Астананың іргетасын арманы асқақ жандар қалады – Сәуле Досжан
Астананың іргетасын арманы асқақ жандар қалады – Сәуле Досжан
1,096
оқылды
Биыл ел ордасының асқаралы Алатаудың бөктерінен жазиралы Сарыарқаның даласына қоныс аударғанына ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Осы мерзім ішінде астана тұрғындарының саны 270 мыңнан 1 млн 200 мыңға дейін өсті. Рухани-экономикалық жағынан дамып, бұл күнде адам танымастай үлкен шаһарға айналды. Осыған орай белгілі жазушы Сәуле Досжанның елорда туралы ойын білген едік. – Сәуле Мағазбекқызы, осы уақыт ішінде астана шын мәнінде ел ордасына айнала алды ма? Рес­публиканың саяси-экономикалық және мәдени орталығы болды ма? – Әлбетте, бұл күнде астана елорда мәртебесіне толығымен лайық, тіпті әлемдегі әсем қалалардың біріне айналды десем, артық айтқандық емес. Мұнда мемлекеттік биліктің ең жоғарғы үш тармағы – Парламент, Үкімет және Сот шоғырланды. Бүгінде астана Қазақстанның ірі басқарма орталығы ғана емес, еліміздің инновациялық дамуындағы көшбасшы болып отыр. Қазақтың өз билігі өзінің қолына тигеннен кейін ұлттың болмыс бітімін сақтап, мемлекеттің келешегін кемелдету мақсатында елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім 1994 жылғы 6 шілдеде қабылданған болатын. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. 1998 жылғы 6 мамырда Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен «әлем қаласы» атағын алды. Ел астанасын ауыстыру Астананың экономикалық дамуына қуатты серпін берді. Рас, о баста астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылдау оңайға түсе қойған жоқ. Ең алдымен оған зиялы қауым өкілдерінің өзі қарсы шықты. Тіпті, бұл кезде Қазақ­станның экономикалық жағдайы да шатқаяқтап тұрған кез еді. Бұл жайт көпшіліктің көңілі­не күдік ұялатқан болатын. Әйтсе де, тәуелсіз елдің болашаққа деген сенімі одан да күшті еді. Сөйтіп, көптің көңіліндегі күдікті сенім жеңді. Елорданы көшіруге бірнеше себеп болды: Алматы қаласы ел­дің орталығында емес, оңтүс­тік-шығысында Қытай мен қырғыз елінің шекарасына таман орналасқан, шаһардың экологиялық және сейсмикалық ахуалы мүш­кіл. Мемлекет қауіпсіздігіне қатысты оның басқа да түйткілдері болды. Жаңа астананы таңдағанда 32 түрлі өлшем қойылды. Оның ішін­де қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, климаты, ландшафты, сейсмикалық жағдайы, даму мүмкіндіктері, жол қатынасы, адами ресурс және тағы басқалары. Осы өлшемдердің бәрі саралана келе тәуелсіз елдің астанасы ретінде Ақмола таңдап алынды. Бір сөзбен айтқанда, астананың іргетасын мәңгілік ел болуға ұмтылған арманы асқақ жандар қалады. – Әлбетте, астана Ақмолаға көшкенімен, одан көп жыл ел астанасы болған Алматының да бәсі еш төмендеген жоқ. Тіпті, қазірдің өзінде оны «Рухани астана», «Оңтүстік астана» деп атайтындар аз емес. Сіз бұған қалай қарайсыз? – Оған еш қарсылығым жоқ. Мұндай жағдай басқа елдерде кездеседі. Әдетте астана ретінде экономикалық әлеуеті жоғары, халқы көп ірі қалалар таңдалып алынады. Астанада мемлекеттік биліктің саяси басшылығы шоғырланады. Алайда бұл қағиданың шеңберіне сай келмейтін мысалдар да кездеседі. Мәселен, Уашингтон АҚШ-тың астанасы ретінде тек әкімшілік функцияны атқарса, Нью-Йорк елдің ең ірі экономикалық орталығы болып саналады. Сондай-ақ Ресейдің астанасы Мәскеу болғанымен, Санкт-Петербор мәдени астана немесе солтүстік астана деп аталады. Сондықтан мұндай атаулардың түк әбестігі жоқ деп санаймын. Ал тәуелсіз еліміздің астанасы Нұр-Сұлтанға келетін болсақ, ол – менің өмірімде үлкен із қалдырған, отбасылық өміріме көп жақсылықтар әкелген, шығармашылығымды шың­даған қала. Осы қалаға келгелі проза жазуды қолға алып, бірнеше роман жаздым. Жыр сайыстарына қатысып, талай үкілі додада топ жардым. Түрлі мақтау-марапатты иелендім. Сондықтан бүгінде ширек ғасырға толып отырған астананың мерейтойы мен үшін үлкен маңызға ие.