Жолдасбек Нұрмаханов: Қосымша жасаудан да маңызды мәселе бар
Жолдасбек Нұрмаханов: Қосымша жасаудан да маңызды мәселе бар
748
оқылды
Картография әр елдің әлеуметтік-экономикалық сала­сында маңызды рөлге ие. Бүгінде электронды картография тұрғындардың тұрмысына дендеп енді. Өкінішке қарай, еліміздегі бұл «нишаны» өзіміздің емес, өзге елдің ком­паниялары жаулап алды. Мәселен, «Яндекс» такси қыз­меті, яки ірі қалалардағы 2ГИС қосымшасы өз сала­сында монополист. ІТ мамандар мұндай мобильді жетіс­тіктерге қол жеткізу қиын емес дегенмен картографиялық мәлі­меттер базасының жоқтығы кедергі екенін алға тарта­ды. Осы орайда, Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпа­рат ор­талығы директорының орынбасары Жолдасбек Нұр­ма­хановпен сұхбаттастық. Айта кетейік, аталмыш орталық Цифрлық даму, инно­вациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Гео­дезия және картография комитетіне қарайды. 1945 жылы Алматыда Қазақ аэрогеодезиялық мекеме ретінде жұмы­сын бастаған орталықтың мұрағатында 1960 жылдардағы карталарға дейін сақталған. – Жолдасбек Баймаханұлы, Ұлттық геодезия орталығы қандай карталар жасайды? Геоақпараттық жүйені мобильді қосымша ретінде ұсыну мүмкіндігі қандай? – Картаның түр-түрі бар. Біздің карталардың қолдану аясы мен мақ­саты басқа. Оның дәлдігі, масштабы да бөлек. Қаланың сәулеті, құры­лысы, жер қатынасы және тағы бас­қа жүйені реттеу үшін біздің кар­талардың көмегіне жүгінеді. Бізде 1:500-ден бастап (қаланың ішін жобалауға арналған карталар) бір-екі мыңдық, үлкен қалалар үшін 5-10 мыңдық және республика бо­йынша 50-100 мыңдық масштабтағы карталар бар. Біздің карталар әске­ри мақсатта да қолданылады. Мә­селен, бізде 25, 50 мыңдық масштаб­та мемлекеттік құпия саналатын карталар бар. Оны қалаған адам, яки мекеме ала алмайды, арнайы рұқсаты болуы керек. Қалғаны қыз­мет бабында қолданатын қарталар, оларды мемлекеттік тапсырыспен алуға болады. Біздің орталық демаркация, яғни еліміздің шекарасын белгі­леу­мен де айналысады. Қазіргі уақытта Ресеймен шекараласатын Алтай таулы аумағы ғана қалды, басқа бар­лық шекаралас елмен бұл шаруа бі­тіп тұр. Демаркация жасау үшін екі ел арасында ұзақмерзімді келіс­сөз жүргізіледі, шекарадағы әрбір баға­наның хаттамасы (сипаты, коор­ди­наты қамтылған) толты­ры­лады. Бұл бағаналар құм көшкенде, қатты жел соққанда құлап қалуы мүмкін, оны қайта орнату үшін де қосымша келіссөз жүреді, құжат толтырылады. Жақында Президентіміз Қа­сым-Жомарт Тоқаев Иранға іс-са­пармен барды. Онда Каспий теңі­зінің мәселесі көтерілді. Каспийдің су бетінің шекарасы айқындалған, алайда су асты шекарасы бөлінбеген. Бұл – өте маңызды саяси-эконо­ми­калық мәселе. Оның үстіне, Ресейге санкция салынғаннан кейін бізге транспорттық дәліз жасау керек бо­лады. Каспийдің құрлықтық қай­раңының (шельф) картасын істеу қажет. Осы іспен де біздің орталық айналысады. Былтыр Шардара су қоймасы­ның көлемін, тереңдігін өлшедік. Қойма суы азайған. Бұл пилоттық жоба болды. Оны «Қазсушар» ша­руашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік мекемеге ұсындық. Мақ­сатымыз еліміздегі барлық су қоймаларын, ондағы су көлемін, бөгеттердің қаншалықты ескіргенін, қандай су көлемін көтере алатынын, жарылып кеткен жағдайда қанша шақырымға дейін су шаятынын және тағы басқа мәселелерді зерттеп шығу болған. Бұл арқылы су қой­малары туралы эксперттік сарап­тама әзірлеуге, түрлі апатты жағдай­ларды болжауға және алдын алуға болады. Оған біздің технологиялық мүмкіндігіміз жетеді. Әзірге қолдау тапқан жоқ. Күні кеше жаңадан үш облыс құрылды, аталмыш елді мекендер біз­дің карталарды сұрап жатыр, өйт­кені аймақтың жалпы жер бедерін түсіну үшін міндетті түрде топогра­фиялық таспасы қажет. Геоақпараттық жүйені мобильді қосымша ретінде ұсыну мүмкін­ді­гіміз бар. Алайда қосымша жасаудан да маңызды мәселе көп. – Жедел-жәрдем, өрт сөндіру, полицей қызметі сіздің картаның көмегіне жүгіне ме? Тұрғындар үшін 2ГИС сияқты қосымша жасағысы ке­летін отандық компаниялар сіз­дер­ден картаны сатып алуына бола ма? – Бізде бүкіл Қазақстанның, бар­лық елді мекеннің әртүрлі масш­табтағы картасы бар. Бірақ оны А нүктесінен В нүктесіне жеткізетін карта ретінде пайдалану қолайсыз. Сол үшін біздің карталарды поли­цей, өрт сөндіру немесе жедел жәр­дем қызметі пайдалана алмайды. Өйткені біздің сызбаларда жол жие­гіндегі ағаштар (олардың түрле­рі), асфальт төселген бе, болса қан­дай материалдар қолданылған, жол­сыз бағыттар бар ма, оның ені мен ұзындығы, бұрылыстары, сол аумақтағы өзендер мен арықтар, жол астындағы жүргізілген кана­лизация, электр жолақтары, тұрғын үйлердің қабаты, жылы, қасбеті және тағы басқа көптеген ақпарат қамтылады. Бұл бір нүктеден келе­сісіне жеткізетін мақсаттағы карта үшін қолайсыз, өйткені мәлімет көп. Мұндай мекемелердің өзіне бейімделген схемалық карталары бар, олар соның көмегіне жүгінеді. Ал «Яндекс», яки 2ГИС карталары жол­дың сызбасы мен мекенжай ба­засын ғана қамтиды, олардың мақ­саты басқа. Жер бедерін космо­тү­сі­рілім жасайтын әлемдік ұйымдар бар. Бұлар сол түсірілімдерді сатып алып, жергілікті ғимараттарды енгізеді. Олар – коммерциялық ұйым, тұрғындарға қолайлы кар­таны тегін ұсынады, есесіне сол кар­тада көр­сетілген жекеменшік мекемелерден ақша алады. Бүгінде біздің орталық элек­трон­ды картаны жүйелеп жатыр. 2024 жылы іске қосылады. Мем­лекеттік жер кадастрының автомат­тандырылған ақпараттық жүйесі және техникалық қамтамасыз ету базасы бар. Одан бөлек, мемлекеттік қала құрылысы кадастрының (ин­женерлік жүйе картасы) базасы бар. Әртүрлі геопорталдар көп. Open Street map ашық порталы бар. Біздің карта осыларды оңтайландырады. Болашақта кез келген мекеме ашық қолданыстағы біздің картаны өз қызметіне бейімдеп, соның ішінде 2ГИС, «Яндекс» сияқты қосым­ша­лар жасағысы келетін компаниялар өз мақсатына пайдалана алады. – Мұндай базаны жасақтауға бүгінге дейін не кедергі болды? – Бізде еліміздің барлық аума­­ғын қамтитын түрлі масштабтағы карта да, әрі оның электронды нұс­қасы да бар. Бірақ бүгінге дейін оны кең қолданысқа бере алмадық. Өйткені ол карталарда мемлекеттік құпия саналатын аумақтар да қам­тылған. Қазір біздегі бар мәлі­мет­терді сүзгіден өткізіп, ашық кар­та жасап жатырмыз. Оған мем­лекеттік құпия саналатын аумақтар кірмейді. Сондай-ақ бүгінге дейін біздің орталық «СК-42» деп аталатын коор­динаттар жүйесімен жұмыс істеп келді. Бұл Кеңес Одағы кезінде орнатылған жүйе. Қазір ТМД елде­рінің ішінде бұл жүйемен екі-үш мем­лекет қана жұмыс істейді, со­ның бірі – біз. Мәселен, Ресей «СК-2011» жүйесіне жүгінеді. Өзбекстан да жаңа жүйеге көшкен. Қазіргі таңда біз «КазТРК-24» деп аталатын отандық спутник жүйесіне көшу­деміз. Былтыр дайындық жұмысы жүрді, қажетті құрылғыларды (ба­сым бөлігі швецариялық танымал бренд) сатып алдық. Елімізде 84 референц бекеті орнатылды, оның 11-і – негізгі астрономиялы-геоде­зия­лық жүйе (ФАГС), қалғаны – дәлдігі жоғары геодезиялық жүйе (ВГС), биыл осы бекеттерді тексе­рудеміз, ғаламтор желісіне жөнді қосылғанын, бір жүйеге орталық­тандырылғанын бақылап жатыр­мыз. Келесі жылы өлшеу және ма­тематикалық есептеу жұмысы жү­реді. 2024 жылы «СК-42» жүйесінен ауысу процесі жүзеге асырылмақ. Отандық жүйенің артықшылығы – дәлдікте. Мәселен, жердің текто­никалық плиталары бір орында тұрмайды, үнемі жылжып, бедерін өзгертіп отырады. «СК-42» жүйесі ескірді, кейбір жерлердің дәлдігін өлшеуге қауқарсыз (9 метрге дейін ауытқулар болады). Ал «ҚазТРК» – спутниктік жүйе болған соң, онлайн режимде кез келген дәлдікті анықтауға мүмкіндік береді. Жо­ғарыда аталған геопорталдардың болмауының тағы бір себебі де – осы, заманауи координаттар жүйе­сінің болмауы. Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіндегі туындайтын көп мәселелер де осы жүйенің ескілігіне кеп тіреледі. Мәселен, тұрғындардың арасында жер бөлісу дауы жиі болады. Екі көрші 1 метр аумақты бөлісе алмай, тіпті сотта­сып жатады. Бұл да өлшем дәлдігінің кемдігінен. Бұл көшу жұмысы егемендік алғаннан кейінгі алғашқы 10-15 жылда атқарылуы керек еді. Өйткені геодезия – кез келген шаруаның бас­тамасы. Қарапайым жер үй са­лудан бастап, тұрғын үй кешендерін көтеру, автожол, теміржол, көпір салу, өзен-су арналарын реттеу, жал­пы елді мекеннің барлық инфра­құрылымын, абаттандыру жұмысын ұйымдастыру, одан қалды мем­ле­кеттің геодезиясын реттеу үшін алдымен осы салаға жүгінеді. Топо­графиялық таспасыз ешбір құрылыс жұмысы басталмайды. – Қазір карта дайындау барысы қалай жүреді? Қандай технологиямен зерттеп отырсыздар? – Бүгінге дейін оптикалық ас­паптармен зерттеп келдік. «Кезек­ші» (Дежурный) карта деген ұғым болды, алюминий немесе қатты пластиктен жасалатын. Соны жыл өткен сайын жаңартып отыра­тын­быз. Ал қазір жаңа технология көп: георадар, арнайы жол іздеуіш (трас­соискатель), космотаспаларды қол­да­намыз. Сондай-ақ мәліметтер ба­­за­сы электронды жүйеге көшті. Қа­ланың картасын жасау үшін ал­дымен координаттар таңбасын (мар­кировка) қойып, сосын биіктен ұшақ немесе пилотсыз ұшу құрал­дарының көмегімен маршрут сыза­мыз. Бұдан кейін, ортофото жасауға кірісеміз. Орталық мамандары да­ла­лық жұмыстарға шығады, онда шифрді оқумен айналысады (де­шифровка), яғни космотаспадағы ақпаратқа сол аумақтың сәйкестігін тексереді. Оның үстіне, космотас­пада тұрғын үйлер, көшелер, арық-өзендер бейнеледі. Ал біздің ма­мандар сол аумақтарға барып, үйдің қанша қабат екенін, неден соғыл­ғанын, асфальттың қандай құрылыс материалынан жасалғанын, ағаш­тардың түрлерін, биіктігін, электр бағандарының биіктігін, қуатын және тағы басқа ақпараттарды қо­сымша зерттейді, мәліметтер ба­за­сын толықтырып, өңдеу бөліміне (ка­меральный отдел) тапсырады. Он­да жер бедері сызылып, элек­трон­ды карта дайындалады. Елді ме­кен­дердің жер аумағы мен даму қар­қы­нына байланысты мемле­кет­тік тап­сырысқа сәйкес картасын жаңартып тұрамыз. Карта сызуға шамамен 1-2 жыл уақыт кетеді. Бұл елді мекен­нің жер көлеміне, құры­лыс нысан­да­рына, инфрақұры­лы­мына және бас­қа да себептеріне байланысты. Біздің негізгі орталықтан бөлек, аймақтарда 11 бөлімшеміз бар, 800-ге жуық адам жұмыс істейді. Өкі­нішке қарай, бұл саланың маман­дары тапшы, бір-екі нәрсені үйреніп алып, бәрін білемге салады. – Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Айдана НҰРМҰХАН