Елорда күні Нұр-Сұлтан қаласында арнайы техника шығаратын Orbis Heavy Machinery мультибрендтік зауыттың ашылуы болды. Бұл – ТМД елдерінде KIA коммерциялық техникасын шығаратын тұңғыш кәсіпорын.
Бірінші кезеңде бір жылда арнайы техниканың 11 880 бірлігін шығару жоспарланды. Кәсіпорынның іске қосылуына 11 миллиард теңгенің инвестициясы тартылды. Жоба ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
«Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аумағында орналасқан зауыт кешенінің жалпы ауданы 4,5 га құрайды. Бірінші кезеңдегі өндіріс ошағының ауданы – 9 мың шаршы метр. Осы уақытта зауытта 240 қызметкер жұмыс істеуде.
Кәсіпорынның екінші кезегін іске қосу 2023 жылдың III тоқсанына белгіленген. Зауыттың жобалық қуаты екінші кезең аяқталғаннан кейін шамамен 20000 бірлікті құрайды. Бұл шығарылатын өнім желісін кеңейтуге, экспорт көлемін 16 000 бірлікке дейін жеткізуге және 200 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Екінші кезең аясында зауыт фургондар, кран-манипуляторлар, гидроборттар және автогидрокөтергіштер өндіретін болады. Сонымен қатар, ішкі жану қозғалтқыштарын және басқа автомобиль компоненттерін жинауды ұйымдастыру жоспарлануда.
Қазіргі уақытта зауыт кешеніне дәнекерлеу, бояу және құрастыру бойынша өндірістік алаңдар, қондырмаларды өндіру цехы кіреді. Зауытта өнеркәсіптік құрастыру немесе Complete Knock Down «CKD» жүзеге асырылады. Бұл шанақтың құрамдас бөліктерін дәнекерлеуді, шанақты толық сырлауды, сондай-ақ бөлшектерді, агрегаттар мен интерьер элементтерін жинауды көздейді.
Бірінші кезеңде кәсіпорында KIA Bongo аз тонналы жүк моделінің өндірісі жүзеге асырылады. Сонымен қатар британдық JCB компаниясының жол-құрылыс техникасын және жапондық HINO жүк автомобильдерін өнеркәсіптік құрастыруды жоспарлап отыр.
Компания басшылығының бағалауы бойынша, уақыт өте келе экспорттық жеткізілімдердің үлесі өндірістің жалпы көлемінің 80%-не жетеді. Биылғы жылдың соңына дейін қазақстандық өндірістің KIA Bongo 2000 бірлігін ТМД елдерінің нарығына жеткізу туралы келісімшартқа қол қойылды. KIA Bongo көлігі Қазақстан нарығында 13 миллион теңгеге сатылатын болады.