«Ер Едіге» сахналанды
«Ер Едіге» сахналанды
656
оқылды
Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры гастрольдік сапармен Нұр-Сұлтан қаласына келді. Өнер ұжымы «Ер Едіге» этно-фольклорлық тарихи драмасын көрерменге ұсынды. Ақын Светқали Нұржанның пьеса­сы негізінде қойылған спектакльде, аты айтып тұрғандай, есімі аңызға айналған қолбасшы әрі батыр Едіге туралы баяндалады. Оның ат үстіндегі кезеңінің бір бөлігі негіз етіп алынған қойылым елімізде алғаш рет сахналанған. Қоюшы режиссері – Халықаралық фестиваль­дардың лауреаты, көпшілікке театр және кино актері ретінде белгілі Данияр Базарқұлов. Аталған спектакльдің басқалардан ерекшелігі, мұнда Ғ.Жұба­нова атындағы облыстық филармония әртістері де өнер көрсетеді. Атап айтсақ, «Арайлы Ақтөбе» ансамблі мен Қазақ ка­мера­лық хорының әншілері фоль­клорлық туындыларды әуелеткен. Режиссердің айтуынша, әдетте тарихи тұлғаға арналған спектакльдерде басты кейіпкерге ғана бар назарды салып, қалғандары соның көлеңкесінде қалып қойып жатады. Бұл жолы Едігенің жанында жүрген Тоқтамыс хан, Әмір Темір, Сыпыра жыраудың да болмыс-бітімін ашуға көңіл бөлінген. Сол арқылы Данияр Базарқұлов алып тұлға­лардың арасында жүру басты кейіпкерге тек оңды әсер еткенін, «жігітті жолда­сына қарап тану» керектігін меңзепті.
– Менің ойымша, бұл – Едіге ба­тырды көпшілік қауымға насихаттаудың бастамасы. Енді, дүниежүзі бойынша осы тарихи тұлғаның ерлігін, жүріп өткен жолын кеңінен таныстырсақ, артық болмас еді. Сондай-ақ спек­такль­де біз автордың идеясын ғана жеткізгенімізді баса айтқым келеді. Әйт­песе, Едіге батыр туралы жырлар, оның өміріне қатысты нұсқалар да көп, – деді қоюшы режиссер.
Айта кету керек, «Ер Едіге» тарихи драмасы – қазақ тарихындағы ең жарқын кезең Алтын Орданың 750 жылдығы аясында сахналанған. Едіге – қайсар мінезді қолбасшы, Алтын Орданың соңғы әміршісі. Ақтөбе об­лыстық драма театры батырдың есімін жаңғырту мақсатында елді аралап, «Ер Едігені» Алматыда да қойыпты. Алатау­дың баурайындағы көрермен қойылым­ды ыстық ықыласпен, ерекше қошемет­пен қарсы алыпты.
– Тахауи Ахтанов атындағы облыс­тық драма театрын еліміздегі атақты театрлардың бірі деп есептеймін. Міне, бүгінде «Ер Едігені», жалпы тарихты көрсетті. Қойылым режиссерінің ше­берлігі көрінді, көркемделуі өте жақсы болды. Осы театрдан үлкен үміт күтемін. Алдағы уақытта да халықтың көңілінен шығатын осындай кесек дүниелерді жарыққа шығарады деп сенемін, – деп батасын беріпті халық әртісі Асанәлі Әшімов.
Астаналық ағайын да алыстан кел­ген өнер ұжымының еңбегін жоғары бағалады. Қойылымның әсерлі болғаны сонша, соңында көрермендер ұзақ қошемет көрсетті.