«Жастар рухы» жаңашылдыққа жетелейді
«Жастар рухы»  жаңашылдыққа жетелейді
1,309
оқылды
«AMANAT» партиясы жастар қа­на­тының кезектен тыс VI съезінің пле­нарлық мәжілісі Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың делегаттарды құттықтау сөзімен басталды. Президент ел жастарына арнайы үндеу жолдады. Съезд ба­ры­сында жастар қанатының жаңа бағ­дарламасы қабылданып, Орта­лық кеңестің жаңа құрамы бекітілді. Сондай-ақ жастар қанатына жаңа атау берілді. Партияның се­німді тірегіне айналған мыңдаған жасты біріктірген ұйым енді «Жа­с­­тар Рухы» деп аталатын болды. Пленарлық жиналысқа елдің әр түк­пірінен жиналған 350-ден астам делегат қатысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бейнежазба арқылы жастарға арнаған үндеуінде партия жастарына Жаңа Қазақстанның алдағы болашақта темірқазығы болатын басты үш маңызды бағыттарды атады. Атап айтқанда, терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет ел жастарының бойынан әрқашан табылуы тиіс. Президенттің айтуынша, білімі мен білігі қатар дамыған рухы биік, санасы сергек азаматтар ғана биік мақсаттарға қол жеткізе алады. Ал жастардың еңбекқор болып, адал еңбекті бағалауы жаңа заманның жағымды қасиеттерін сіңіріп, елдің төл тарихын, ата дәстүрі мен ана тілін білуі сондай-ақ отанға деген жауапкершілігін сезінуі жастардың нағыз мемлекетшіл тұлғаға айналуына ықпал етпек. Сондықтан аға буын жастарға зор сенім артады. Ал жастар сол үдеден шығу үшін барын салуы керек. «AMANAT» жастар қанатының тө­р­ағасы Нұржан Жетпісбаев елдегі саяси жүйе форматының трансформациясы «AMANAT» партиясының трансформациясынан бастау алғанын атап өтті.
«Партияны дамытудың кезекті кезеңі оның жастар қанатын жаңғыртудан бастау алады. Біз ойы жүйрік, білімі мықты жас­тар мен билік арасындағы өзара бірлескен іс-қимылдың тиімді арнасына айналғымыз келеді. Барлық өңірден келіп түскен ұсыныстар негізінде қайта жандандыру бағдарламасы әзірленді. Сондай-ақ ұйымның Орталық кеңесінің құрамы қайта қаралды», – деп атап өтті Нұржан Жетпісбаев.
Пленарлық отырыс барысында сөз сөйлеген медиаволонтер Диас Камериданов партияға барлық тарихи құжаттар мен деректі фильмдер қазақ және ағылшын тілдерінде цифрландыратын Tarih бірың­ғай платформасын әзірлеуді ұсынды. Спикердің айтуынша, аталған жоба Қазақстан тарихын баршаға қолжетімді етуге мүмкіндік бермек. VI съезі Партияның жастар қанаты Алматы қалалық филиалының волонтері Ариана Белобжицкая еріктілердің 100 мектебін қамтитын волонтерлер академиясын құ­руды ұсынды.
«Жаңадан құрылатын волонтерлер академиясы бір алаңда түрлі бағыттағы еріктілерді жинауға мүмкіндік береді. Ерік­тілер мұнда жаңа бағытта тың білім мен тәжірибені ала алады. Шетелдік сарапшылардан да үйренуге мүмкіндігі болады», – дейді Ариана Велобжицкая.
Қаңтар айындағы оқиғалар кезінде әскери қызметте болған ақтөбелік Ұлан Мырзабайдың айтуынша, Отан қорғау – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы.
«Жастардың патриоттық тәрбиесіне ерекше назар аудару қажет. Бұл ретте, партияның жастар қанаты жүзеге асырып жатқан Qaisar жобасы бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Биыл осы жоба аясында ел аумағындағы 2000-нан астам жоғары сынып оқушысы қамтылды. Осы бағыттағы жұмысты белсенді түрде жалғастыру керек», – дейді Ұлан Мырзабай.
Бұдан соң Солтүстік Қазақстан облысы Озерное ауылы мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Асыл Ахметова сөз алды. Оның айтуынша, ел жастарын қол­­дауға арналған бағдарламалардың ауыл жастарына жеткізуге де баса күш салу қажет. «Қазіргі уақытта жастардың басым бөлігі өз болашағын мегаполистермен байланыстырады. Алайда ауыл – халқымыздың бесігі. Сондықтан жастарды қол­дауға бағытталған бағдарламалар үлкен қалалармен шектелмей, ауыл жастарына дейін жетуі тиіс». жастар рухы Асыл Ахметова көшпенділер мұрасы мен түркі әлемінің құндылықтарын дәріптеудің маңызы зор екенін атап өтті. Осы мақсатта, әр жыл сайын түрлі мемлекеттерде өткізіліп келе жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын 2024 жылы қазақ даласында ұйымдастыруды ұсынды. Сондай-ақ ел жастарына тың жобаларымен танымал Дәулет Мұқаев съезд де­­легаттары мен қонақтарын «Ақылды жас Азамат» және AQYL BATTLE жобалары туралы хабардар етті. ЕУРО-2022-нің үздік шабуылшысы атанған «Қайрат» футзал клубының шабуылшысы Біржан Оразов партияның жастар қанатының атауын өзгертуді ұсынды.
«Жаңа Қазақстанды өз Отанын сү­йетін, білімді, парасатты, дарынды, рухты жастар құратыны сөзсіз. Сондықтан бүгінгі делегаттарға партияның жастар қанатының атауын «Жастар Рухы» деп өзгертсек деген ұсынысым бар», – деді Біржан Оразов.
Аталған ұсыныс делегаттар тарапынан бірауыздан қолдау тауып, жастардың рухы мен жауапкершілігінің артуына жол ашатыны айтылды.
«Рух – халқымыз үшін киелі құнды­лық­­тарды білдіретін ұғым. Бұл атау өте те­­рең мағынаға ие, үлкен жауапкершілік жүктейді. Жаңа атау ұйымның жұмысын да түбегейлі өзгертуді талап етеді. Яғни, жаңар­тылған жастар қанаты жас ұрпақтың мүдделерін шын мәнінде қорғауы тиіс», – деді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.
«AMANAT» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, танымал тележүргізуші Мақсат Толықбай партия атауын өзгерту туралы ұсынысқа өз қолдауын жеткізді.
«Қазақ халқы әуелден рух, намыс ұғым­дарын айрықша қастерлейді. Ал ру­хани байлық дегеніңіз – ұлттық сана, тіл, діл. Ең үлкен байлығымыз да осы ада­ми капитал, рухани құндылықтар. Ел болашағы білімді жастардың қолында. Бабалар аманаты жас буын білім мен еңбек­қор­лықты үлгі ете алған кезде орындалады. Жаңа Қазақстан – рухани сабақтастыққа жол ашады», – деді Мақсат Толықбай.
жастар Съезд жұмысын қорытындылаған «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Жаңа Қазақстан болашақ жастардың игілігі үшін құрылып жатқанын атап өтті.
«Бұл реформалардың мәні неде? Сіздердің әрқайсыңызға еліміздің саяси өміріне, бизнеске, басқа да қоғамдағы маңызды мәселелерге еркін араласу үшін тең мүмкіндік беру. Бір сөзбен айтқанда, біздің жастарымыз келешекте әділетті де ашық қоғамы бар қуатты Қазақстанда өмір сүрулері керек. Президент бастамасымен осы өзгерістердің барлығы Конс­титуциямызға енгізілді, шегеленді, заң­дас­тырылды. Ендігі кезекте осы реформаларды іске асыруда – алдыңғы қатарда жастар, әрине сіздердің болуларыңыз өте маңызды», – деді Ерлан Қошанов.
Партия төрағасы жастар қанатының алдында тұрған бірқатар аса маңызды міндеттерді атады. Атап айтқанда, жастар проблемаларының аймақтық карталарын енгізу, дарынды жастар үшін жобалар жәрмеңкесін және басқа да іс-шараларды өткізу, жас көшбасшыларға арналған оқу бағдарламаларының тиімділігін арттыру, NEET санатындағы жастардың проблемаларын шешу жөніндегі жұмысты күшейту, «Бір толқында» пікірталас алаңын және ЖОО түлектерін жұмысқа орналас­тыру бойынша агенттік құру «Жастар Рухының» алдағы жобаларының негізгі бағыттары болмақ. Съезд жұмысына қатысушылар да атауы өзгерген жастар қанатының алдағы уақытта тың серпінмен алға қадам жасайтынына сенім білдірді.
«Съезд негізгі ресми шарасы өте жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Бірінші кезекте еркін форматта өтуі жастардың өзара тәжірибе алмасуына мол мүмкіндік берді. Партия төрағасының келуі, жастармен еркін сұхбат құруы, одан бөлек әр аймақтан жетістікке жеткен жастардың өз идеялары мен ұсыныстарының айтуына мүмкіндік берілді. Ұйымның «Жастар Рухы» деп атауы өзгертіліп жатыр. Билік партиясы болғандықтан осындай шараның жоғары деңгейде өткізілуі аса маңызды деп ойлаймын», – дейді Семей қаласынан келген интеллектуалды қауымдас­тықтың төрағасы Қуаныш Молдахашов. «Партияның жастар қанатының атауы өзгерді. Бұл – Жаңа Қазақстанды құру кезеңінде аса маңызды уақытылы өтіп жатқан үлкен шаралардың бірі. Еліміздегі белсенді, білікті әрі білімді жас­тар тарапынан әрбір мәселені нақты шешуге бағытталған ауқымды да кешенді ұсыныс­тар айтылды. Біздің басты міндетіміз осы айтылған ұсыныстарды сөз жүзінде қалдырмай, іс жүзінде жүзеге асырып, жас­тарға қатысты шешімі табылмай жатқан қордаланған өзекті мәселелер сатылай түрде шешілсе деген ниеттеміз. Бұл бүгінге өткізілген съезд жұмысының нәтижесі деп білемін», – дейді Парламент Мәжі­лісінің депутаты Мәди Ахметов.
Съездің шешімімен жастар қанатын трансформациялаудың жаңа бағдарламасы қабылданды, жастар ұйымының атауы өзгертілді. Орталық кеңестің құрамы қо­ғамдық пікірдің белсенді көшбасшыларын, ҮЕҰ өкілдерін және т.б. тарту есе­бінен кеңейтілді. Қорыта айтқанда, съезд барысында жастар қанаты дамудың жаңа кезеңіне қадам басатыны анық байқалды.

 Ақмола облысы