Әуежайдың «әләулайы» әлі бітпеді
Әуежайдың «әләулайы» әлі бітпеді
607
оқылды
Жетісу облысына жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депу­таттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Данияр Әлімбаев пен Әлия Әбсеметова Алакөл ауданындағы кәсіп­керлік және туризм саласының өкілдерімен кездесіп, Үшарал қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын жөндеу барысымен танысты. Партияның сайлауалды жол картасында көрсетілген жоспарларға сай жүзеге асқан жүздесулер барысында бір­қатар мәселе қозғалды. Алыстағы Алакөлде дәл қазіргі кезде тірлік қызу. Кәсіпкерлер мен туризм саласының өкілдері Алакөлдің шипалы суларында бірер айға ғана созылатын демалыс маусымын тиімді пайдаланып қалуға асығуда. Былтыр 1,5 миллионға жуық демалушы қабылдап қызмет көрсеткендер, биыл да сол деңгейден түс­­пеуге күш салуда. Алайда салын­ғалы біраз жыл өткен, жыл сайын әне-міне пайдалануға толық бе­рі­леді деген күре жолдың кесірі мен биыл ұшақ­тар қабылдауы қайта-қайта шегеріліп отырған әуежайдың біршама қолбайлау болып отырғанын жасырмайды. Қайта теміржол қатынасы тұрақты болып тұр. Тиісті министрліктерге хабарласып, айтылған мәселелерді алдарына қоямыз деген депутаттар әуежайда ұшу-қону жолағын жөндеу жұмыстарын өз көзімен көріп, қауіпсіздік жүйесімен танысты.
 «Әуежай 2018 жылы ашылған. Былтыр ұшу-қону жолағын қайта жөндеу жұмыстары жүргізіле бас­талды, бәрі дұрыс болса, осы айда жөндеу жұмыстары аяқталады. Тамыз айынан бастап, жұмысы жанданады», – деген әуежай басшысы Ә.Бақытжанов осыдан біраз бұрын облыс әкіміне 10 шілдеде ұшақтар қатынай бастайтыны жайлы айтылғанын ұмытып кеткен сыңайлы. Күніне 400 адамға қызмет көрсетуге қауқарлы әуежайдың «әләулайы» әлі таусылмайтындай. Ал тамызда демалушылар қатары сирей бастайды.
Мәжіліс депутаттары тағы бір­қатар туристік нысанды аралады. Көл жағалауын дамытудың бас жос­па­рына сәйкес ауылдарда, демалыс орын­дарында электрмен қамту, кә­різ жүйесін жүргізу қолға алынған. Биыл жағалауда 3 ірі инвестиция­лық жоба жүзеге асырылып, ірі де­малыс орындары іске қосылыпты. Жалпы саны 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылып, жобаларға 3 млрд теңгедей инвестиция тартылған. Ал былтыр жағалауда 1 млн 400 мың адам демалып, 8,5 млрд теңгеге қызмет көрсетілген.
«Алакөл – өңірдегі туристік әлеуеті зор аймақ. Мұнда жазғы мау­сымда көлге шомылуға мил­лион­нан астам адам келеді. Сондықтан өңір­дің туристік тартымдылығын одан әрі арттыру үшін көл жағалауындағы инфрақұрылымды дамыту – басты міндет. Жерлес­те­рімізден бөлек, шетелдерден туристер келеді. Сондықтан біз өз тарапымыздан тиісті қолдаулар көрсетуге дайынбыз», – деді Данияр Әлімбаев.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, биыл жағалауларды бекіту, қоршау жұмыстары бастал­ған. Ақши мен Көктұма ауылдық округтерінде жалпы ұзындығы 13,4 км жағалау қоршалуға тиіс. Әзірге қоршалған жер – 770 метр. Құны 6 млрд теңге болатын жоба кезең-кезеңімен игерілмек.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы