Киік көбейгені кімге сор?
Киік көбейгені кімге сор?
1,297
оқылды
Елімізде киік көбейді. Жақсы үрдіске осыған дейін экологтердің еңбегі мен киікті атуға салынған тыйымның әсері болғаны сөзсіз. Бірақ салаға жауаптылар таяуда аяқасты күтпеген қадамға баруға ниетті екендерін көрсетті. Батыс Қазақстанда шаруалардың жерін киік таптап, еңбегі еш кетіп жатқанын бұған дейін айтып жүрген. Ақыры бөкендерді атуға рұқсат берілуі мүмкін. Бұған қарсы шыққандар көп. Сонымен, қай тараптың пікірі ақылға қонымды, киік азайғаннан шаруалардың мәселесі шешіле ме? Әуелі мән-жайды қысқаша баяндап өтсек. Батыс Қазақстан облысындағы шаруалар «киік қап­тап кетті» деп шағым айтқан соң «Ашық үкімет» сайтында заң­ға түзету енгізу туралы құжат жобасы жарияланды. Құжатта Экология министрлігі киік атуға рұқсат етуді ұсынатыны жазылған. Түзетулерді талқылау кезінде би­лік құжат толықтыруға жібе­ріл­генін айтқан. Алайда алғашқы нұсқасы сол күйі сайттан алын­бады. Негізі, талқылау 21 маусым­да аяқталуы тиіс болатын. Мау­сым­ның соңында Экология ми­нистрлігі киік санын реттеу тура­лы шешім қабылдағаны белгілі болды. Экология министрі Се­рікқали Брекешев Орал даласын­дағы киіктің 10 пайызын атуға рұқсат берілетінін айтқан. Соңғы есептерде онда 800 мың киік бары расталған. Демек, 80 мыңын атуы мүмкін. Жауаптылар бұл әрекетті «популяцияны сақтау және арт­тыру» деп айтты. Сол-ақ екен, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі киік етін өңдеп, консерві шығару мәселесін көтеріп үлгерді. Сөз­дерінше, өндірушілермен келіссөз жүргізіліп жатқанға ұқсайды. Бірақ мұның нақты қалай жүзеге асатынын Орман шаруашылығы комитеті шешеді. Шынын айтқанда, Батыс Қа­зақстан облысында қанша киік барын нақты емес. Болжаммен 800 мың, бірақ төлін қосқанда 1 миллионнан асатыны айтылады. Жалпы, ел аумағында шамамен 1,3 миллион киік бар. Сонымен, киік көбейді, шаруалардың жері де ұлғайды. Кім кімнің жерін тапап жатқаны белгісіз. Киік атуға рұқсат берілді делік. Бірақ киіктің заңды атылғанын немесе мүйіз айналымын, киік санын кім ба­қы­лайды? Киік етін өңдеумен кім айналысады? Осы жағы түсініксіз. Минималды есеппен әр киік 30 келі ет беретін болса, 80 мың киік 2 млн 400 мың тонна ет береді. Әр келісін 1 000 теңгеден есептесек, 2,4 млрд теңге шығады. Қара на­рықта қос мүйізі шамамен 150 мың теңге. Сонда 80 мың киіктің мү­йізінен 12 млрд теңге пайда түседі. Терісін есепке алмадық. Ату, сою шығыны бар. Негізі, әр­кімнің қалтасына кетпесе, мем­ле­кет үшін біршама табыс әкеледі. Қош, енді мәселенің өзіне оралайық. Экологтер неге наразы? Эколог Сәкен Ділдахмет киік санын реттеу жоспарын қолдап отыр, дегенмен биыл болмауы керек екенін айтады. Маманның ойынша, киік атуға мораторийді 2025 жылға дейін созған жөн. Киік саны 2-3 миллионнан ас­қанда реттеу жайын қозғай беруге болады-мыс. – Экология министрлігі киік атудың себебін шаруалардың ша­ғымымен байланыстырды. Бі­рақ бұл салдары. 2015 жылы киік жап­пай қырылған кезде по­пуляция күрт төмендеді. Бөкен­дерді қор­ғаудың арқасында жыл сайынғы өсімді 40-50 пайызға жеткіздік. Сол кезден бері киік саны өсіп жат­қанда Үкімет «егер 1 миллион­нан асатын болса не істейміз?» деп сұрақ қоюы керек еді. Осын­дай мәселелер туындауы мүмкін деген болжам болуы қажет еді. Алдын ала еш жоспар болмады. Әкімдіктер ауылшаруашылық жерлерін бейберекет тарата берді. Ақыры киіктердің жайылымы тарылды, – дейді ол. Маманның сөзінше, бұл тұста бірнеше мәселе бар. Біріншіден, миграция. Үлкен тасжолдар мен те­міржолдар киік миграциясын тежеді. Ал экодук салу мәселесін ешкім ескермеді. Соның кесірінен киіктер араласуы тежеліп, гендік мәселелер де шықты. Қазір бө­кен­дердің көп ауруға шыдамсыз екені анықталған. Екіншіден, ел­де экологиялық ахуал нашар­ла­ды. Су қоймалары кеуіп жатыр. Киік те, мал да ішетін су азайды. Фер­мер­лер «біздің суымызды ішіп қойды» дегенді жиі айтады. Негізінде, су меншікке жатпайды. Үшіншіден, биыл 80 мың киік ататын болса, шаруалардың мәсе­лесі шешіл­мейді. Ақыры билік келер жылы бұдан да көбін қыруға мәжбүр болмақ. Төртіншіден, эко­лог бі­раз өңірді аралағанда егін­діктің көбі сонша, киік түгілі мал жайы­латын жер жоғын көр­ген. Содан кейін киіктер амалсыз шаруа­лар­дың жеріне түсетінін айтады. – 80 мың киікті атқан күннің өзінде ет комбинаттарының өң­деу­ге күш-қуаты жете ме? Етті ха­лықаралық нарыққа шығаратын болсақ, СИТЕС конвенциясы барын ұмытпайық. Сирек және құрып кету қаупі бар жануар­лар­дың тасымалын реттейтін жүйе. Ол жерде арнайы нөлдік лимит бекітілген, олар рұқсат бермесе, біз киік етін жайдан жай сата ал­маймыз. Сол үшін сыртқа тасы­мал­дар алдында осы мәселені реттеп, лимит бекіту қажет. Тағы бір сауал – киік мүйізінен не дәрі жасалады, қандай ауруларға ем? Соны зерттеп, фармацевтикалық нарықты дамытуға болады. Со­нымен, мораторий біткенде киік аңшылық түрге ауысып кетеді. Оған да лимит бекітілуі керек. Бәрі арнайы мекемемен реттелуі тиіс. Мұның бәріне әзірлік жоқ. Сондықтан мораторийді 2025 жыл­ға ұзарту қажет. Егер барлық мәселені реттеп қойсақ, киік са­нын реттеуге қарсы болмас едім, – деді эколог. Сәкен Ділдахметтің сөзінше, негізі процестер табиғи жолмен рет­телуі қажет. Бірақ экологиялық ахуал­дың күрделенгені сонша, жа­нуар санын реттеуге атсалы­са­тын қас­қырлар тым азайып кет­кен. Кей­­бір өңірлерде мүлде жоқ. Ақы­ры табиғи процестерді адам қо­лымен реттеуге мәжбүр болыппыз. Киік жайылымы 5 есе қысқарған Оралдық қоғам белсендісі, журналист Нұрлыбек Рахманов өңірдегі шаруалар шағымдана бастағаннан-ақ жайылым жер­лерді аралап, мамандардың пі­кі­рін зерделеп көрген екен. Ол қазір мәселеге байланысты біржақты ғана пікір барына қапалы. – Тек фермерлер зардап шек­кен ұқсап айтыла бастады. Бірін­шіден, су мәселесі бар. Киік іше­тін су жоқ. Нарын құмында су дең­гейі төмендеген. Сосын киік­тер қолдан қазылған тоғандарды жағалайды. Егісті таптамай қалай су ішсін. Бізде су көздері жетерлік. Гидрологиялық зерттеу жүргізіп, анықтаса, су тартылса, олар егінді таптамас еді. Екіншіден, 2007-2015 жылдар аралығында киіктің жайылымы 5 есеге қыс­қарған. Ал ауыл шаруашылық жерлері соңғы 15 жылда 30 есеге ұлғайған. Мұның бәрін әуелден Үкімет өзі жоспарлаған. Үшін­ші­ден, ша­руалар қуаңшылықты киік­тен көретін негізсіз пікір шы­ғарды. 826 қожалық дау айтқан. Енді қараңыз, биыл Жәнібек ау­да­нында 21 ауылшаруашылық құ­рылымы ашылған. Алда өріске ортақтасатын тағы 26 қожалық ашылмақ. Жауаптылар «киік қорғау аймағынан жер бөлуге болмайды» деген заң жоқ дейді де, жерді ша­руаларға үлестіре береді. Ауыл ша­руашылық басқармасы жер бөлерде Экология министрлігінен рұқсат сұрамайды. 15 шілдеге дейін нақты шешім шығарыңдар деп отыр. Ал киік резерваты құм­дауыт жерлерден берілген. Онда киік бармайды, – дейді ол. Оның айтуынша, жауаптылар мұндай қадамға әлеуметтік дүм­пуден қорыққанынан барып отыр. Алғашқыда шаруаларға есе­бін білместен жер үлестіріле берген. Ақыры мәселені қолдан жасап алғандарын мойындағысы келмейді. Бұған қоса, киікті азай­туға шешім қабылдаған күннің өзінде дайындық жоқ. – Етті консервілеп, сатамыз дейді. Қайдағы, ветеринар маман­дар зерттеу жүргізген жоқ, сани­тарлық мәселе ескерілмеді. Мал­дың терісін өңдей алмай отырып, киік терісін не істейді? Елімізде киік «Қызыл кітапқа» енбеген. Бірақ әлемде сиреп бара жатқан жануарға жатады, оның етін та­сымалдау кей мемлекеттерде кон­трабандалық тауарға жатқы­зы­лады, – дейді Нұрлыбек Рахманов. Шаруалар да жоғарыға өкпелі Өңірдегі Жәнібек ауданына қарасты Қамысты ауылының тұр­ғыны, шаруа Бауыржан Са­банов шаруалардың киікке «өшігіп» отырмағанын айтады. Несібесін егін мен малдан айырып отырған жұрттың көбін айтқан ол киікті реттеу ұсынысын амалсыз қолдап отырғанын жеткізді. – Киіктер көктемде төлдейтін орын тауып алған. Бұрын олай емес еді. Қазір 3 ауылдық округтің жанында төлдейді. Қазір өздеріңіз келіп көрсеңіздер, түсінесіздер. Ауылдардың жаны толған киік. 200 гектар жерге егін еккенмін, соның 40 гектарын отап кетті. Біз шаруа ретінде киіктің көбейгеніне қарсы емеспіз. Әуелде жауаптылар мәселені реттеу керек еді. Шаруа­ларға оңды-солды жер таратылмау қажет болатын. Облысты киік резерватына 660 мың гектар жер бөлінген. 800 мың деген төлдемей тұрғандағы саны, миллионнан әлдеқашан асып үлгерді. Шаруа­лар жерін қоршап алсын дейді, ол қыруар шығын, егіндікті қоршауға мүлде субсидия жоқ. Мал шаруа­шылығының өзінде 20 пайыз ғана. Ол неге жетеді? Біз қорша­йық, бірақ халықтың малы бар ғой. Қайда жайылады? Оның үс­ті­не, киіктер осы кезде өздігінен ауруға шалдығып, өліп жатыр. Одан да санын реттеген абзал, – деді Сабанов. Биыл 80 мың киікті азайтқа­ны­мен, келер жылы бұдан да кө­бін қыруға мәжбүр болатыны­мызды Сабанов та айтып отыр. Сондықтан шаруа әуелде бәрін жүйелі жоспарламаған экология, ауыл шаруашылығы саласының мамандарын кінәлайды.  
ТҮЙІН: Байқағанымыздай, киікке жа­уығып отырған ешкім жоқ. Жөнді атқарылса, санын реттеуге де көбі қарсы емес. Тек екі мәселе жол тосып тұр. Біріншісі, шаруалардың киікке қатысты мәселесін атуды қозғамай-ақ шешу. Екіншіден, киік саны 2 миллионнан асқан соң жыл сайын реттеп отыру жайын жөнді қолға алу. Әзірге нендей шешім болары белгісіз, дегенмен биыл 80 мың киікті ату шаруалардың шағы­мын азайтпасы анық.