Теріміз терсекке, жүніміз жұрқаға айналды
«Алтынды еріте білмеген ірітер, тері ні илей білмеген шірітер» демекші, бүгінде елдің қолындағы тері мен жүн ешкімге керексіз болып, күлтөкпелерде тау-тау болып үйіліп, шіріп жатыр. Бұрындары ауыл халқы малдың тері-жүнін тиянақтап жинап, арнайы қабылдау орындарына тапсыратын. Одан түскен азды-көпті қаржыны шай-пұлына жарататын. 2000-жылдардың басынан бері бұл үрдіс сұйыла бастады. Қазір елдегі тері-жүн өндірісі тұралап қалды.
Экспорттық тыйым саланы тұралатып тастады
Ашық дереккөздердің мәліметіне сүйенсек, былтыр елімізде 130 мың бас жылқы, 1 миллион бас ірі қара, 1,5 миллион бас қой-ешкі сойылған екен. Ал биылғы жылдың 5 айында сойысқа түскен жылқының саны 60 мың, ірі қара – 350 мың, қой-ешкі – 550 мың. Бірақ биылдыққа бірде-бір жылқы мен қой-ешкінің терісі экспортқа шығарылмаған, ал ірі қара мал терісінің тек 66500 данасы сыртқа тасымалданған.
Сондай-ақ тері мен жүннің республика аумағында да кәдеге жарап жатқаны шамалы. Мамандардың айтуынша, елімізде жыл сайын шикі терінің тек 10-20 пайызы ғана сатылып, өңделеді. Қалғаны құр босқа рәсуа болып, далада шашылып жатыр. Ол аздай ауыл іргесінде үйілген тері санитарлық-эпидемиялық жағдайды да ушықтырып, түрлі жұқпалы қоздырғыштарды тарата ма деген қауіп үлкен. Одан жайылған жаман иіс қолқаны қабады. Ал даладағы күлтөкпеге аң-құс үймелеп, қопарып кетеді. Сарапшылардың есептеуінше, егер сойылған мал терісін шашау шығармай түгел кәдеге жаратар болса, ауылдағы шаруа иесі жыл сайын шамамен 10 млрд теңге табыс табар еді. Ең бастысы, оның қоршаған ортаға тигізетін залалын азайтып, табиғатымызды қорғаймыз. Бірақ бұл әзірше тек бұлдыр арман ғана болып тұр.
– Бұрындары ауыл халқы тері-терсегін сатып айтарлықтай ақша табатын. Бірақ Үкімет 2016, 2017 және 2019 жылдары былғары өңдейтін кәсіпорындарды қолдау үшін теріні экспорттауға тыйым салды. Бұл қадам отандық өндірісті дамытуға ықпал еткен жоқ, тіпті кері әсер етті. Ал отандық өндірісті қолдаймыз десек, тері өңдейтін зауыттарға пайызсыз несие беріп, олардың бәсекелестік қуатын арттыра түсу керек еді, – дейді Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының фракция мүшесі Сырым Ертаев.
Баж салығының салмағы батпандай
Қазір енді тері мен жүнді экспорттауға салынған тыйым алынды, бірақ оның орнына кедендік баж салығы бекітілді. Енді кәсіпкер теріні шетелге сататын болса, оның әр тоннасы үшін 200 еуро баж салығын төлеуі тиіс. Бұл – 100 мың теңге. Сондықтан теріні шетелге шығару тиімсіз. Жүнге қатысты да осыны айтуға болады, экспортталатын жүннің әр тоннасы үшін 10 пайыз баж салығы салынады. Мұндай салықтан кейін ел ішінен жүн-тері жинауға кімдер құлшынып шығар дейсіз? Себебі онымен айналысу тиімсіз.
2016 жылға дейін қой-ешкіден бастап ірі қара, жылқы терісі де арнайы қабылдау орындарында текшеленіп, Қытайға, Өзбекстанға және Қырғыз Республикасына өткізілетін. Ал Үкіметтің отандық өндірушілерді қолдау деген желеумен тері-жүн экспортына тыйым салуы бұл саланы әбден құлдыратып жіберді. Ішкі нарықта тері-терсек құны тым арзандап кетті. Содан бері тері мен жүн көрінген жерде шашылып қалды. Бұрын 500-1000 теңгеге бағаланған қой-ешкі терісін адамдар қазір 200 теңгеге өткізе алмай жүр. Ал бұрын 15 000-20 000 теңге болатын жылқы мен сиыр терісі енді 1000-2000 теңгенің айналасында ғана. Жүннің келісі 150 теңгеден аспайды. Мұндай бағаға ешкімнің уақыт шығындап арнайы орынға өткізіп жүруге құлқы жоқ. Сөйтіп, қазақ экспортының орнын басқа елдер басып қалды. Енді тіпті кедендік баж салығын алып тастағанның өзінде одандық кәсіпкерлерге шетелдік нарығын қайтадан бағындыру қиынға түсетіні анық.
– Біз тері-жүнге қойылған кедендік баж салығын алып тастау жөнінде мәселе көтеріп, бірқатар министрлік өкілдерімен хабарласып едік, олардың бәрі ойымыздың дұрыстығына келіседі. Мұны депутаттар да, кәсіпкерлер де мойындап отыр. Бірақ әзірге одан шыққан нәтиже жоқ. Құзырлы органдардың өкілдері бұл мәселе ведомствоаралық комиссияда талқыланып жатыр деген еді, – деп қынжылыс білдірді мәжілісмен Сырым Ертаев.
Қойшы көп болса, қой арам өледі
Тері өңдеу ісінің тұралап жатқанына бұл сала екі мекемеге қарайтындығы да себеп – Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі. Екі мекеме жұмысты бір-біріне сілтеп, ешкім нақты проблемамен айналысып отырған жоқ. Соның салдарынан көрші Қытай теріні іргеде отырған Қазақстаннан емес, мұхиттың арғы жағындағы АҚШ пен Аустралиядан импорттайды. Ал біздің шаруалар батпандай салықтың салдарынан жүн-терісін далаға тастауға мәжбүр.
[caption id="attachment_204799" align="alignright" width="1287"] © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption]
Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Бақты ауылының тұрғыны Боранбай Қасымбеков қазір ауыл халқы жүн-тері жинамайтынын, өйткені оны тапсыратын орын жоқ екенін айтты.
– Бұрын қалаға шыққанда тері-терсегімізді іле кетіп, аз-маз қосымша тиын-тебен табатын едік. Ол барып-қайтқан жолпұлымызды ақтайтын. Бірақ былтырдан бері теріні өткізу машақатқа айналды. Қабылдау пункттері көбінесе жабық тұрады. Қабылдаған күннің өзінде арзан. Ол үшін кімнің сабылып жүргісі келеді дейсіз? – деп шағымданды ол.
Ал ет өнімдерімен айналысатын қарағандылық кәсіпкер Сейілжан Исин ай сайын жылқысы, сиыры және қой-ешкісі аралас ондаған бас сойып, сататынын айтады. Бірақ мал терісі мен жүнді қабылдайтын орын болмағандықтан оны қоқысқа тастайды екен.
– Ірі қалаларда болмаса, аудан орталықтарында тері мен жүнді қабылдайтын орындар жоқтың қасы. Оны үлкен мегаполистердің өзінен табу қиын. Ал ешбір кәсіпорын тері-терсек жинау үшін жүздеген шақырымдар жол жүріп, алыс ауылдарға бара бермейді. Сондықтан елдің қолындағы жүн-жұрқа, тері-терсек текке шіріп жатыр. Бұл тек жалғыз менің ғана проблемам емес, мал шаруашылығымен айналысатын барлық кәсіпкерлердің басындағы жағдай. Атқарушы билік мұндай түйткілдің бар екенін біледі, бірақ оны шешуге құлықсыз. Сондай-ақ бұл сала субсидияланбайды да. Нарықтың сұранысы тым төмен. Бағаның арзан болатыны да содан, – дейді кәсіпкер.
Кеңес заманында тері, жүн өңдейтін, тоқыма, тігіншілікпен айналысатын мыңнан астам кәсіпорын болыпты. Жеңіл өнеркәсіп саласы кезінде республикалық бюджеттің 25 пайызын қамтамасыз етіп тұрған. Солардың көпшілігі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап тоқырауға ұшырады. Қазір осы бағытта 160 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Бұлардың көпшілігі – шағын цехтар мен кәсіпкерлік субъектілері. Ал енді оның ішінде былғары илеумен және өңдеумен айналысатындары санаулы ғана.
Көршіден үйренеріміз көп
QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығының дерегі бойынша, бұл бағытта жұмыс істейтін 1 орта кәсіпорын (Almaty Tannery ЖШС – Алматы былғары зауыты) және 27 шағын кәсіпорын (Semey Tannery, Turan Skin, «КазИталКожа», «КазахЛидерМех», «Тараз Былғары зауыты», «Петропавл былғары зауыты», «Кәмшат-Әсел» ЖШС және басқалар) бар. Отандық былғарыны ішкі нарықта аяқкиім (негізінен әскери және арнайы аяқкиім үшін) мен былғарыдан жасалған тауарларды (сөмкелер, белдіктер) өндірушілер сатып алады. Бірақ олардың сұранысы шамалы. Ішкі нарықтың небәрі 13 пайызын қамтиды.
Өндірушілер ел ішіндегі шикізаттың сапасы нашар деген уәжбен былғарының көбін сырттан тасымалдайды. Бұл жергілікті өнімге деген сұранысты одан сайын азайтып жіберген. Олардың өзі толық қуатында жұмыс істеп тұрған жоқ. Көбі көктем мен жазда ғана істеп, күз-қыс айларында тоқтап қалады. Есесіне Түркияда, көрші Өзбекстанда, Қырғыз Республикасында, Ресейде тері, жүн өңдеу өндірісі дүрілдеп жұмыс істеп тұр. Қазақстандықтар былғары, жүн өнімдерінің көпшілігін осы елдерден алады.
Әлемдік нарықтағы былғары импортының 25 пайызы Түркияға тиесілі. Бұл елде бір күнде 3000-ға жуық тері өңделеді екен. Ал оларды тері шикізатымен қамтамасыз етіп отырған елдердің алдыңғы қатарында Қазақстан тұр. Мәселен, Түркия немесе Қытай асып кеткен тері, өзімізге 50-150 мың теңгенің былғары күртешесі болып қайтып оралады. Ал елтірі тондар құны 400 мың теңгеге дейін жетеді. Бұл салада бізден қырғыздар әлдеқайда алға кеткен. Қырғыз халқының 30 пайызы жеңіл өнеркәсіптің арқасында күнін көріп, саудасын жүргізіп отыр. Қырғыз үкіметі жеңіл өнеркәсіп секторын барлық салықтан босатып, алаңсыз жұмыс істеулеріне бар мүмкіндікті берген. Соның нәтижесінде, аталған сала күрт қарқын алып, тауарларын сыртқа шығарып жатыр. Ресей нарығының 7 пайызын қырғыздар қамтамасыз етіп отыр. Тауарын тіпті АҚШ-қа да шығаруда. Тіпті өндірісі дамымаған Моңғолияның өзі бізден асып кеткен. Олар былғары, жүн өнімдерін негізінен Ресейге экспорттайды. Ал моңғолдың жүн байпақтары біздің нарықты жаулап алған.
Әлемде қойы ең көп ел – Аустралия. Ондағы ұсақ малдың саны 130 миллионнан асқан. Мұнан кейін Қытай – 112 миллион қой. Алғашқы үштікке Түркия кіреді. Тері, жүн өнімдерін өндіруден де сәйкесінше осы мемлекеттер озып тұр. Ал Қазақстанда қой саны 18 миллиондай, оның 80 пайызы жекеменшіктің қолында. Алайда ел ішіндегі қойдың тек 12,7 пайызы ғана асыл тұқымды. Қойдың 44 пайызы қылшық жүнді де, 28,8 пайызы биязы жүнді. Қалғаны жартылай қылшық пен жартылай биязы. Ал сұраныс негізінен тек биязы жүнге ғана бар. Жүн өндірісінің дамымай отыруының бір себебі осы да болса керек. Соның салдарынан қазақ Қытайдың сапасы нашар пималарын місе тұтып отыр. Сондай-ақ халық көп тұтынатын қолғаптардың 93 пайызы, шұлықтардың 74 пайызы қытайлық өнімдер екен. Бір жұп былғары қолғап 8000-10 000 теңге, бір жұп пима 10 000-15 000 теңге тұратынын ескерсек, қаншама миллиардтаған қаржының шетке кетіп жатқанын бағамдай беріңіз. Одан бөлек, Түркия мен Пәкістанның, Ресей мен Өзбекстанның былғары, мақта-мата өнімдерін тұтынып, миллиардтарды сол елдерге шашып жатырмыз.
ТҮЙІН:
Кеңестер Одағы заманында әр ауданда шикізат дайындау кеңсесі жұмыс істеді. Мұндай кәсіпорындардың 40-50 қаралы адамы, ауыл-ауылды аралайтын техникасы жеткілікті болды. Олардың басты міндеті – жергілікті жерлердегі шаруашылықтардан жүн мен тері жинау. Қазір осындай кеңселердің жұмысына халық зәру болып отыр. Үкімет осы жұмысты ұтымды ұйымдастыра білсе, Қазақстанда жеңіл өнеркәсіптің импорттық тауарларына деген сұраныс азайтып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ете алатын жағдайға жетер едік. Бұл істе көрші мемлекеттерден, әсіресе Түркиядан үйренеріміз көп.