Саулыққа да сауат керек
Саулыққа да сауат керек
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
417
оқылды
2020 жылы пандемия өр­шіп, біздің халық корона­ви­русқа қарсы «күресті» зім­бір­мен, уыс-уыс антибиотикпен, керек десеңіз, арақпен бастап жатқан тұста Назарбаев уни­верситетінің ғалымдары адам­дарды медициналық сауат­тан­дыру, сонымен қатар қазақ­стандық дәрігерлерді шетелде жарияланып жатқан жаңа ғы­лыми-зерттеулермен таныс­тыру үшін әлеуметтік желіде Medsupportkz аккаунтын аш­қан еді. Жуырда осы волонтер­лік жобаның негізін салушы­лардың бірі, заңгер Ақмарал Тұрсынова Beimälım алаңында елорда жастарымен кездесіп, вакцинаның маңызы, антивак­серлер артындағы қол, коро­на­­вирустың оралу ықтимал­дығы және халықты меди­ци­налық ағарту мәселелері жайында ой қозғады. Қараңғылықтан құтқару идеясы қалай келді? COVID-19 енді ғана жаппай әлем­ге тарала бастаған шақта ел арасында ауруды емдеуге қатысты әртүрлі дақпырт гуледі. Медицина қызметкерлерінің қолында да жаңа вирус туралы сенімді деректер болған жоқ. Осы кезде Ақмарал Тұрсынова Назарбаев университетінің профессоры Дана Ақылбековаға хабарласып, дәрігерлерге көмектесу керек деген ұсынысын ай­тады. Осылайша, Telegram желі­сінде Medsupportkz парақшасы пайда болады. Ол жерде жаңадан жүргізілген шетелдік ғылыми-зерт­теу­лердің қазақ және орыс тілде­ріндегі аудармалары жарияланады. Бұдан соң жоба еріктілері дә­рігерлерді ғана емес, халықты да ме­дициналық ағарту қажеттілігін тү­сінеді, өйткені «қызыл ай­мақ­тағы» ақ халаттыларға түсетін жүк­теме және еліміздегі жалпы эпидемиологиялық ахуал қарапайым адамдардың медициналық сауаттылығына тікелей байланыс­ты еді.
«Жұрт үйде отырып коронавирусты үш-төрт антибиотик пен дәрумендердің, иммуносупрессорлардың күшімен «емдеуді» жалғас­тыра беретін болса, нағыз сұмдықтың басталарын ұқтық. Халықтық медицинаның да небір амалдары WhatsApp чаттарда кеңінен тарады. Вакцина шыққанда кейбір дәрігерлер тіпті екпенің бі­рінші компонентін алып, содан кейін жүкті екенін білген әйелдерге аборт жасауды ұсынғанын да естідік. Адамдарды осындай қараңғылықтан құтқару керек болды», – дейді Ақмарал Тұрсынова.
Екпенің маңызын елемеудің «құны» Әдетте вакцина арқылы бетін қайтаруға болатын аурулар соғыс кезінде қайта оянады. Мысалы, Конгода азаматтық соғыс өрті лаулап тұрған шақта маймыл шешегі тарады. Украинадағы әскери қақ­ты­ғыстың кесірінен бүгінде бұл ел­де полиомелитке шалдығу фактілері жиіледі. Medsupportkz заңгері мұндай құбылысты халықтың соғыс жағдайында медициналық мекемелерге аяғы жетпей, екпе ала алмағанымен байланыстырады.
«Өкініштісі, Қазақстанда еш­қандай соғыс болмаса да, 2019 жылы біз әлем бойынша қызылшаның эпицентріне айналдық. Бұл кезде 13 мыңнан астам адам қызылшамен ауырды, олардың 70 па­йызы балалар еді, 19-ы көз жұм­ды. Науқастанған балалардың 30 пайызы – медициналық қарсы көрсеткіштеріне (медотвод) байланысты екпе алмағандар. Бірақ мұн­дай көрсеткіштер көбіне біліксіз дәрігерлер тарапынан тағайындалады. Ал 20 пайызы ата-аналардың екпеден бас тартуына байланысты ауруға шалдыққан», – дейді ол.
Қызылшаның қауіптілігі сонда – бұл айлакер вирус біздің иммундық жүйемізге бұрыннан таныс болған инфекциялардың бәрін бірнеше айға ұмыттырып жібереді. Сондықтан балалар көбіне қызылшадан емес, басқа инфекциялардан қатты зардап шегеді. Сәбиге қызылшадан соң барлық алдыңғы екпелерді қайта салғызу қажеттілігі туындайды. Дәрігерлерге «тіс» керек
 «Адамдар өздігінен тексерілмейді. Жасы келген кісілер түгелдей жыл сайын қант диабетіне тест тапсырмайды. Жастар скрининг­тен өтпейді. Оны тек Алматы немесе елордада тұратын жандар ғана жасауы мүмкін. Бірақ ол – Қазақстанның көрсеткіші емес. Қазақстанның көрсеткіші бұл екі қаламен емес, шалғайда жатқан ауыл­дармен өлшенеді. Кейбір ауыл­дарда әлі таза ауызсу жоқ кезде біз медициналық сауаттылық туралы әңгіме қозғай да алмаймыз», – дейді заңгер.
Халықтың медициналық сауатсыздығы кесірінен балалар да зар­дап шегеді. Бізде баласына вакцина салдырмай немесе госпитализациялауға қарсы шығатын, осылайша жеке немесе діни сенімдерімен олар­дың денсаулығына қауіп төндіретін ата-аналарға мемлекет немесе дәрігерлер еш шара қолдана алмайды.
«Дәрігердің айтқан кеңестеріне дұрыс құлақ аспай, бірақ соңында баласына әлдене болса, дәрігерлер­ді айыптайды, тіпті сотқа да береді. Біздегі дәрігерлер тісі жоқ ит сияқ­ты. Ондай жауапсыз ата-аналарға қарсы дәрігер ештеңе істей алмайды. Дәрігерлерге тіс керек», – дейді Ақмарал Тұрсынова.
Швеция бізге нені дәлелдеді? Сарапшылардың болжамынша, коронавирус күзде қайта күшеюі мүмкін.
«Одан бізді ұжымдық иммунитет құтқара алады. Егер біз уақытылы екпе салдырып, ревакцина­ция­­дан да өтіп, өзімізді қорғауға күш салсақ, ауруханада бір апаның орнын алмаймыз. Вирусты жасы келген және созылмалы аурулары бар кісілер тез жұқтырады», – дейді заңгер.
Неліктен «екпе салдырғанша вируспен ауырып шыққаным жақсы» деген логика дұрыс емес? Оны осы позицияны ұстанған Швеция­ның мысалында анық көруге болады. Өзге еуропалық елдер адам­дардың топтасып жиналуын шектеп, бетпердемен жүруді міндеттеп, қатаң тыйымдар енгізген уақытта бұл ел халықтың ауырып шығып, табиғи түрде иммунитет қалыптас­тыруын дұрыс деп санаған болатын. Алайда 2020 жылы 67 елдегі өлім көрсеткішін зерттеген италия­лық ғалымдар Солтүстік Еуропадағы мемлекеттердің ішінде шектен тыс өлім көрсеткіші Швецияға тиесілі екенін анықтады.
«Біздің елде 400 мыңнан аса адам қант диабетімен, 800 мыңнан астам адам өкпенің созылмалы обструктивті ауруымен ауырады. «Вакцина салдырмай, одан да ауырып шығайық» деген қате түсінік қаншама адамға қауіпті екенін осыдан-ақ есептей беріңіз», – дейді Medsupportkz волонтері.
Антиваксерлердің артында кім тұр? Ал антиваксерлермен қалай күрескен жөн? Ақмарал Тұрсынова бұл қозғалыстың артында фармацевтикалық қол тұрғанын айтады.
«20 мың теңге тұратын вакцина бюджеттегі 1 млн теңгені үнемдейді. Мәселен, сіз коронавирусқа шалдығып, ауруханада өкпені жасанды желдету аппаратын қолданатын болсаңыз, мемлекет сізге күніне 120 мың, ал 10 күнде 1 млн 200 мың теңге жұмсайды. Ал ӨЖЖ аппараттарын сатумен айналысатын фармацевтикалық компанияларға өз тауарларын өткізу керек», – дейді Ақмарал Тұрсынова.
«Вакцина аутизмді тудырады» деген фейктің де таралуына Эндрю Уейфилд есімді дәрігердің 1998 жыл­ғы жалған зерттеуі әсер еткен. Бірақ екпе мен аутизмнің арасында еш байланыс жоқ екенін кейін бірнеше ауқымды зерттеу дәлелдеген. Мәселен, Данияда 3 млн сәбиді екі топқа бөліп, 10 жыл бойы зерт­тегенде вакцина алған сәбилер мен вакцина алмаған сәбилер арасындағы аутизмге шалдығу көрсеткіші бірдей болған. Кейінірек Нидерланд, Финляндияда жасалған зерттеулер де осыған ұқсас нәтижені берген.
«Кейбір біліксіз дәрігерлер вак­цинаны кінәлай салуы мүмкін. Өйткені әйелге «Сіз жүктілікті жоспарладыңыз ба? Жүкті болардан бұрын кемінде үш ай бойы фолий қышқылын іштіңіз бе? Жүк­ті кезіңізде уақытылы скрининг­терден өттіңіз бе?» деп сұрағаннан гөрі екпені кінәлай салу оңайырақ», – дейді волонтер.
Нобель иегеріне де нанбаңыз «Вакцинаның сыналып, салдары толықтай анықталуына ондаған жыл керек, сол себепті COVID-19-ға қарсы екпенің қауіпсіздігіне әлі онша сеніңкіремеймін» дейтін жандар да бар. Олардың мұндай қор­қынышы орынды шығар. Өйткені шынымен де бұрын басқа ауруларға қарсы вакциналардың тиім­ділігі ұзақ жылдар бойы зерттелетін-ді.
«Бірақ ғалымдардың 1950 жылдардан бастап вакцина туралы егжей-тегжейлі жүргізіп келе жатқан зерттеулері уақыт өте келе тиімді жол­ды тезірек таңдауға мүмкіндік берді. Бұрын адамзатқа бір вакцина жасауға 50-60 жыл уақыт кетсе, ен­ді­гі уақытта ғалымдар қандай жолдың ең дұрыс екенін біледі. Қазір вак­цина жасаудың инак­тивтенді­рілген, векторлық және басқа да тех­нологиялары бар. Ғалымдар қа­бық­тың ішінде тұрған вирусты ғана өзгерте салады, яғни оған көп уақыт керек емес», – дейді Ақмарал Тұрсынова.
Бұдан өзге, волонтер медициналық ақпаратты алуда сыни ойлау қабілетінің аса қажет екенін айтты.
«Суық тигенде С дәруменін ішу керек» деген жалған тұжырымды фармацевтикалық компаниядан ақша алған, Нобель сыйлығын ие­ленген химик айтқан. Оның жал­ған­дығын кейін зерттеулерде талай рет дәлелденді. Мінеки, тіпті алдыңызда Нобель сыйлығы иеге­рінің аты жазылып тұрса да, ақпаратты бірнеше қайтара, басқа дереккөздермен тексеру керек. Әлеуметтік желілерде әртүрлі ауруға қатысты небір фейк ақпарат таралады. Ондайда ақпаратты ерінбей тым болмаса Google Translate ар­қылы аударып, басқа жерлерде шықты ма, жоқ па – соны тексеріп алыңыз. Әлгі ақпарат бір-біріне қатысы жоқ се­нім­ді БАҚ-тарда жарияланғанда ға­на сенуге болады», – деп қорытындылады сөзін Ақмарал Тұрсынова.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ