Өндірістегі «өртті» өтемақымен «сөндіреді»
Өндірістегі «өртті» өтемақымен «сөндіреді»
471
оқылды
Соңғы айларда елдің әр жеріндегі кәсіпорындарда болған адам өлімі жайлы көп естідік. Шілденің басында тағы жазатайым оқиға болды. Елдегі ең ірі мұнай кеніштерінің бірі Теңізде 6 шілдеде жарылыс болып, екі жұмысшы қаза тапты. Үш адам ауруханаға түсті. Жыл сайынғы ескертулерге қарамастан компаниялар өндірістегі қауіпсіздік мәселесіне көңіл бөлер емес. Бұл жолы жұмыс беруші де, жұмысшылар да қауіпсіздікті елемейтінін аңғарғандаймыз. Екі түрлі дерек, елеусіз еңбек 2021 жылғы дерек бойынша, Қазақстанда 6,7 млн адам жұмыс істейтін 340 мыңнан астам кәсіп­орын бар. Ондағы жұмыскерлердің еңбек құқықтарының сақталуын бақылауды 246 мемлекеттік еңбек инспекторы жүзеге асырады. Жұ­мыстары нәтижесіз емес. Инспек­торлар былтыр 5 130 тексеру жүр­гізіп, 11 мыңға жуық заңбұзу­шы­лықты анықтапты. Жүргізілген жұ­мыс қорытындысы бойынша жұ­мыс берушілерге 3 371 ұйғарым беріліп, 278,2 млн теңге сомасында 1,3 мың айыппұл салынған. Алайда анықталған заңсыздықтан анық­тал­мағаны көп секілді. Оған жыл сайын өндірісте қаза табатын­дар­дың саны дәлел. Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің дерегіне сенсек, 2021 жылы Қазақстанда өндірістегі жазатайым оқиғалардың кесірінен 1 465 қызметкер зардап шеккен, олардың 200-і қаза тапты. Көр­сеткіш 2020 жылмен салыстыр­ған­да, 2,5 пайызға ғана азайған екен. Әсіресе мұндай жағдай алпауыт «АрселорМиттал» орналасқан Қарағанды облысында көп болады (238 адам зардап шекті). Одан ке­йін Шығыс Қазақстан (204 адам), Қостанай (122 адам), Павлодар (114 адам), Ақтөбе (107 адам) об­лысы мен Алматы қаласы (107 адам) тұр. Бір қызығы, жауапты ведом­стволардың дерегі біркелкі емес. Ұлттық статистика бюросы мүлде басқа сандарды алға тартқан. Бюро осы жылы кәсіпорындардағы адам өлімі саны бірден 6 пайызға кө­терілгенін мәлімдеді. Еңбек жағ­дайларына байланысты жазатайым оқиғалардан зардап шеккендер, оның ішінде соңы қайғылы оқи­ғамен аяқталған істер көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 4,9 па­йызға өсіп, 2133 адамға жеткен. Өңірлік бөліністе мұндай оқиғалар Қарағанды облысында (537 адам), Шығыс Қазақстан облысында (320 адам) және Нұр-Сұлтан қаласында (161 адам) көп тіркелген. Міне, де­ректердің әртүрлі болуы күмән ұялатып, «шынында зардап шек­кендер саны әлдеқайда көп болар» деген ойға қалдырады. Бірақ түйт­кілдің төркіні сол баяғы өндірістік қауіпсіздікке назар аудармаудан шығып отыр. Кәсіпорындардың салғырт саясаты Қазақстанда 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қабылданған еді. Оның негізінде 2030 жылға қарай зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағ­дай­ларында жұмыс істейтін қызмет­керлер санын 15 пайызға дейін төмендету, өндірістегі жазатайым оқиғалар салдарынан зардап шек­кендер санын азайтып, еңбек заң­намасының сақталуын тексеру нәтижелері бойынша анықталған заңбұзушылықтардың жалпы санын 15 пайызға дейін төмендету жоспарланған. Бірақ жоспар іске ас­пайтын сыңайда. Себебі кә­сіп­орындарға жауапты компаниялар өндірістік қауіпсіздік саласына салғырт қарайды. Мәселен, таяуда мәселені зерттеген Ranking пор­талы шетелдік гиганттар да, отан­дық компаниялар да еңбек қауіп­сіздігін елемейтінін жеткізді.
«Егер шетелдік корпора­ция­лардың кәсіпорындарында қай­ғылы жағдайлар мезгіл сайын бола берсе, шетелдік иелер өндірістегі қауіпсіздікке ақша салуға асық­пай­ды. Ал біздің отандық кәсіп­орын­дардағы осындай қайғылы жағдай­лар одан да көп сұрақ туғызады. Мысалы, 15 маусымға қа­раған түнде мұнай-газ кен ор­нындағы өрт кезінде Маңғыстау облысындағы ірі мұнай-газ кәсіп­орны, «ҚазМұ­най­Газ» ҰК АҚ ен­шілес компаниясы – «Өзенмұ­най­газ» ұңғымаларды жөн­деу ком­паниясының жұмыс­шысы қаза тапты. «ҚазМұнай­Газдың» ірі ак­ционері – «Самұрық-Қазына» Ұлт­тық әл-ауқат қоры. Жұмыс­шылар еңбек шарттарына қатысты бұған дейін де талай шағымданған. Әзірге өрт себептері анықталып жатыр. Қайтыс болған азаматтың әріптестері өз нұсқа­ларын айтады. Олардың сөзінше, кәсіпорында қауіпсіздік шаралары баяғыдан сақталмаған, ал техни­калар әбден ескірген», – деп жазды.
Демек, еңбек қауіпсіздігі мәсе­лесінде тек жұмысшыларды сөге бермей, компания басшыларына жа­уапкершілік жүктеген абзал. Бәл­кім, мемлекет ендігі жерде жұ­мыс берушілерге қатысты жазаны күшейткені жөн шығар. Ал қазіргі заң жұмыс берушілерге нені мін­деттейді? Қызметкер жазатайым қаза болғанда жұмыс беруші ұйым­дар да заң бойынша оңай құты­латындай. «Құқық қорғау қызметi туралы» заңның 66-бабында «Қыз­меткер қызметтiк міндеттерін ат­қару кезiнде не орындалуы міндетті қызметтiк мiндеттерiн атқару ке­зiн­де алған жарақат салдарынан қаза тапқан жағдайда асыра­уын­дағы адамдар мен мұрагерлерiне оның соңғы атқарған лауазымы бойынша 60 айлық ақшалай бiр­жолғы өтемақы төленеді» делінген. Тек өтемақымен құтылады. Себебі оқыс оқиғалардан соң көбіне «жат­танды амалдар» жүзеге асаты­ны рас.­ Комиссия құрылып, оқиға бол­ған жерге барып, қалай бол­ғанын зерделеп, ескертуін айтып, жалпы алғанда салдарын шолып шығумен бітеді. Рас, кей кезде бас­шылар жауапқа тартылады, бірақ үлкен басшылар емес, жұмысты ұйымдастырып, басы-қасында жү­ретін «кіші басшылар». Олардың кәдімгі жұмысшылардан артық­шылығы аз. Қылмыстық кодекстің 156-бабында (Еңбек қорғау қағи­даларын бұзу) Абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет үшін жауапты басшылардың бiр лауа­зымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiн айырылып, бес жылға дейін бас бостандығы шек­телетіні жазылған. Ал осы баптың төртінші тармағында өндірісте 2 не одан да көп адам қайтыс болатын болса, жауапты басшылардың 7 жылға дейін бас бостандығынан айы­ры­латыны көрсетілген. Де­генмен бұл бап бойынша соңғы жылдары қан­ша жауапты қызмет­кер жазаға тар­тылғаны жайлы деректер жоқ. Әй­теуір, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті еңбек та­лап­та­рының бұ­зылуы бойынша 56 тұлға қыз­­ме­тінен босатылып, 127 қыл­мыстық іс қозғалғанын жария еткен. [caption id="attachment_205317" align="alignright" width="1304"]өрт © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Былтыр Мемлекеттік еңбек инспекциясы кәсіпорындардағы оқыс оқиғалардың негізгі себеп­терін жіктеген. Сонда еңбекті қорғауға байланысты заңнаманың негізгі бұзушылықтары жұмыс­керлерді қауіпсіз еңбек жағдай­ларымен қамтамасыз етпеуден (20,6%), қауіпсіз еңбек тәсілдеріне үйретпеуден (12,1%), жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен, арнайы киіммен және арнайы аяқ­киіммен қамтамасыз етпеуден (6,1%), еңбекті қорғау жөніндегі қызметтің немесе жауапты адам­ның болмауынан (1,5%) адам­дар­дың зардап шегетіні айтылған. Қазіргі кезеңде еңбек нарығын­да шешілмеген мәселелер тым көп. Саладағы жауапты мекемелер жұ­мыс орындарындағы жала­қы­ның да уақытында берілмей, кешік­ті­рілетін жайттар жиілегенін мәлім­деп отыр. Қоғамдық толқулардың көбі жұ­мысшылар наразылығынан баста­латыны да белгілі. 2022 жыл­дың басынан бастап мемлекеттік еңбек инспекторлары 306 кәсіп­орында жалақы бойынша 1,6 млрд теңге көлеміндегі берешекті анық­таған. Қабылданған шаралар, со­ның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мер­зімдерін белгілеу нәти­же­сінде 4 мың­­нан астам жұмыскердің құқық­тары қорғалып, оларға 1,3 млрд теңге төленді. 300 миллион теңге көле­міндегі жалақы әлі өтел­меген. Осы тәрізді сансыз кем­ші­ліктен кейін жұмыс берушілердің де, жұмыс­шылардың да қауіп­сіз­дікке тия­нақты қарай қоюы екіталай. Былтыр елімізде 4206 өндірістік нысан аттестаттаудан өткізілді. 15,5 мыңнан астам өндірістік кеңес құрылып, 18 мыңнан артық техни­калық инспектор ішкі бақылауға көшкен. Дегенмен, жоғарыда айт­қан­­дай, осы инспекторларға сенім аз. Шамасы, бақылауды жү­зеге асы­ратын қызметкерге бас­шылардан тәуелсіз құзырет бе­рілгені жөн. Қа­ғаз жүзінде олар бас­шылардан тә­уелсіз әрекет етеді. Бірақ «бармақ басты, көз қысты­ның» кебі жоғалмағандай. Жұрт жұмысшылардың басы қатерде жүретінін жақсы біледі. Осы күні жұмысшыларының өмі­ріне бейжай қарайтын алпауыт кәсіпорындар айылын жияр емес. Өтемақымен құтылуға әдеттенген олар үшін адам өмірі құнсыз. Мысалы, өткен айда Теміртаудағы «АрселорМиттал» цехында 5 адам қаза болды. Билік тарапынан тек­серіс жүрді, арнайы комиссия бар­ды. Бірақ компания басшылығы бұл жолы да көз жұмғандардың жа­қындарына өтемақы төлеп құ­тыл­ды. Иә, кәсіпорындағы бір­не­ше қызметкер жауапқа тартылды. Бірақ олардың жұмысшылардан айыр­масы шамалы еді. Әр оқи­ғаның салдарынан кейін ғана жүргізілетін тексерулердің еш мәні қалмады.