– Мерекелік шарамыздың негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтар негізінде ұрпақтар сабақтастығын көрсету. Санамыздан көмескіленіп бара жатқан ата-әже институтының орнын, баланы шығармашылыққа баулудың маңызын, ұлттық ойындар арқылы салауатты өмір салтын ұстанған бақытты, дені сау, ең бастысы саналы ұрпақ өсіру қажеттігіне назар салу. Салт-дәстүр – біздің ұлттық болмысымызды айқындап, жаһандану заманында өз бет-бейнеміз бен қадір-қасиетімізді сақтап қалар жалғыз қалқан. Сондықтан оны көзіміздің қарашығындай сақтауымыз, қастерлеуіміз қажет, – дейді «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің жетекшісі Тұрар Сәттарқызы.Шара барысында қобызшы әже Бақытгүл Кәрібай қобызда күй төкті, көркемсөз оқу шебері Ғылымхал Манайұлы жыр оқыды. Ақселеу Сейдімбек атындағы №54 мектеп-гимназиясының оқушылары Елнара Ергеш «Ерке сылқым» биін билесе, Қобыланды Мүбәрак күй орындады. №38 мектеп-лицейінің оқушылары Аңсар Данияров пен Рәмина Даниярова, «Ер төстік», «Президент Кидс» балабақшаларының балғындары әннен шашу шашты. Бұдан бөлек, этнодизайнер Мәдина Қуандықтың қолынан шыққан ұлттық бұйымдардың сатылым көрмесі өтті. Ұлттық балалар боямақтарының көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Ол жерде үштілді «Қазақтың ұлттық ойындары», Ыбырай Алтынсариннің «Әке мен бала», «Бір уыс мақта», Абай Құнанбайұлының «Шегіртке мен құмырсқа» балалар әңгімелеріне, «Есек пен бұлбұл» мысал өлеңдеріне құрылған балалар боямақтары көрмеге қойылды. Балалар көлемді боямақтар бояп жарысқа түсті. Тағылымды кеш соңында шара қатысушыларына Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің атынан Алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ кішкентай балғындарға ертегі кітаптар сыйлыққа берілді. Мерекелік жиыннан балалар ғана емес, үлкендер де мәре-сәре боп, қуанышты көңілмен тарқасты.
Венера Мұратқызы