Пилоттық жоба жандана түсті
Пилоттық жоба жандана түсті
883
оқылды
«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасына қатысты айтылған сын да, тағылған мін де көп болғаны жасырын емес. Алайда бүгінде жоба екінші екпін алып, елді мекендерде тынысы кеңеюде. Бес бағыт бойынша, әсіресе өңірмен аттас Жамбыл ауданында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Бағыттар бойынша үй іргесіндегі және ауыл сыртындағы жерлерді тиімді пай­да­лану, үй ауласында мал және құс өнімдерін арттыру, қосалқы шаруа­шылықты жемісті жүргізуге қолбайлау мәселелерді коо­ператив­тер арқылы шешу және шағын жобаларды қаржыландыру қолға алынған. Нәтижесінде, Бесағаш ауылдық округіне 1 млрд 35 млн теңге бөлінген. Оның ішінде республикалық бюджеттен 895 млн 490 мың теңге 2,5 пайызбен 279 өтінім қаржыландырылса, жергілікті бюджеттен «Іске сәт» ауыл шаруашылығы коо­перативінің айналым қаражаты мен ауыл шаруашылығы техникаларын алуға 139 млн 510 мың теңге 5 пайызбен несиелен­діріліп отыр. Бесағаш округінде үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану мақсатында 1 117 аула болса, 155 гектар жер телімі мен айналым қаражатына 13,3 млн теңге несие қаралған. Мал шаруашылығын дамыту үшін 276 несие алушыға 797 350 млн теңге беріліп, бұл қаражатқа 4 760 бас мал алынып отыр. Жерді тиімді пайдалану – еңбек өнім­ділігінің басты шарты. Ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану мақсатында «Іске сәт» ауыл шаруашылығы коо­перативінің 110 мүшесінің алған малын арзандатылған мал азығымен қамтамасыз ету үшін ауыл сыртындағы 1 335 гектар жерді игеруге қажетті сапалы тұқым, тыңайтқыш, химиялық қорғау заттарын сатып алуға 38 млн 800 мың теңге айналым қаражаты алынған. Осы орайда биыл 1 355 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақыл­дарын егу жоспарланып, бұл жұмыс толы­ғы­мен аяқталған. Оның ішінде бидай – 180 гектар, арпа – 229 гектар, жүгері – 100 гектар, көпжылдық шөп 646 гектарға және рапс дақылдары 30 гектарға егілген. Пилоттық жобаның 5-ші, яғни тұр­ғындардың өз кәсібін ашу бағыты бойынша ауыл тұрғыны З.Парпиева мен К.Мух­таварға кондитерлік цехын ашуға 1 млн 860 мың теңге қаражат беріліп, жоба іске қосылған. Мұнда бүгінге дейін 3,4 тонна кондитерлік өнімдер өндірілсе, сондай-ақ 2 адам жұмыспен қамтылған. Ал Өрнек ауылдық округінде 2021 жылы 393 млн теңгені құрайтын жобалар жанданған. Округте пилоттық жоба аясында үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану мақсатында ауыл тұрғыны Д.Масатбаевқа 6 млн 600 мың теңге несие аударылса, А.Әлішеровке 4,1 млн теңге мақұлданған. Ал С.Маратовтың үй іргесінде жылыжай орнату үшін дайындаған құжаттары «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына тапсырылды. Ауладағы мал шаруашылығын тиімді пайдалануға 67 аула 243 млн 570 мың теңге несие алған. Тұрғындардың аула сыртын­дағы жер үлесін тиімді пайдалану мақса­тында ауылда 560 гектар арпа, 100 гектар бидай, 40 гектар жүгері, 120 гектар жоңыш­қа орналастыру және өткен жыл­дардағы 300 гектар жоңышқалықты баптау үшін айналым қаражатына 28,790 млн теңге несие алу жоспарланған. Айналым қара­жатының құжаттары «Тараз» әлеу­мет­тік-кәсіпкерлік корпорациясы» акцио­нерлік қоғамына тапсырылып, «Өрнек-Даму» ауыл шаруашылығы кооперативі 10 млн теңге несие алған. Осы қаржыға 150 гектар жаздық арпа, 50 гектар жоңышқа егілген. Кооперативтерді жабдықтау және құру бойынша «Өрнек-Даму» ауыл шаруа­шылығы кооперативі ауыл сыртындағы егістік алқапты тиімді пайдалану үшін 21 млн теңгеге 1 техника, 2 қосалқы тірке­меге тапсырыс беруге «Тараз» микро­қаржылық ұйымына сұраныс білдірген. Бүгінде тұрғындардың өз кәсібін ашуға және кеңейтуге арналған екі жобаны қаржыландыруға 37 млн теңге қажет. Қазір ауыл тұрғыны Г.Орымбаеваның «Кон­дитерлік цех және наубайхана» жобасының құжаттары «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамын жіберілді. Аудан орталығынан шалғай орналасқан Тоғызтарау және Ерназар елді мекендеріне зерделеу жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Осы елді мекендерде су тапшы­лығына қарамастан аула іргесіндегі жерлерін тамшылатып суару арқылы халық мол өнім алуда. Атап айтсақ, тоғызтараулық П.Оңғарбаев ауласындағы 36 сотық жерге тамшылатып суару арқылы дақыл егіп, пайдаға кенелуде. Дәл сондай Ерназар ауылының тұрғындары Ш.Аубакиров жүгері және К.Шынтасов көкөніс егіп, жерді тиімді пайдалануда. Сонымен қатар Ақбастау ауылдық округінің тұрғындары К.Махамбетқұлова, Д.Әбдірәсілова және Көлқайнар ауылдық округінің тұрғыны С.Айтбаев өз шаруашылықтарын шал­қытып отыр. Міне, осылайша жамбылдықтар пилоттық жобаның шарапатын тиімді пайдаланып келеді. Енді жоғарыда аталған елді мекендер еңсесін тағы тіктеп алса, онда жұртшылықтың тұрмысы сан есе түзелетіні анық. Баянды бағдарламаның да басты мақсаты осы – халықтың өмір сапасын жақсарту. Осы ретте жоба өз өміршеңдігін дәлелдеді деуге толық негіз бар.

Жамбыл облысы