеттік және басқа әлеуметтік нысандарды қорғауға жұмыл­ды­рылды. Құтқарушының өзі құтқаруға зәру Жалпы, тәуелсіздік жылда­рын­да қызмет міндеттерін атқару кезінде АҚО-ның 64 қызметкері қаза тапты, 163-тен астамы мер­тік­ті, мүгедек болып қалды, жара­қат алды. Осы тәуекелге толы еңбегі үшін мемлекеттен құрмет-қошемет көргені шамалы. Әрқай­сысы – бейбіт күннің қаһарман­дары болса да, саланың бірде-бір өкілі «Халық Қаһарманы» атағын алмаған. Тәуелсіздіктің бүкіл 30 жылында 308 өрт сөндіруші мен құтқарушы ғана кіші дәрежелі мем­лекеттік наградалармен ма­ра­патталған. Салыстырсақ, әске­ри­лердің, құқық қорғау, арнайы ор­гандардың мыңдаған қызмет­ке­рі жыл сайын түрлі марапат алады. Азаматтық қорғау органда­рының қызметкерлері әскерилер­мен және құқық қорғау органдары қызметкерлерімен бірдей құқық­тық мәртебеге ие. Құқықтық тәр­тіпті қамтамасыз ету бойынша бірыңғай міндетті орындайды. Бірақ олармен бірдей әлеуметтік қамсыздандыруға ие емес. Әлеу­меттік қорғалуы тым нашар. Сал­дарынан ТЖ саласында кәсіби кадр­лардың кету қарқыны көбей­ген: арнайы атағы бар ТЖ қыз­меткерлері басқа құқық қор­ғау, арнайы органдарға, әскерге, жеке секторға ауысып жатыр. Ке­йінгі үш жылда ғана АҚО-ның 2 мың­дай (1 910) қызметкері өз еркімен жұмыстан шыққан. Өйткені, біріншіден жалақы­сы тым төмен: еңбекақысы кезең-кезеңмен көтерілгеніне қарамас­тан, орта есеппен 108 974 теңгені құ­райды. Жан-жақтан жаппай қым­батшылық қысқан заманда бұл қаржыға отбасы түгіл өзіңді асы­рауың қиын. ТЖМ хабарла­уын­­ша, өрт сөндірушілер мен құтқа­рушылардың үлкен бөлігінің жеке баспанасы жоқ. Олар жала­қы­ның аздығынан түрлі тұрғын үй бағ­дарламаларына да қатыса ал­май­ды. Не бастапқы жарнаға жет­кілікті соманы жинақтай ал­май­ды, не гарант таба алмай қиналады. Министрліктің ақпаратынша, «жетімбұрыш» жағалаған АҚО қызметкерлері отбасыларымен бірге өртке қарсы, қауіпсіздік және санитарлық нормаларға сай келмейтін арзанқол лашықтарды, жайсыз бөлмелерді жалдап тұруға мәжбүр. Бұл жайт та олардың пси­хологиялық, моральдық ахуалына теріс әсер етеді. Осы орайда Төтенше жағдай­лар министрлігі екі жылдан бері жыр болған «Кейбір заңнамалық актілерге азаматтық қорғау мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Құжат енді мемор­гандардың, ең бастысы – Қаржы министрлігінің келісі­мінен өтуі шарт. Мүдделі мемор­гандар құптаса, өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың өмірі біраз жақсаруы тиіс. Салада нендей игілік ұсынылады? Құжаттың ең басты жаңалығы – онда құтқарушылардың зейнет жасын азайту ұсынылып отыр. АҚО құтқарушылары ауа райы жағдайына, жасына қарамастан күрделі табиғи және техногендік ортада, химиялық, радиациялық зақымдану аймақтарында, биік тауда, адам аяғының жетуі қиын аудандарда, өмірге және денсау­лыққа қауіпті нысандарда іздес­тіру-құтқару жұмыстарын, сон­дай-ақ суасты сүңгуір-іздестіру жұмыстарын орындайды. Қаза тапқандардың күмпиіп ісіп кет­кен немесе өртенген, иісі қолқаны қабатын мәйіттерін, денелердің фраг­менттерін жинайды. Мұндай жан күйзелтетін, рухани азап шек­тіретін, еңсені басатын жұмыс тез қажытады, жылдам қартайтады. Қазір құтқарушылар өзгелер қатарлы 63 жаста зейнеткерлікке шығады. ТЖМ егде тартқан құт­қа­­рушылардың биіктікте, су ас­тын­да, химиялық және радиоак­тив­ті зақымдану аймақтарында, апат­тық-құтқару жұмыстарын жүр­­гізу орындарында кәсібіне тән ерек­ше жұмыс түрлерін ат­қаруға денсаулығы жарамайты­нын ашық айтты. Сондықтан министрлік құтқа­рушылардың зейнеткерлік жасын төмендету үшін оларды азаматтық қызметші қатарынан шығарып, «арнайы атақтар берілген АҚО қызметкерлері» санатына ауыс­тырмақ. Екіншіден, әлеуметтік қорға­луын күшейту үшін азаматтық қорғау органдары қызметкер­ле­ріне де тұрғын үй төлемдерін тө­леу қарастырылмақ. Үшіншіден, заң жобасында тікелей мемор­ган­ның, мекеменің бюджет қа­ражаты есебінен құтқару­шы­лар­дың және өнеркәсіптік қауіпсіздік инспек­торларының өмірі мен денсау­лығын сақтандыру ұсыны­лады. Сонда олар қаза тапса, мер­тіксе, сақтандыру есебінен отба­сына шамалы болса да, көмек болады. «Құтқарушылар өмір мен ден­саулығы үшін аса қауіпті жағ­дай­ларда жұмыс істейді, жиі жарақат алады. Дегенмен құтқарушыларды міндетті әлеуметтік сақтандыру олардың өз қаражаты есебінен жүзеге асырылып жүр. Бұл ретте құтқарушылар жалақысы аз бол­ғандықтан, сақтандыруды рәсім­дей бермейді», – деп түсіндірді ТЖМ. Төртіншіден, қызмет өткеру кезінде АҚО қызметкерлері ауы­рып қалса, оларды бюджет қа­ра­жаты есебінен санаторий-курорт­тық емдеу ұсынылды. Мұндай артықшылықты әскерилер, ҰҚК қызметкерлері пайдаланады. Бе­сіншіден, қызметі бойынша ауыс­тыру-ротациялау және жоға­ры­лату кезінде АҚО қызметкерлеріне көтерме жәрдемақы төлеу, мүлкін тасымалдау шығындарын өтеу көзделеді. Алтыншыдан, жауын­герлік іс-қимылдарға жақында­тылған жағдайларда жұмыс істе­гені үшін үстемеақылар енгі­зіл­мек: оның көлемі 3 еңбекақыға тең болады деп күтілуде. Сондай-ақ мұндай жұмыстың 1 күні жұ­мыс өтілінде 3 күн ретінде есептелмек. Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбековтің айтуынша, тілсіз жауға қарсы халық қорғанында тұрған өрт сөндірушілердің жағ­дайы ауырлау: 9-11 жыл өтілі бар сержант атағындағы өрт сөнді­ру­шінің орташа жалақысы бұрын 80-90 мың теңге болған. 2017 жыл­­дан көтерілгеннің өзінде қазір 141 604 теңгені құрайды. Өрт сөнді­ру­ші, құтқарушы маман­дық­тары аза­маттар арасында беделді санал­майды. Сала кәсіби кадр­ларынан айырылып жатыр. Бұл кәсіптің беделін көтеру үшін ТЖМ-ге біраз еңбектенуге тура кел­мек. Қазақ­станда тозығы жет­кен нысандар мен инфрақұрылым саны жыл санап артуда, салда­ры­нан техно­гендік сипаттағы апат­тар күрт көбейеді деп болжанады. Сөйтіп, ТЖМ қызметкерлеріне тү­сетін күш, төнетін қауіп ұлғаяды. Ендеше билік азаматтық қор­ғау органдары өкілдерін қорғап, қолдау қамын қазірден жасаса, жөн болар еді.