Бізде Ақорда, ал басқаларда...
Бізде Ақорда, ал басқаларда...
© коллаж: Әсел Балтақызы
1,226
оқылды
Әлем астаналарының әрқайсысы өздерінше әдемі. Дегенмен барлығына ортақ бір ғана ғимарат бар. Ол – президент резиденциялары. Мемлекет басшылары шетелден келетін құрметті қонақты осында қабылдап, елдің мәселесін қозғайтын ірі жиналыстарды да басшы «үйінде» өткізеді. Әлем елдерінің көшбасшылары қандай резиденцияда отырады? Бірге білейік. Былтыр сарапшылар әлем­дегі ең әдемі 10 резиденцияның тізімін ұсынды. Сәулетімен көз тартқан көшбасшы үйлерінің қатарына біздің Ақордамыз да ілігіпті. Ел Президентінің рези­денциясы өзіне ең таяу деген құрылыстардан 300 метр жерде биіктігі 6 метр жасанды жотаның үстінде оқшау тұр. Резиденция құрылысы 2001 жылы басталды. Аса маңызды мемлекеттік ны­сан­ды салу үшін 26 ұлт өкілі және әлемнің ондаған елінің маман­дары мен жұмысшылары еңбек етті. Қазақстан Президентінің жаңа резиденциясының ресми тұсаукесері 2004 жылы 24 жел­тоқсанда өтті. Ғимараттың жал­пы ауданы – 36 720 шаршы метр. Ғимарат құрылыстағы ең соңғы заманауи әдістер мен озық ин­женерлік құрылғыларды қолдану арқылы монолиттік бетоннан тұрғызылды. Үшкір төбесімен қоса алғандағы ғимарат биіктігі – 86 метр. Ғимарат жер үстіндегі бес қабатты және жер астындағы екі қабатты үйден тұрады. Бі­рінші қабаттың биіктігі 12 метрге тең. Бірінші қабатта Қазақстан Президентінің атынан ресми қабылдаулар өткізуге арналған салтанат залы, Мемлекет басшы­сының БАҚ өкілдерімен баспа­сөз конференциясы және кезде­сулер өтетін зал, сондай-ақ қыс­қы бақ орналасқан. Екінші қа­батта қызметтік бөлмелер бар. Ал үшінші қабатта киіз үй түріне орайластырылып, мәрмәр мен гранитпен безендірілген шығыс залы және құжаттарға қол қоюға арналған мәрмәр зал бар. Ал ал­тын залда мемлекет және Үкімет басшыларымен шағын құрамда келіссөздері мен кездесулері өтеді. Доғал зал Мемлекет бас­шы­сының шетелдік делегация­лармен, шетелдік іскер топ өкіл­дерімен кездесулері мен әңгі­ме­лесулері үшін пайдаланылады.Төртінші қабатта күмбезді зал, отырыс залы, келіссөздер залы және кітаптардың бірегей кол­лекциясы жинақталған кітапхана бар. Ақорда төрт футбол алаңы­ның ауданымен тең екен. Рези­денцияның дизайнында батыс­тық элементтер мен шығыс мо­тивтері керемет үйлесім тапқан. Уашингтондағы АҚШ пре­зидентінің резиденциясын көп­шілік «Ақ үй» деп атайды. Ақ үй Америка тарихының бір бөлігіне айналып кеткен. Америка пре­зидентінің резиденциясы болған федералды ғимараттың алғаш іргетасы 1792 жылы 13 қазанда қа­ланған. Оның үлгісін архитек­торлар арасындағы жобаны ұтып алған тегі ирландық Джеймс Хобан ұсынған. Алғашқы уа­қытта Президент үйі, Президент жекежайы, Президент сарайы болып аталып келген. 1812 жылы сұр тастан салынған ғимаратты британиялық әскерлер басып, өртеп жіберген. Кейінірек, 1817 жылы Хобанның басшылығымен бастапқы қалпына қайта кел­ті­рілді. Қабырғалардағы өрттің қалдырған таңбаларын кетіру мақсатында ақ түспен сырлап шықты. Содан кейін 1902 жылы Теодор Рузвельт бұл ғимаратқа «Ақ үй» деген атау берген. Ал Ұлыбритания ханшайымы ІІ Елизаветаның лондондық резиденциясы Букингем сарайы деп аталады. Пэлл-Мэлл көшесі мен Грин-парктағы Виктория ханшайымының ескерткішіне қарама-қарсы орналасқан са­райда Монарх болған кезде са­рай күмбезіндегі байрақ ашы­лады. Букингем сарайы алғаш­қыда Бакингем-хаус деген атпен белгілі болып, герцог Букингем үшін арналып салынған болатын. Сарайды 1762 жылы ІІІ Георг (Ұлыбритания королі) болашақ монархтың жеке резиденциясы ретінде сатып алды (корольдің ресми резиденциясы Сент-Джеймс қамалы көлемі мен сырт­­қы әрленуі жағынан ІІІ Георгке ұнамаған еді). 75 жыл бойына архитекторлар Джон Нэш пен Алупкин қамалының авторы Эдвард Блор Бакингем-хаусты негізге ала отырып, осы типтес үш ғимарат салды. Олар­дың барлығы біріккенде үлкен орталық алаңы бар шаршы нысанды құрайды. Сарай 1837 жылы Виктория ханшайымның таққа отырға­нынан бастап британдық мо­нархтардың негізгі резиденциясы болып ресми түрде жарияланған. Сарайды гвардия жаяу әскерінің полкінен құралған сарай диви­зионы мен Патша атты әскерінің гвардиялық полкі күзетеді. Әр күні 11.30-да сәуір мен тамыз ара­лығында қарауылдың ауысу рәсімі өтеді. Бұл – мыңдаған туристі жинайтын Лондонның өте танымал рәсімі. Жазда сарай­ды көруге 30 000 қонақ келеді. Ал Ұлыбританияның 10 премьер-министрі Даунинг-стрит ғима­ратында отырады. Үй 1677-1680 жылдары соғылған екі ғимарат­тан тұрады. Бұл жер 1732 жылы бас қазынашының резиденциясы болған. Премьердің тұрғын үйі ретінде 1902 жылдан бастап ата­ла бастады, оған дейін пре­мьер­лер жеке үйлерінде тұрған. Ресей президенті Владимир Путиннің жұмыс резиденциясы Кремльдегі Сенат ғимаратында орналасқан. Сенат ғимаратын 1779-1787 жылдары архитектор Матвей Казаков салған. 1995 жы­­лы қайта жөнделген. Ресей президентінің резиденциясы іскерлік және парадтық бөлімнен тұрады. Президенттің жұмыс ка­бинеті резиденцияның іскерлік бөлімінің қақ ортасында. Кремль­­дің 14-корпусында, Спас­скі қақпасының жанында президенттің тағы бір кабинеті бар. Бұл кабинет мемлекет бас­шысы жыл сайын жолдауын оқитын Мрамор залға жақын. Елисей сарайы – Франция президенті Эмманюэль Макрон­ның резиденциясы. Сондай-ақ мұн­да Франция министрлер ке­ңесінің отырысы өтеді. Бұл са­рай­да президент Макрон өзге ел­­дер­дің басшыларын Респуб­ликалық гвардияның салтанатты қарауы­лы­мен қабылдайды. Ғи­маратты 1718-1722 жылдары ар­хи­тектор Арман Клод-Молле граф Эвреге арнап салған екен. Наполеонға дейін ғимаратты түр­лі граф пен король туыстары ие­ленген. Кейі­нірек Наполеон Ели­сей сарайын үкімет жұмыс­тарына пайдалан­ған. 1848 жыл­дан бастап Напо­леон Боно­парт­тың ресми рези­денциясына ай­нал­ды. 1853-1867 жылдары им­ператордың бұй­ры­ғымен архи­тек­тор Жозеф-Эжен Лакруа са­райды қайта салып шықты. Со­дан бері сырт келбеті өзгерген жоқ. Ал Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің басты ре­зиденциясы Көксарай саналады. Маңызды кездесулер мен қабыл­даулар, жиындар осында өтеді. 90-жылдары Өзбекстанның тұң­ғыш президенті Ислам Каримов Әмір Темірдің Самарқандтағы Көксарайының құрметіне осы сарайды салдырып, Көксарай деп атаған. Көксарайдың ерек­ше­лігі сол, аты айтып тұрғандай, жасыл желекке оранған. Күзе­ті­нің күштілігі соншалық, прези­дент­тің жеке күзеті, мемлекеттік қауіпсіздік қызметі, ІІМ және Ұлт­тық ұлан Көксарайдың төбе­сінен құс ұшырмайды. Салыстырмалы түрде қара­ған­да, Орталық Азиядағы ең қа­рапайым «ақ үй» Қырғыз Рес­пуб­ликасының президенті Са­дыр Жапаровтың резиденциясы болуы мүмкін. Ала-Арча деп ата­­­­­­латын үйде президент шет­ел­дік қонақтарды қабылдайды, мем­лекеттік маңызы бар кезде­су­лер өткізеді және отбасымен бірге тұрады. Түрлі кездесу, кон­фе­рен­ция өткізу үшін Ала-Арча рези­денциясының бөлмелерін жалға алуға да болады. Құны 4 мың мен 50 мың сом аралығында. Әлем назар аударып отыр­ған Украина президентінің киевтік резиденциясы «Городецкий үйі» деп аталады. Себебі үй сәулетші Владислав Городецкийдің жо­басы бойынша салынған екен. Шебер бастапқыда үйді өзі үшін салған, ол мұнда 1903-1913 жыл­дары өмір сүрді. Тарихи-ескерт­кіш мифологиялық мүсіндермен, аңшылық тақырыптағы өрнек­термен безендірілген.
P.S. Елдің әлеуетін де прези­дент резиденциялары орналасқан са­райына қарап білуге болады. Сон­дай-ақ әр ел тарихы мен төл мә­де­ниетіне байланысты көш­бас­шылар үйіне әртүрлі атау берген. Біздің елдің резиденциясының «Ақорда» атануы да қазақ ханды­ғының та­рихымен қабаттасып жатыр.