Режиссердің де жүйрігі бар, шабаны бар...
Режиссердің де жүйрігі бар, шабаны бар...
818
оқылды
Соңғы кезде шетелден театр режиссерлерін ша­қыру белең алып барады. Дегенмен миллиондап қар­жы төлеп, аттай қалап ал­­дырған режиссерлер халық көңілінен шығатын қойы­лым ұсына алды ма? Жал­пы, отандық режиссерлер мен шетелдік режиссер­лердің гонарарында айыр­ма қандай? Бұған дейін де қазақ драма театрларының сахнасында шетелдік режиссерлер қойған спектакльдер болды. Алайда олар «Ләйлі-Мәж­нүн», «Көшкін» сияқты шетелдік автор­­лардың шығармаларын сахна­лаған­дықтан, режиссерлердің жұ­мы­сына аса көп мін тағылмайтын. Алайда жақында ғана елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында тұсауы кесілген «Баян сұлу – Қозы Көр­пеш» қойы­лымы сынның астында қалды. Заң­ғар драматург Ғ.Мүсіре­пов­тің біре­гей пьесасын сахналаған – Мәскеу қаласынан келген қазақ қызы Гүл­наз Балпейісова. Театр сын­шысы Айзат Қадыралиеваның айтуынша, өз қазанымызда қайнай бермей, сырттан режиссер шақыр­ған дұрыс. Әртістер де бір режиссер­ден жалы­ғады. Бірақ шетелден өзін­дік қол­таңбасы бар, көзқарасы қа­лыптас­қан режиссерлерді шақы­руымыз керек. «Керек» деген сөз «біл­геніңді істе» деген сөз емес. Егер шетелден ша­қырылған режис­сер қазақ клас­сиктерінің туынды­сын алса, оған бас-көз болып, дәс­тү­рі­мізді қада­ғалап отыратын адам қажет. Ал олар шетелдік туынды­лар­ды сахна­лай­тын болса, онда еш­қан­дай мәселе жоқ. Бірақ төл шығар­ма­ларымызды қойғанда қазақтың менталитетінен асып кетпеуі тиіс.
– Бізге батыстың ашық сахна­ла­­ры мен «сүйісі» сән емес. Қазір Мәскеуде оқып жүрген қазақ жас­тарын театрға шақыру белең алып кетті. Жақында ғана сахналанған «Баян сұлу – Қозы Көр­пеш» қойы­лымы жаныма батты. Оның алдын­да қойылған «Дон Кихотқа» үндеген жоқпын. Шетелдің шығармасы ғой, өздері білсін дедім. Бірақ үш жарым сағат көрерменнің уақытын алу дұрыс емес. Қазақ драматургтерінің шығармаларын қойғанда қорлан­ғандай болдым. Бұлай үндемей жүре беруге болмайды. Жоғарыға үндеу тастауымыз керек. Театрдың көр­кемдік кеңесті іштен сайлап алғаны да дұрыс емес, – дейді Айзат Қа­дыралиева.
Театр сыншысының пікірінше, біз шетелден келген режиссердің қойылымына бар қаржыны аямай саламыз. Ал өзімізге келгенде қар­жы жетпей қалады. Қойылымдарға ақша бөлінбейді емес, бөлінеді. Бірақ өз ішімізден сол қаржыны толықтай пайдаланбай, «бармақ басты, көз қыстыға» жол беретіндер бар көрінеді. Байқасаңыз, отандық қойылымдарда киім мен декорация жаңармай, бірнеше спектакльде қолданылып жүреді. Сондықтан қазіргі қазақ театры смета жасау жағынан ақсап тұр.
– Өнердің бағасын қоғамдық пікірмен емес, өнерді тудырушы тұл­ғалардың көзқарасымен өлшеуі­міз керек. Әрине, қоғамның қойы­лымды қызу талқылағаны жақсы. «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» қойылымы қазақ сахнасында көп қойылды. Әр режиссер әр кейіп­кер­ді өздерінше ашты. Біреуі Қозыны, енді біреуі Қарабайды ашуға ты­рысты. Біздің қойылым Баянның психологиясын көрсетуге тырысты. Неге Шекспирдің шығармалары 500 жылдан бері қойылып келе жа­тыр? Себебі әр режиссер өздерін­ше қояды, – деді Қалибек Қуаныш­баев атындағы Мемлекеттік ака­де­мия­лық қазақ музыкалық драма теат­рының директоры Айболат Жанғалиұлы.
Режиссерлердің гонорары әртүрлі Былтыр Италиядан екі бірдей режиссер шақыртып, сахналанған «Бөрте» қойылымына 246 млн 750 мың теңге кеткен еді. Шетелден ша­қыртылған қос режиссерге бө­лін­ген гонорар көлемі белгісіз бол­ға­нымен, қомақты төленгені дау­сыз. Жалпы, жыл сайын еліміздегі театрлар шетелден орта есеппен бес-алты режиссер шақырады. Ай­болат Жанғалиұлының айтуынша, әр режиссер өз жұмысын әртүрлі бағалайды. Сондықтан режиссердің деңгейіне қарай олардың гонора­рында да айырмашылық бар.
– Келген режиссердің барлы­ғына сұраған қаржысын бере сал­май­мыз. Төмен сұрауға тырысамыз. Бізге халықтың көңілінен шығатын жақсы туынды керек. Қазір қойы­лымдарға ақша аз бөлінеді. «Бөр­теге» 246 млн бөлінді» дедіңіз. Басқа театрға да мұндай қаржы қарас­ты­рылған деу қате пікір. Өңірлерде қар­жылары жетпей, отандық ре­жис­серлерді шақыра алмай отыр­ғандар бар, – дейді Айболат Жанғалиұлы.
Театрдың штатындағы режис­серлер өз театрында спектакль қой­са, оларға гонорар төленбейді. Ал ол режиссер басқа театрларға қойса төленеді. Өкінішке қарай, біздегі режиссерлердің алатын гонорары мардымсыз.
 –Жақында бір блогер бір кешке қатысып, 1,5 миллион теңге тапты. Ал режиссерлер 2-3 ай қойылым қойғанда мұндай қаржы алмайды. Шетелден шақырған режиссер мен отандық режиссерлердің гонорары жер мен көктей. Италиядан келген режиссердің гонорары біздің ре­жиссерлердің 15-20 жылда табатын ақшасымен бірдей. Шетелден келген режиссерлердің қойған шығармалары қазақ өнерінде үлкен құбылыс болып қалған жоқ. Мұны мен мемлекет қаржысын талан-таражға салу деп санаймын,– дейді белгілі режиссер Талғат Теменов.
Біз тиісті мекемелерге хабар­ла­сып, шетелден келген режиссер мен отандық режиссерлердің гонорарын сұрағанымызда, нақты жауап ала алмадық. Дегенмен «Қыруар қар­жыға шеттен маман шақырғанша, өзіміздің режиссерлерді әлемнің ең үздік театрларында неге оқыт­пас­қа?» деген заңды сауал туды. Сонда ғана қазақ мәдениетінен хабардар, әлемдік деңгейде сұранысқа ие режиссер бізден де шығар еді. Өнерге жасалған қиянат Шетелден келген режиссер­ден «культ» жасау – отандық ре­жиссерлерге жасалған қиянатпен пара-пар. ­Өйткені жыл сайын театр ре­жиссерлерін дайындағаны­мыз­бен, олардың барлығы бірдей салаға сіңісіп кете алмай отыр. Қазір ре­жиссерлерді дайындайтын сапалы маман тапшы.
– Бұрын Кеңес заманында қа­лыптасқан Ж. Хаджиев, М. Байсерке­нов сияқты мықты режиссерлер өмір­ден өтіп кетті. Ал қазір жоғары оқу орындарында сапалы режис­серлер сабақ беріп жүр деп айта ал­маймын. Көбінің еңбек өтілі жоқ. Мен де режиссура мамандығына оқуға түскен студенттерге сабақ бергенмін. Бір кітаптың бе­тін ашпай, ашса да толық оқымай оқуын аяқтаған студенттерді де көрдік. Ертең солар бір-бір театрға барады, – дейді Айзат Қадыралиева.
Иә, қазіргі қазақ режиссерле­рін­де ізденіс аз. Шығарманы сах­на­лау үшін бір кітапты жастанып оқып әуре болмайды. Google-дан қысқа анықтамаларын оқып, өзге режис­серлердің сахналарын ұрлай салуға әуес. Талғат Теменовтің айтуынша, режиссура – сезімін сабақтастыра алатын, қалыптасқан, сан салалы бі­лімді адамның кәсібі. Кезінде Ке­ңес заманында режиссураға оқуға 25 жасқа дейінгі жастарды алмай­тын. 18-20 жастағы бала­лар­дың өмірге деген көзқарасы то­лық қалыптаспайды. Иә, өнерде алыс-беріс, көріс-та­ныс болуы керек те шығар. Алай­да сырттан режиссер шақырудың жөні осы екен деп өз елдерінде мо­йындалмаған, 1-2 спектакль қойып, шала піскен режиссерлерді шақырып лаборатория жасау – өнерімізді өшіреді. Өйткені қазақ халқының мәдениеті мен әдебиеті тереңде жатыр. Бұл – бір. Екінші мәселе, шетелге барып, спектакль қойған дарынды режиссер бар ма? Біздің білуімізше, жоқ. Демек, шетелдік режиссерлерді шақырып, тәжірибе алмасқан дұрыс десек, өз режис­сер­лерімізді шетке шығаруды ойлас­тыр­ған абзалырақ болар еді.