Той турасында талқы
Той турасында талқы
1,099
оқылды
Біздің халық тойды алыстағы ағайынның басын қосатын, шай дескен ренішті шайып өтетін, алыс-берісті, барыс-келісті жалғайтын маңызды уақиға деп санайды. Ал ғалымдар тойдың функциясын қалай бағалайды? Бұл жайында біз Цюрих университетінің докторанты, үйлену тойлары тақырыбында зерттеу жасап жүрген әлеуметтік антрополог Динара Әбділдамен сұхбаттасып білмек болдық. – Той жасау адамдарға не үшін керек? Антро­полог ретінде бұл құбылыстың қандай пайдалы жақтарын айта аласыз? Тойлау адамзат қоғамында қашаннан бері бар? – Негізі, классикалық антропология «адам­дар не үшін үйленеді?» дегенді ежелден зерттей бастаған. Үйлену – бұл өзің танымайтын адам­дармен одақ құру. Бір кездері адамдарда мемлекет деген түсінік болған жоқ, олар ру, тайпа болып өмір сүрді. Жаулардан құтылу үшін жаңа одақтас керек болды. Кейбіреулер осындай жаңа одақ құру үшін үйленді. Екінші жағынан, туыстық қатынастар теориясы бар. Оған сәйкес, «адамзат бір-біріне қас жау болып кетпес үшін туыс деген түсінікті енгізді» делінеді. Той жасау арқылы осы жаңа туыстарды, одақтарды біріктіресіз. Бұрынғы уақытта үйлену рәсімін тойлау, салтанат ретінде атап өту тек элитаға тән болған. Бірақ ғұрыптарды әркім өз шама-шарқынша орындаған. Біздің халық турасында айтсақ, Қазан төңкерісіне дейінгі жазылған еңбектерде де хабаршы жіберу, құда түсу, қалыңмал төлеу деген секілді салт бар болғаны айтылады. Қазақ халқы үшін той – көптің жиналып, бірге тамақ ішуі. Ағылшын тілінде lifecycle rituals деген тіркес бар, яғни адамның туғаннан өлгеніне дейінгі өмірлік маңызды даталарды атап өтіп, кісі шақырып, ас беруді қазақ «той» деп атайды. – Өзіңіз айтқаныңыздай, той дегеніміз одақ­тастарды біріктіру болса, қазір де сол функция сақталған ба? – Иә, өзіңіз білесіз, қазақтың өз жұрты, қайын жұрты, нағашы жұрты бар. Той – осы адамдардың басын қосуға жақсы сылтау, себеп. Одан бөлек, тұрақсыз экономика кезінде адамға көмек көбіне адамдардан келеді. Заң жұмыс істемейтін уақытта олар тамыр-таныс іздейді. Тойдың бір «плюсы» – көмек бере алатын адам­дардың ортасын ұстап тұру. Сондай-ақ адамдарға өзінің маңызын сезіндіретін ортаның болғаны ұнайды, ол – қажет. Той – сондай мүмкіндік беретін алаң. Мысалы, асабаның жай ғана «астанада тұратын пәлен деген нағашысы бар, оның мынадай өнері бар» деп қолпаш­тағанының, той иелерінің төрге шығарғанының өзі сіздің мерейіңізді кәдімгідей өсіреді. – Негізі, кез келген халықтағы той мәдениетін лакмус қағазына теңеуге болады. Яғни, той бізге сол қоғамдағы экономикалық, әлеуметтік, мәдени, тіпті діни ахуалды көрсетіп береді. Тойдың трансформациясына қарап, біз осы жағдайлардың қалай өзгергенін аңғара аламыз. Осы ретте еліміздегі өзгерістер қазақ тойларына қалай әсер еткенін айтып бересіз бе? – Мен зерттеуімді бірнеше тарихи кезеңге бөлдім. Әуелі Қазан төңкерісіне дейінгі тойлар туралы жазбаларды қарап шықтым. Одан кейін отарлау саясаты басталған соң ашаршылық кезінде тойлар қалай трансформацияланғанын зерттедім: полигамияға тыйым салынды, қалыңмал көлемі азайды. Тәуелсіздік алғаннан кейін экономика жақсарды, бұрынғы шатырдағы тойлар енді мейрамханаға көшті. Сыйлықтар стандарты да өзгерді: кілемдердің орнын енді кон­верттер басты. Нарықтық экономикаға бе­йімделе бастаған адамдар бір-бірінің тойға қанша әкелгенін, апарғанын жазып жүретін болды. Пандемия кезінде де халық рационал шешім қабылдап, той форматын сәл-пәл өзгертті: ұзату тойын шағын топпен үйде өткізді немесе мүлдем жасамады, үлкен тойға келетін адам санын 2-3 есе қысқартты. – Біздегі салт-дәстүрлердің бәрі кезінде ра­ционал ойдан туған. Дегенмен қазір олардың көп­шілігі әу бастағы мән-мағынасынан айырылып, «дәстүр» болғаны үшін ғана тойларда көрініс тауып жүр. Оларды әлі де сақтай беру бізге қаншалықты маңызды? – Біз дәстүрдің бәрі бағзыдан келе жатыр деген түсініктен аулақ болуымыз керек. Әдетте әлдебір дәстүр пайда болады да, халық соның аңы­зын құрастырады. Оның түп-тұқиянын еш­кім архивтерді қазып, іздеп жатпайды. Дәстүр­лердің функциясы – өмірді жеңілдету, адам­дар­дың бір-біріне бейімделуін тездету, келіспеу­шіліктің алдын алу. Сондықтан оларды біз жай ғана «дәстүр» болғаны үшін емес, шынымен ортаға пайдалы болғаны үшін ұстануымыз керек. Жаңа заманда да туып жатқан дәстүрлер бар. – Мысалы? – Мысалы, қызды сағат түнгі 12-ге дейін алып кету. Бұл – «даяшылар ертеңгі тойға да­йындалып үлгерсін», «адамдар келесі күнгі жұ­мысына ке­шік­песін» деп мейрамханалардың ойлап тапқан амалы. – Қазақстандағы тойларды біріздендіру жүйесі керек деген пікірге қалай қарайсыз? Екі өңірдің құдалары кейде той салттарының айырмашы­лықтары кесірінен келіспеушілікке барып, мұның соңы тіпті жастардың айырылысуына дейін себеп болып жатады. Осындайда бізге той ережелерін қадағалап отыратын жоғары орган керек пе? – Негізі, бұған қарсымын. Өйткені той – әркімнің жеке мәселесі. Келіспеушілік әркез болады, бірақ олардың алдын алу үшін халық ойлап тапқан дәстүрлер бар. «Қыз берген жақтың назы бар» дейді, мәселен. Жігіт жақ осыған көнсе болды, біраз келіспеушілік шешіледі. Киіт алма­су, сыйлық беру ісіне келгенде де, екі жақ өзде­ріне ыңғайлы жолмен ымыраға келіп жа­тады. Адам­дарға көбірек сенім арту керек. Мем­лекет осыны бақылайтын орган құрса, «халық – ақы­мақ» дегендей болып қалады. Әр адамға жауапкершілік берсек, адамдардың сана-сезімі де өсе береді. – 2014 жылы SSRN (Social Science Research Network) зерттеу жүргізіп, тойға шақырылған қонақтар саны мен ажырасу ықтималдығы ара­сында кері байланыс барын анықтапты. Яғни, той салтанатына неғұрлым көп қонақ келсе, жұбай­лардың да болашақта айырылысып кету ықти­малдығы соғұрлым төмен. Бұл тұжырым қанша­лықты қисынға келеді? – Мен бұған онша сенбес едім. Өйткені адамдардың ажырасу факторлары әртүрлі. – Зерттеулерге сүйенсек (Longbottom, Hannah, 2013), Нью-Йоркте күйеу жігіт пен қалыңдық ­ор­та­ша есеппен той салтанатына 65 824 доллар жұм­сайтын көрінеді. Қазақстандағы тойларға қа­тысты жүргізілген осындай зерттеулер, статис­тикалар бар ма? – Бізде бұл сома әр өңірде әртүрлі. Әр аймақ өзінің стандартын жасайды. Инфляцияға қарай бағалар бейімделіп отырады. Зерттеулерге кел­сек, тәуелсіздіктен кейін бұл тақырып акаде­мия­лық тұрғыдан еш қарастырылмады. – Қалай ойлайсыз, қазақтың тойлары қазіргі шаблонын сақтап қала ма? – Үйлену тойларының негізгі ядросы құ­да­ласу ғой, иә, ол жоғалмайды деп ойлаймын. Ал тікұшақтан шашу шашу, жасауды ат-түйелерге артып әкелу деген секілді ноухаулар үнемі бола береді.

Әңгімелескен Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ