Сайранда сайран салмадық
Сайранда сайран салмадық
776
оқылды
Жаз шыға сала алысқа ұзай алмаған алматы­лық­тардың шомылуға баратын бірден-бір жері – қала ішін­дегі Сайран көлі. Аталған көл – 1971 жылы селден қор­ғану мақсатында са­лын­ған жасанды су қоймасы. Биыл да маусым бастала салы­сы­мен тұрғындар Сай­ранға лап қойған болатын. Бірақ бұл рахатты күндер ұзаққа бармады. Себебі жа­қында Алматы қаласы Тө­тенше жағдайлар депар­та­ментінің хатына сәйкес және сани­тариялық-эпи­де­мио­­ло­гия­лық бақылау де­парта­мен­ті­нің нұсқауымен су қойма­сына түсуге тыйым салын­ды. Мамандардың айтуын­ша, маусым айының аяғын­да көлден ішек таяқ­шалары анықталған. Соған байла­нысты көлдің суын ағызып, түбін құрғатуға шешім қа­былдапты. Жабылудың нақты себебі не?
Көл жағалауының маусымның соңғы күнінде аяқасты жабылып қалуы екі жыл COVID-19-дың әле­гінен кейін бой жазып, «сайран са­ламыз» деген алматылықтардың қуа­нышын су сепкендей басқаны рас. Қалалық санитариялық-эпи­де­миологиялық бақылау департа­мен­тінің мәліметінше, судан алын­ған сынаманың нәтижесі күмән тудыр­ған. «Санитариялық-эпиде­миоло­гия­лық мониторинг тәрті­бін­де ағым­дағы жылдың маусым айын­да Сайран маусымдық көлінен мик­ро­биологиялық көрсет­кіштерге судың 6 сынамасы алынды, оның 3 немесе 50 пайызы ЛІТ (лактозаоң ішек таяқ­шалары) индексі бойынша сәйкес келмейді. ЛІТ 1000 дм3 ас­пай­тын нор­мада көлдің басында 5300 дм3, ортасында 5300 дм3 және соңында 6400 дм3 табылды. Суды лактозаоң ішек таяқшаларының құрамына зерт­теу нысандарындағы судың нәжісті ластану дәрежесінің негізгі көрсет­кіші ретінде қолда­ны­лады. Ішек таяқшаларының суда болуы ағынды сулармен, мал қал­дықта­ры­мен және басқа да ластану­дың белгісі болып табылады. Ішек таяқшала­рының бұл тобы диарея (қан ара­ласқан), гас­троэн­те­рит (ба­ла­ларда) сияқты нәжісті және ауыз қуыс­та­ры арқылы бері­летін ауру­лар­ды ту­дыруы мүм­кін. Ластану көзі анық­­та­­лып, арнайы ко­миссия жұ­мы­сы аяқ­­талған соң Сайранға су қайта тол­ты­рылады», – дейді Сани­тарлық ба­қы­лау депар­таментінің мамандары.
Көлдің түбі таза емес Шомылу маусым кезінде су қой­масын уақытша бірнеше күнге жа­уып қою шарасы жылда кездесетін үйреншікті әдетке айналған. Бұл туралы қала тұрғындары бірнеше мәрте тиісті орындарға арыз-шағым айтумен келеді. Экология белсен­ді­лердің тұжырымынша, оның бір­ден-бір себебі көл астының түбе­гейлі талапқа сай тазаланбауынан көрінеді.
«Сайран көлінің жоғары жағы тіптен қорқынышты. Қала ішіндегі демалыс аймағы деп айтуға келмей­ді. Бейне бір қоқыс тастайтын не­месе жинайтын орынға ұқсап кет­кен. Мұндай жағымсыз көрініс су бетінен де аңғарылады. Көлдің кей тұстарындағы қоқыс иірімге жи­налып қалған. Көлге құятын Үл­кен Алматы өзенінің де кейбір тұсы батпаққа толып, қамыс өсіп кеткен. Осы суды шомылатындар байқамай жұтып қоюы мүмкін. Бұдан түрлі ауруларға ұшырауы мүмкін. Мә­се­лені шұғыл қолға алмаса болмайды», – дейді эколог Нұргүл Хамзина.
28 миллион теңге желге ұшты ма? Сайранды шын мәнісінде сай­ран салатын жайлы орынға айнал­дыру мәселесі – Алматыға келген қай әкімнің де арманына айналған. Олардың әрқайсысы өз шама-шар­қынша түрлі жобаларды ұсынып та көрген. Бір қызығы, әр әкім келген сайын жоба да сан мәрте өзгеріп отырды. Бірақ шыққан нәтиже жоқ. Соңғы рет осыдан бес жыл бұрын, яғни 2017 жылы сол кездегі шаһар басшысы Бауыржан Байбек Сай­ран­ды адам танымастай өзгертеміз деп құлшынғаны бар. Тіпті, арнайы жоба да дайындап, оны көпшілік назарына ұсынғанын алматылықтар ұмыта қойған жоқ. Жобаға сәйкес, көлдің жағалауы бәрі жарықтандырылады. Абаттан­дыру жұмыстары жүргізіліп, жасыл желектер отырғызылады. Оларды суғаратын арнайы су құбырлары орнат­ылады. Сондай-ақ жүргін­ші­лер жүретін жаяу жол, веложолдар салынып, жағажай волейболына арналып алаңшалар дайындалатын болған. Экс-әкім өзі ұсынған жобаны алдымен көлдің түбін тыңғылықты тазартудан бастайтынын айтқан еді. Ол үшін жергілікті бюджеттен 28 млн теңге бөлінгенін жеткізген. Алайда одан бері бес жыл уақыт өтсе де, көл түбінің көзі ашылмағанын көпші­лік көріп отыр. Сонда тек та­зарту жұмыстарына деп бөлінген қар­жы желге ұшқаны ма? Бұл сұрақ­тың жауабын тұрғындар кімнен сұ­рарын білмей дал. Арада аттай бес жыл өтсе де, «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалып отыр. Бұл күнде су қоймасы тұрғындар үшін демалыс орны емес, түрлі қауіпті аурулардың пайда болу ошағына айналуы мүмкін екенін көріп отырмыз. Досаевтың жоспары қандай? Әкім жақында Әуезов ауданы тұрғындарымен кезекті кездесуі ба­рысында Сайран көлін абаттандыру мен түйткілді мәселелерді шешуге жеке-жеке тоқталды. Мегаполис басшысының ай­туын­­ша, биыл Сайран көлін абат­тандыру, соның ішінде көлдің түбін тазарту және жағалау аймағын кө­гал­дандыру жұмыстары жоспарланған.
«Бүгінгі таңда Сайран көлінің бөгеттеріне көпфакторлы зерттеу жүргізілді. Биыл шілде айында жо­балық-сараптамалық жұмысқа қатысты мемлекеттік сараптаманың қорытындысын аламыз. Жағалау аймағын ретке келтіру бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және мемлекеттік сарап­та­мадан өту мәселесі қыркүйек айын­да аяқталады деп ойлаймын», – деді Ерболат Досаев.
Сондай-ақ Алматы әкімі биыл III тоқсанда Сайран көлінің түбін тазарту және абаттандыру үшін ­құ­рылыс-монтаж жұмысына қар­жы бө­лу мәселесі қаралатынын жеткізді. Досаевтың жоғарыдағы мәлім­демесінен кейін қала ішіндегі бір­ден-бір демалыс орны болып табы­ла­тын көлдің мәселесі келесі жылға қалып тұрғаны белгілі болып тұр. Әкім-қаралары жиі ауысатын Ал­маты тұрғындары үшін «келесі жыл» деген сөз – үміттен гөрі күдікке көбірек жетелейтін сияқты. Шілің­гір шілде енді басталды, алда аптап ыстықтар бар. Осы кезде бір мезгіл алысқа ұзамай-ақ екікүндік дема­лысында жағасына барып бір сүңгіп сергіп қайтатын алматылықтар үшін Сайранның аяқасты жабылып қа­луы ыңғайсыз жағдай тудырып тұр­ғаны рас. Қалай болғанда да, денсаулықты бәрінен жоғары қоятын тұрғындар үшін айналасы уақытша деп қоршалған көл орны айдынға айналғанға дейін «шыда жаным, шыда» деуден басқа амал жоқ сияқты...

Алматы