Цифрлық даму: Өзбекстан қызығып отыр
Цифрлық даму: Өзбекстан қызығып отыр
© коллаж Еркебұлан Дүйсеболат
908
оқылды
2001 жылдан бері БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті әлемнің түрлі елдерінің электрондық үкіметіне (EGDI – E-Government Development Index) жасаған зерттеулерін ұсынып келеді. Бұл – БҰҰ-ға мүше барлық мемлекеттердің цифрлық даму деңгейіне баға беретін жалғыз жаһандық рейтинг. Осы рейтингте   еліміз ТМД елдерінің арасында үздік шығып, жалпы есепте 29-позицияға ие болып отыр. Біздің бұл тәжірибеге Өзбекстан мемлекеті де асқан қызығушылық танытып отыр. БҰҰ-ның EGDI рейтингі адамдарға онлайн-қызметтер мен ақпараттан пайда табуға мүмкіндік беретін үш негізгі аспектіге негізделген. Олар –  онлайн-қызметтердің қолжетімділік деңгейі, телекоммуникациялық инфрақұрылы­м- ның даму дәрежесі, сондай-ақ адами ресурстардың (кадрлардың) ақпараттық-коммуникациялық технологияларды ілгерілету және пайдалану қабілеті. 2020 жылғы соңғы зерттеу көрсеткендей, бүкіл әлемде цифрлық мемлекеттік қызметтерді ұсыну айтарлықтай жақсарған. Рейтингке сәйкес, елдердің 84%-дан астамы кемінде бір онлайн-транзакцияны ұсынады, ал олардың орташа әлемдік көрсеткіші – 14 онлайн-транзакция. Бүкіл әлемде ұсы­ныла­тын ең көп таралған сандық қыз­меттер – жаңа бизнесті тіркеу, бизнесті жүргізуге лицензия алуға өтініш беру, туу туралы куәлік алу және коммуналдық төлемдерді төлеу. 2020 жылғы рейтингте Дания, Оңтүстік Корея, Эстония, Финлян­дия, Аустралия, Швеция, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия, АҚШ және Нидерланды ТОР-10 көшін бастап шыққан. Қазақстан алғашқы отыздықта Сонымен, Қазақстан (29-орын) ТМД-да ең бір ілгері дамыған елдің бірі Ресей Федерациясының өзін (36-орын) артта қалдырып озып шықты. Алғашқы жүздікте  Беларусь (40), Армения (68), Украина (69), Әзербайжан (70), Молдова (79), Қырғыз­ (83) елдері бар. Өзбекстанға келетін болсақ, ол 87 позицияға орналасқан. Өкінішке қарай, 2018 жылғы деректермен салыстырғанда 6 санатқа төмендеген. Ал Қазақстан, керісінше, есепті кезеңде бірден 10 позицияға жоғарылаған. Ал 2008 жылы Қазақстан рейтингте тек 81-орында тұрғандығын ескерсек, әжептәуір жетістік. Сонымен қатар теңізге шыға алмайтын ел­дер арасында Қазақстан EGDI ең жоға­ры көрсеткішімен бірінші орынды иеленді. Ал Азия елдері арасында Қазақстан Оңтүс­тік Корея, Сингапур, Жапония, Кипр және БАӘ-ден ұтылып, 6-орынға табан тірейді. Бұл ретте рейтингтің үш көрсеткішінің алғашқысын, онлайн-қызметтердің қолжетімділік деңгейін дамыту бойынша Қазақстан бірден ең жоғары 0,92 балл алды. Сондай-ақ Алматы қаласы жергілікті онлайн-қызметтер индексі деңгейі бойын­ша әлемнің 100 ірі қалаларының арасында 29-орында орналасқанын атап өткен жөн. Өз кезегінде Ташкент те 56 орынға ие болып, осы топқа кіреді. Қазақстанның жетістік жолы қандай? Қазақстанға осындай елеулі өсімді көрсетуге және көшбасшылыққа шығуға не мүмкіндік берді? Мемлекет пен eGov жобасының операторлары елімізде цифр­лық жаңғыртуды дамыту үшін көпжылдық күш-жігердің негізгі себебі екені анық. Қазақстандағы электрондық үкімет қыз­мет­терінің тікелей интеграторы қазіргі за­манғы инфокоммуникациялық техно­логия­ларды дамыту үшін құрылған мемле­кеттік компания – «Зерде» ұлттық инфо­коммуникациялық холдингі. Компания­ның Басқарма төрағасы Арман Әбді­расылов атап өткендей, ұйымның негізіне Оңтүстік Кореяның тәжірибесі негізінде Қазақстанға бейімделген және ТМД ел­дерінде баламасы жоқ жұмыс моделі таң­дап алынған. Соның арқасында, электрон­дық үкіметті дамыту тұрғысынан қазіргі уақытта еліміз өте табысты нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Тіпті, БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің цифрлық үкімет жөніндегі басшысы Винченцо Акуароның өзі қазақстандық тәжірибені әлемнің басқа елдеріне тарату қажет деп атап өткен болатын. Егер 2006-2010 жыл­дары электрондық үкімет жобасы қара­пайым ақпараттық ресурс болса, бүгінгі күні бұл толыққанды платформа. Оның көмегімен мемлекет жыл сайын мил­лиондаған мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі функцияларды орындау процесінде халықпен өзара іс-қимыл жасайды. Жоғары нәтижелі сандар электрондық үкімет көрсететін қызметтер санының өсуін көрсетеді. Мәселен, 2012 жылы онлайн-режимде мемлекеттік қызметтердің жалпы санының 11 пайыздан астамы, яки 77 түрі қолжетімді болса, бүгінгі таңда қамту 90 пайызға жақындады. Қазақстандықтар Электрондық портал арқылы 700-ден астам мемлекеттік қызмет­ке тапсырыс бере алады. Салыстыру үшін қарасақ, Өзбекстанда электронды формат­та 300-ге жуық мемлекеттік қызмет түрі ұсы­нылған.
«БҰҰ зерттеуінде аталып өткендей, 2018 жылы Қазақстан жоғары топтан өте жоғары EGDI тобына өтті. Осыған байланысты біздің еліміздің пайдасына тағы бір маңызды цифра көрініс тапты. Рейтингке сәйкес, Қазақстан барлық Азия елдері арасында 9-орынға және электрон­дық қатысу көрсеткіші бойынша Орталық Азия елдері арасында 1-орынға орнықты. Бұл ақпараттық-коммуникациялық тех­нологиялар көмегімен азаматтарды сая­сатқа нақты тарту көрсеткішін айғақтайды. БҰҰ бағалауына сәйкес, электрондық қатысу мемлекеттік шешімдерді қалып­тастыру мен қабылдауға, мемлекеттік қыз­меттер мен нормативтік-құқықтық акті­лерді әзірлеуге ықпал ету мүмкіндігінде көрініс табады», – деді Арман Әбдірасылов.
Бүкіл әлемді қамтыған коронавирустық пандемия өз кезегінде онлайн режимінде мемлекеттік қызметтерді ұсынуға сұра­ныс­ты арттырды. Күн сайын қазақстандықтар электрондық мемлекеттік қызметтерді пандемияға дейінгі кезеңнен 3 есе көп ала бас­тады. Қазақстанда төтенше жағдай кезінде ғана азаматтарға онлайн түрде 13,8 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Сонымен қатар қазіргі уақытта Қазақ­стан Электрондық қызметтер аудитория­сын қамтудың өсу қарқыны бойынша да айтарлықтай алға шықты. Ал Өзбекстанда, қолда бар мәліметтерге сәйкес, өткен жылы бірыңғай порталда тіркелген пайда­ланушылар саны миллионнан аз болған. Қазақстанда бұл көрсеткіш 2009 жылдан бастап 2019 жылға дейінгі кезеңде ғана 1000 есеге ұлғайып, 2009 жылы eGov пор­талындағы небәрі 10 960 пайдалану­шыдан, 2019 жылдың соңына қарай 10 000 000 пайдаланушыға жеткен. Бұл елдің ересек халқының 70 пайыздан астамын қамтуға мүмкіндік берді, олардың саны Өзбек­станның жартысына жуығын құрайды. Бұл ретте біздің елдегі цифрлық қамту аясы тек электрондық үкімет сервисінің эко­жүйесіне ғана емес, сонымен қатар мемле­кеттік қызметтерді ұсыну мүмкіндігі іске асырылатын барлық серіктес экожүйелерге – оның ішінде екінші деңгейдегі банк­тердің мобильді қосымшаларына да қызмет көрсететінін атай кеткен жөн. Осы ретте оңтүстік көршіміз біздің тәжірибені өздерінде қолдануға мүдделі.