Үміт. Арман. Уимблдон
Үміт. Арман. Уимблдон
694
оқылды
Ел теннисі тарихында тұңғыш рет  жекелей сында спортшымыз Уимблдон турнирінде топ жарды. Елена Рыбакинаның сенсациялық жеңісі оны бір күнде теннис жұлдызына айналдырды. Себебі «Үлкен дулыға» санатындағы бұл жүлденің жолы бөлек.  Әлемде әйелдер арасында 11 мемлекеттің теннисшісі (127) аталған биікті бағындыра алған. Енді олардың қатарына Қазақстан атлетінің есімі қосылды. Турнирдің бізге берері Иә, Уимблдондағы финалда көпшілік Онс Жаберді фаворит санады. Алайда Рыбакина бірінші сетте есе жібергенімен, қалған екі сетте жинақы ойнап жеңіске жетті. Осылайша, Уимблдон чемпионы атанған санаулы теннисшінің қатарына кірді. Енді теннис әлеміндегі жаңа жұлдыз­дың жарқырап, одан сайын биіктейтін сәті туды. Осы тұста «неліктен бұл турнирдің маңызы жоғары?» дейтін сұрақ тууы заңды. Жалпы, теннисте «Үлкен дулыға» санатын­дағы төрт негізгі бәсеке бар. Олар – Australian Open, Roland Garros, Wimbldon және US Open турнирі. Байқағаныңыздай, ішіндегі ерегі – Уимблдон. Себебі теннис­шілердің бала кезінен арман-мақсаты – Уимблдонда топ жару. Теннис туралы фильмдерді, соның ішінде «Ричард патша» туындысын еске түсірсеңіз, әкесі қыздарының аталған жарыста жеңіске жеткенін қалайды. Сондықтан Еленаның бұл жетістігі оны бейресми элиталы теннисшілер клубына мүше етті. Одан бөлек, ол келер жылы Уимблдонның орталық алаңында матч өткізеді. Бәсекеден алатын бас-аяғы 1 млрд теңгеден астам (2 млн фунт) жүлде қоры да жаңа мүмкін­дікке жол ашады. Әрі серіктестік ұсынатын келісімшарттар мен жобалар да күтіп тұр. Теннис сарапшысы Ерік Ильясовтың айтуынша, Мария Шарапова, Серена Уильямс сынды саңлақтардың келісімшарт есебінен тапқан табысы теннис үшін төленетін сомадан асып жығылған екен. Демек, Рыбакинаға сәтті пайдалана алса даңғыл жол ашылды. Ал бұл отандық теннистің өркендеуіне қандай үлес қосады? Айтары сол, Қазақ­станда теннис тарихы легионерлермен байланысты. Өйткені бізде менмұндалап тұрған теннисшілер тапшы еді. Содан федерация легионер тартып, жетістік тақтасын жасай бастады. Ярослава Шве­дова, Юлия Путинцева, Михаил Кукуш­кин, Александр Бублик және тағы басқа­ларын елге тарттық. Тарттық та үлкенді-кішілі жеңіске жеттік. 2018 жылдан бері ел атынан сынға түскен Елена Рыбакина күні кеше Кембридж герцогинясы Кейт Миддлтонның қолынан сый алды. Осыған қарап, балаларын тенниске әкелетін ата-аналар қатары көбейеді. Мәселен, зер салып қарасаңыз, елордада қызын көркем гимнастикаға бейімдейтін ата-ана жетер­лік. Мұның төркіні олимпиадаларда бой көрсеткен Әлия Юсупова сияқты спорт­шы­ларда жатыр.
«Мұның ел теннисіне берері көп. Осы­дан бес жыл бұрын федерация Еленаны қанатына алып, сенді. Рыбакина ел атынан ойнап бастағаннан-ақ рейтингте біраз ілгеріледі. 2020 жылдан бастап барынша жетістікке жете бастады. Содан бері оның жанкүйері көп. Әсіресе, Рыбакинаның кішкентай жанкүйерлері оны үлгі тұтады, жеңісінен мотивация алады. Мәселен, былтыр елге келгенде қаншама балаға шеберлік сағатын өткізді. Сондағы балалар қазір корттан шықпай, теннис ойнап жүр. Оған қоса, Елена 11 шілде елге келгесін тағы да балалармен жүздесуді жоспарлап жүр. Уимблдоннан алған сыйақысының бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсайтыны тағы бар. Бір сөзбен айтқанда, Рыбакинаны таныған әлем Қазақстанды таниды. Ал Қазақстанды танығасын басқа да теннис­ші­лерге назар аударады», – дейді теннис сарапшысы Ерік Ильясов.
Дегенмен теннистің қымбат спорт түрі екенін есте ұстаған жөн. Сондықтан еліміз­де демеуші тарту, жастарға инвестиция салу жағына әлі де көңіл бөлген абзал. Баса айта кетерлігі, кез келген спортты дамыту жолында ақпараттық қолдаудың маңызы зор. Мәселен, еліміздегі спорт арнасы – Qazsport теннис турнирін көрсетпеді. Еленаның финалға өткенін әлеуметтік желі мен БАҚ өкілдері жарыса жазғаны рас. Осы ретте ауыл баласының да Уимбл­дон аурасын сезініп, матч тамаша­лағысы келді, білем. Ел іші мен әлем не дейді? Еленаның Уимблдон турнирі басталмай тұрып, Instagram-да 90 мың оқырманы болса, қазір жазылушылар саны 202 мыңға көбейді. Мұның өзі сан мыңдаған жанкүйердің оған сеніп, барынша қолдағанын білдірсе керек. Журналист Есенгүл Кәпқызының жазғанындай, ағылшын басылымдары Рыбакинаның жеңісі Қазақстанды әлемдік теннис картасына шығарғанын нұсқаған. Daily mail, The Guardian, BBC спорт сияқты басылымдар оның шығу тегін, карьерасын барынша таныстырып, жанкүйер сұрағына жауап табуға тырысқан. Әсіресе, отандық біраз жанкүйер әлеуметтік желіде BBC-дегі Елена туралы жазбаны бөлісіп, сүйінші сұрады.  Расымен, бұл әлемдік спорт аренасындағы Қазақстанның беделін биіктетті. Айтпақшы, келер жылы Уимбл­донда жеңімпазға тарту етілетін күміс табақта «Елена Рыбакина, Қазақстан» деп жазылады. Елена Рыбакина Бірақ Ресей басылымдары тарапынан «біздің өнім, біздің жеңіс» дейтіндер де табылды. Әсіресе, Ресей теннис феде­рациясының президенті Шәміл Тарпищев­тің «біздің өнім» дегені қазақ қоғамында резонанс тудырды. Көп өтпей еліміздегі теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польский Тарпищевке ұтымды жауап берді.
«Біз жеке тұлға туралы әңгіме қозғап жатырмыз. Сондықтан «өнім» сөзін пайда­лану артық болар. Не дегенмен бұл зауытта таңбаланатын зат емес.  Елена Рыбакина­мен бапкерлер мен федерация президенті­нің өзі жеке жұмыс істеді. Айта кетерлігі, Рыбакинаның өзі көп жұмыс істеді, еңбектенді. Әрине, теннисші ретінде қа­лып­тасуына жеткіншек шақтағы ортаның бәсекеге қабілетті болуы да әсер еткенін жасырмаймыз. Бірақ осы бір тұста РТФ-ның қатысы аз»,  – дейді Юрий Польский.
Оған қоса, журналист Ксения Собчак та отандастарын сабырға шақырып, жеңіс Еленанікі, оның ішінде Қазақстандікі екенін баса атап өткен. Сонымен, 23 жастағы Елена Рыбакина (әлемнің 23-ракеткасы) 2011 жылдан бері чемпион атанған ең жас теннисші атанды. Осыған дейін Серена Уильямс, Симона Халеп, Онс Жаберді жеңді. Одан да жар­қын жеңістері алда. Бастысы, қоржында кез келген теннисшіге бұйырмайтын Уим­блдон бар. Елімізде оның артынан еріп, ізін жалғар жастар бар. BBC-дің жазғанын­дай, бір күні Еленаның корттағы қатты қуанған сәтін көрерміз. Өзі айтпақшы, жалғыз қалғанда тоқтамай жылайтын болар. Әзірге ол да, теннис әлемі де таң­данысын жасыра алмай тұр...

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ