Зерендіде «AMANAT» партиясы Жастар қанатының съезі басталды
Зерендіде «AMANAT» партиясы Жастар қанатының съезі басталды
9,142
оқылды
Ақмола облысының Зеренді ауылында «AMANAT» партиясы Жастар қанатының кезектен тыс VI съезінің ашылу салтанаты өтті. Патриотизмді, жауапты азаматтық ұстанымды қалыптастыру, жас қазақстандықтардың әлеуетін арттыру – осы және өзге де мәселелер туралы «AMANAT» партиясы жастар қанатының кезектен тыс VI съезінің ашылу салтанатында айтылды. AMANAT Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев атап өткендей, Қазақстанның барлық өңірінен келген делегаттар тек жастар қанатының қызметін жақсарту бойынша ғана емес, сонымен қатар жалпы мемлекеттің дамуы үшін қажет экономикалық, әлеуметтік, мәдени сипаттағы идеяларды ұсына алады.
«Съезд жастар қанатын жаңғыртудың алғашқы қадамы саналады әрі тарихи маңызға ие. Делегаттар біздің ұйымды трансформациялау бағдарламасын талқылайды. Бұл белсенділердің пікір, тәжірибе алмасуы үшін тамаша алаң болып отыр», – деді ол.
Делегаттар съездің алғашқы күнінен алған әсерімен бөлісті. «Мен екінші курс студентімін. Съезд жұмысына бірінші рет қатысып отырмын. Мен үшін бұл жаңа, қызықты, креативті басқосу болып отыр. Толқыныс та сезіледі. Алайда съезд жұмысы Жаңа Қазақстанды құру ісіне белсенді жастардың үлес қосуы үшін маңызды екенін түсінемін», – деді Алматы қаласынан келген Жасмин Үңгітбай. AMANAT Ақмола облысынан барлығы 13 делегат келді. «Осы үш күннің қалай өтетінін көруге асықпын. Партияның Жастар қанатының VI съезі қазақстандық жастар үшін осы жылдың басты саяси оқиғасы болмақ», – деп атап өтті Ақмола облысынан келген делегат Айсара Есет. AMANAT Съезд барысында Жастар қанатын трансформациялау бағдарламасын бекіту, ірі жобалардың тұжырымдамаларын қабылдау, сондай-ақ ұйым құрылымын қайта форматтау жоспарлануда. «Басқа облыстардағы әріптестерімізбен бірге Қазақстан жастарын толғандыратын ең өзекті мәселелерді талқылап, оны шешуге бағытталған жаңа жобаларды әзірлей аламыз», – дейді Абай облысынан келген Темірлан Бақтияров. AMANAT Съезд жұмысының бірінші күні делегаттар үшін 5 бағыт бойынша білім беру тренингтері ұйымдастырылды: «Жаңа Қазақстан: Жастар және жаңғырту»; «Цифрлық трансформация және жастар»; «Жасыл ел»; «Зияткерлік және креативті қоғам»; «Дені сау ұлт». Белгілі сарапшылар Ақерке Берлібай, Марат Шәкен, Темірлан Қайыржанов, Зульфия Сүлейменова, Мәдина Нұрғалиева және т.б. өз білімдерімен, тәжірибелерімен бөлісті. Естеріңізге сала кетейік, кеше еліміздің барлық өңірінде «AMANAT» Жастар қанатының облыстық филиалдарының конференциялары өтіп, оның қорытындысы бойынша 11-14 шілде аралығында өтетін кезектен тыс VI съезге 350 делегат сайланды.