Қонаевта бір отбасының 4 адамы суға батып кетті: оқиғаның мән-жайы белгілі болды
Қонаевта бір отбасының 4 адамы суға батып кетті: оқиғаның мән-жайы белгілі болды
© azattyq-ruhy.kz
8,632
оқылды
Бір әулеттің төрт бірдей адамы суға кеткен Қонаевтағы демалыс орны заңсыз жұмыс істеген. Жабайы жағалау орналасқан жер екі жыл бұрын ауылшаруашылық мақсатында пайдалануға берілген екен. Алайда кәсіпкер жерін қоршап алып, демалушыларды ақылы кіргізіп, қалтасын қампайтуға кіріскен сыңайлы. Демалыс аймағында ешқандай қауіпсіздік талабы сақталмағанын марқұмдардың туыстары да айтып берді. Қара жамылған отбасы суға түспеңдер деген ескертуді ешкім айтпады деп отыр, – деп хабарлады КТК телеарнасы. Кәмелет жасына толмаған екі бірдей баласынан айырылып, Жәмилә қайғыдан бас көтере алмай жүр. Қонаев су қоймасындағы қайғылы жайт жалғызбасты ананың еміс-еміс есінде. Себебі 12 мен 15 жастағы екі ұлын құтқарамын деп жанталасқан келіншектің өзі де суға батып кете жаздаған.
– Мен інім Арманның көмек сұрап айқайлағанын естідім. Оның жанында екі ұлым болды. Олардың суға батып бара жатқанын көріп қалай жүгіргенімді байқамадым. Бір уақытта өзім де суға кіріп, шыға алмай жаттым. Есімді жисам жағалауда отыр екенмін. Бірден балаларымды іздедім. Бірақ барлығы тым кеш еді. Ол жер таяз болатын. Алайда екі-үш қадамнан кейін шұңқыр бар. Соның кесірінен баттық, – дейді Жәмилә Сабыржанова.
Жеткіншектерді судан алып шығуға ұмтылған Жәмиләнің 30 жастағы туған інісі мен 32 жастағы сіңлісі де ажал құшты. Олардың өлі денесін толқын жағаға бір-ақ шығарған. Ал мектеп оқушыларын сүңгуілер су астынан үш сағатта әрең тауыпты. Немерелері мен балаларының жанұшыра шыққан даусын естіп суға секіріп кеткен Сәлия әжей сол күнді қорқынышты түстей есіне алды.
–Қапшағайға біз екі көлікпен бардық. Балаларды қосқанда 13 адамбыз. Бізге толқын мен үлкен шұңқыр бар екенін ескерткен тірі жан болмады. Адамдар емін-еркін суға түсіп жүрді. Мен де бір ажалдан аман қалдым. Айналдырған 15 минуттың ішінде абыр-сабыр болып кетті. Мені қайта бір жігіт құтқарып шықты. Жағажайға кіру үшін бізден ақша алды ма, барлығы қауіпсіздік талаптарына сай болсын. Кәсіпкердің қатаң жазаға тартылғанын сұраймын, – дейді Сәлия Смағұлова.
Күні кеше ғана жақындарын жер қойнына тапсырған әулет қазаға қалтасының қамын ғана күйттейтін демалыс аймағының қожайыны кінәлі деп отыр. Сәлия Смағұлова демалушылардан ақшаны алуды білетін кәсіпкер толқындар көтерілгенде «суға түспеңдер» деп бірауыз ескертуге жарамады деп ашулы.
– Салғырттық қой. Толқындар тербеліп жатыр. Шұңқыр кез келген адамды ағызып жібереді. Егер адам шомыла алмаса осы шырмауықтан шығуы екіталай. Бізге айтса түсінетін едік. Дегенмен тірі жан келмеді. Бұл жер қауіпті деп айтпады. Екі баламды жоғалтып алдым. Екі немерем де өмірде жоқ. Ары қарай қалай өмір сүреміз. Өз ісіне немқұрайлы қарайтын адамдарды жазаға тарту керек. Біз соңына дейін барамыз, – дейді Сәлия Смағұлова.
Бір апта бұрын қайғылы оқиға болған демалыс орны жабық тұр. Осы демалыс аймағына кіру үшін әр көлік 3 мың теңгеден төлеуі тиіс. Алайда ақылы жағалауда шомылуға ешқандай жағдай жасалмаған. Мұнда құтқарушылар да, тыйым салу белгілері де мүлдем жоқ. Қонаев қаласы жер қатынастар бөлімінің мамандары «Голубой залив» атты жағалау заңсыз жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Өйткені кәсіпкерге судың жанындағы жер екі жыл бұрын ауылшаруашылық мақсатында пайдалануға берілген екен. Ал қожайыны болса ат шаптырым аумақты қоршап алып, суға шомылатын демалыс базасын ашқан. Кәсіпкердің әрекетін енді облыстан арнайы құрылған комиссия тексермек.
– Қонаев су қоймасында оқыс оқиға болған жер учаскесі «Индекси» ЖШС-на тиесілі. Жер учаскесінің пайдалану мақсатындағы  жерлер болып есептеледі. Көлемі – 24 гектар. Аталған жерге демалыс базасын ұйымдастырып, демалушыларға ақылы түрде қызмет көрсетуге тыйым салынады. Қазір енді Алматы облыстық Жер ресурстарын басқару департаментімен бірігіп комиссия құрылып, осы учаске жөнінде тексеру жұмыстары ұйымдастырылатын болады, – дейді Қонаев қаласы Ауылшаруашылық және жер қатынастар бөлімінің басшысы Рауан Жамағатов.
Ағайындылар ағып кеткен демалыс аймағының қожайыны бүгін өз орнында жоқ. Ол оқыс оқиға болған күні де сұхбат беруден бас тартқан болатын. Ал ауыр қазадан әлі күнге дейін есеңгіреген күйі отырған тұтас бір әулеттің мүшелері полиция мен прокуратураға арыз жазбақшы. Айта кетейік, Қапшағай су қоймасында шомылуға ресми рұқсат етілген жеті жағалау бар. Бірақ адамдар көбіне жабайы жағалауда суға батып кетіп жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жаз басталғалы Жетісу мен Алматы облыстарында жеті адам суға кеткен, оның екеуі бала.