Құрылыс қаржысына қол салатындар көбейді
Құрылыс қаржысына қол салатындар көбейді
720
оқылды
Қазақстанда құрылыс саласы қарқын алды дегенмен, ондағы былық та таусылар емес. Онсыз да сапасы мен бағасына елдің көңілі толмайтын саланы жемқорлық жай­лаған. Талайының жазаланғанына қарамастан араны кеңінен ашылғандар әлі де бар. Бұл келеңсіз құбылыстың әсері әлеуметтік дүмпулерге ұласуы да ғажап емес. Жемқорлық «жемісін» татқан сала Жақында Атырау облысында құрылысқа бөлінген 467 миллион теңгенің ұрланғаны мәлім болды. Мектеп, 2 отбасылық амбулатория мен спорттық-сауықтыру кеше­нінің құрылысына бөлінген аса ірі мөлшердегі қаржыны Атырау об­лы­сы әкімдігі – Құрылыс бас­қар­масының лауазымды тұлға­лары мен «Техника-Рем строй» ЖШС-ның басшылары жымқыр­ған. Қазір іс сотқа жолданды. Осы ақ­парат тарап үлгермей жатып, құ­рылыстағы тағы бір былықтың беті ашылды. 12 шілдеде Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі 2010 жылдан бері іздеуде жүрген Болат Алтынбековті Ре­сейдің Мәскеу қаласында ұстады. Бұрынғы құрылыс саласының алпауыты жасырыну үшін тегін Әлішер деп өзгерткен. Кезінде «Ас­тана трейд интернешнл» ком­па­ния­сын басқарған Қарағанды облы­сының тумасы Алтынбеков «Зо­лотой», «Сезам», «Фортуна», «Ка­­минный», «Эдем-Палас», «Олимп-Палас» тұрғын үй кеше­нін салу кезінде ақша жымқырған. 12 жыл бойы іздеуде болған оның нақ­ты қанша мөлшерде қаржы ұр­лағаны әзірге белгісіз. Бірақ шетел асып, бірнеше жыл бойы еркін өмір сүргеніне қарап, аз сома бол­мағанын болжайсыз. Құры­лыстан ақша жымқырып, шетелге қашқан тек Алтынбеков емес. Осы­ған ұқсас оқиғаларды тізбек­теп талай бетті шимайлауға болады. Енді нақты деректерге көш­сек. 2015-2020 жылдар аралы­ғын­да құ­рылыс саласында ақша жым­қыр­ғаны үшін 200-ге жуық адам сот­талған. Тек өтелген залалдың со­ма­сы 27 млрд теңгеден асқан. Атал­­ған жылдар арасында құ­ры­лыс саласындағы сыбайлас жем­қор­лық фактілері бойынша 800 іске қатысты тергеу өткен. Оның 632 қылмыстық ісі өндірістен аяқ­талып, оның 500-ден астамы сот­қа жолданған. Ақыры бағанағы айт­қандай 200-ге жуық адам сот­талды (2016 жылы – 29, 2017 жы­лы – 38, 2018 жылы – 48, 2019 жы­лы – 37, 2020 жылы – 43). Бай­қасақ, әр жылдарда болған қыл­мыс дина­ми­касынан айтарлықтай өзгеріс көр­мейміз. 2020 жылы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру іс­тері комитеті төрағасының бұ­рын­ғы орынба­сарларына қатысты ШҚО Риддер қаласындағы олим­пиада резер­ві­нің республикалық маманданды­рыл­ған мектеп-ин­тернат-коллед­жінің 300 орындық оқу корпусын салу кезінде бюджет қаражатын ұрлау, аса ірі мөлшерде пара алу фак­тісі бойынша тергеу жүріп, бір­неше тұлғаның істі бо­лып, жа­заланғанын білеміз. Құ­рылыстағы қылмыс оның барлық саласында, түрлі кезеңінде кез­де­седі. Халықты ауызсумен қамту, маңызы бар инфра­құрылымдық нысандарды салу кезінде, әрісі аурухана мен мек­теп құрылыс­та­рын да жалмай­ды. Жол салу ісінде де шикілік көп. 2015-2020 жыл­дары республикалық бюджеттен автомобиль жолдарын салуға және жөндеудің өзіне 1,5 трлн теңге бө­лінді. Бірақ халық­аралық рей­тингте Қазақстан жол сапа­сының көрсеткіштері бо­йынша 140 елдің ішінен 93-орынға әрең ілікті. [caption id="attachment_205504" align="aligncenter" width="1350"]құрылыс © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Пандемия басталған 2020 жыл­дан кейін жағдай одан әрі күр­деленді. Антикор дерегінше, 2020 жылдан 2022 жылдың бірінші тоқ­санына дейінгі аралықта 418 қылмыстық іс қозғалып, 162 адам сотталды. Аталған қылмыстардың 80 пайызы бюджет қаражатын ұрлау, жалған орындалған жұмыс актілеріне қол қою және сатып алу, жеңімпазды анықтау кезінде пара алу фактілеріне қатысты. Мұнда да құрылыс саласы бірінші орынға шықты. Басқасын айтпа­ғанда, ескерткіш орнату секілді шағын құрылыстардың өзі бы­лыққа батты. Былтыр Абай Құ­нан­баев­тың ескерткішін жасау мен орна­туға келісімшарт жаса­ғаны үшін 4,5 миллион теңге кө­лемінде пара алды деген күдікке ілінген Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаме­но­ваны әшкереледі. Ескерткіш жалпы құны 145 млн теңге болған. Міне, құрылыстың кейпі осын­дай. Айналдырған 7 жыл 3 айдың ішінде елімізде құ­рылыс саласын майшелпек көрген 362 адам сот­талған. Соңғы жаңа­лықтарға қа­рап отырып, санның өсу қарқыны алдағы уақытта да бәсеңдей қой­майтынын аңғардық. Әлеуметті әлекке салған алпауыттар
Ақпанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдегі құрылыс компанияларын сынға алды. Коммерциялық нарықты да, мемлекеттік тапсырысты да уы­сын­да ұстап отырған, бір сөз­бен айтқанда, монополист дәре­жесіне жеткен санаулы компания күмән тудырмай қоймады. Көп ұзаған жоқ, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «құрылыс нары­ғында жекелеген компа­ния­лар монополия орнатқан» деп топ­шылады. Саладағы ықпал­ды­лар­ды айтқанда, алдыңғы қатарда BI Group пен «Базис-А» тәрізді ал­па­уыттар тұратыны белгілі. Бұл ком­паниялар тұрғын үй құры­лысы, мемлекеттік тапсырыспен салы­натын ірі нысандарды, тіпті жол салуда да басымдыққа ие. 2020 жылы пандемия басталған тұста емханаларда орын тапшы болды. Сол жылдың сәуір айында Алма­тыда 18 күнде 280 орындық емхана салынды. Жалпы ауданы 5 850 шаршы метрлік аты дүркі­реген құ­рылысты жүргізген BI Group болатын. Құрылыс үшін Ал­маты бюджетінен бақандай 5 млрд теңге жұмсалды. Алайда 2020 жылы күз­дің қара суығы кел­мей тұрып-ақ аурухана қабырғасы сыр берді. Қала басшылығы қараша айын­дағы алғашқы аязға жарамаған кешендегі барлық нау­қасты әуре­леп, медициналық қыз­меткерлер­ді, қымбат жабдық­тарды өзге жер­ге тасып, әлек бол­ғаны есте. Кейін Алматы қала­сының Ден­сау­лық сақтау басқар­масы «нысан күрделі жөндеуді қа­жет етеді» деп ақталды. Ал ком­пания жауап­ке­р­ші­лікті Ал­маты қаласының Ден­сау­лық сақ­тау басқармасына ысы­ра салды. «Госпиталь құрылысы Қазақ­станның құрылыс нормала­рына, Денсаулық сақтау министр­лігінің, сондай-ақ Дүниежүзілік ден­сау­лық сақтау ұйымының та­лап­та­рына сәйкес келеді. Оның ішінде өңірдің климаттық жағ­дайын то­лықтай ескердік. Меди­циналық мекемедегі температура барлық нормативтік көрсеткіштерге сай. Емдеу мекемесі 2020 жылдың көк­­темінде Алматы қаласы Ден­саулық сақтау басқармасының ба­лансына берілді. Сондықтан жа­­уапкершілік те басқарма енші­сін­де», – деген еді компания өкілдері.
Көп өтпей белсенді эконо­мис­тер мен заңгерлер бірігіп, құ­ры­лысқа бөлінген 5 миллиард тең­генің 3,9 миллиарды ұрлан­ға­нын анықтады. Мемлекеттік ау­дит те шикілік барын растады. Бірақ құрылысқа қатысты осы шу кейін су сепкендей басылды. Ал­маты әкімдігі де, BI Group та бұл мә­селені қозғамады. Ал BI Group-қа қатысты анықталған шикілік мұнымен бітпейді. Былтыр Түр­кістанда 39 миллион АҚШ долла­рына салынған футбол стадионы төңірегінде дау шықты. Бұл жолы да құрылысты BI Group жүргізген. Алаңның сапасы мен арена құ­ры­лысы сын көтермегені елге мәлім. Компания бұл жолы да ақша бөл­ген «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорын кінәлап, сытылды. Мә­жі­ліс депутаттары құрылыста қаржы ұрланған болуы мүмкін екенін айтса да, мәселе жылы жабылды. Осыдан кейін компанияға қатыс­ты қалай күмән келтірмеуге бола­ды? Салада бәсекелес қалдырмай, бәрін ысырған осындай компа­ниялар кейін баспана бағасын да өз қалағанындай белгіледі. Мә­селен, таяуда ғана Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 15 құрылыс компаниясының іс-әрекетінде заңбұзушылық барын анықтады. Құрылыс салушылар баспана бағасын 20 пайызға дейін қолдан өсірген. Олардың тізімінде тағы сол BI Group бастап, «Ба­зис-А», RAMS Qazaqstan, «Орда Строй Групп» ЖШС, «Отау Строй» ЖШС, «Достық Инвест Групп» ЖШС, «Евразиян Бил­динг» ЖШС, «Проф Инвест» ЖШС, «Ха­лық билдинг» ЖШС және тағы басқалары бар. Бұлар­дың кем­ші­лікті жойғаны айтылып жатыр, бірақ бағаны көтеріп қой­ған ке­зеңде қаншама адам баспана сатып алды, олардың жайы елеусіз қал­ғандай. Экономист Бауыржан Ыс­қақов алпауыт құрылыс ком­паниялары баспана бағасының құбылуына әлі күнге жанама жол­мен ықпал етіп жүргенін айтады.
– Бәсекелестік нарықта өнім шығарып, қызмет көрсететін оли­гополиялық 2-3 кәсіпорын ғана болатын болса, ол бағаның ретсіз өсуіне алып келетін фактор сана­лады. Қазақстанның тұрғын үй құрылысы нарығында қаражат­тың басым бөлігі ірі компаниялар арқылы өткендіктен, монопо­лия­ның орнауы үйдің бағасына әсер етпей қоймайды. Дегенмен жалпы баспана бағасының өсуіне моно­полистерге ғана байланысты емес, тағы бір басты фактор – құ­рылыс материалдарының елде өндіріл­меуі. 80 пайыз қажеттілік сырттан келеді. Ал шетелден кел­ген құры­лыс материалдары валю­та баға­мы­на байланысты арзанға түспей тұр­ғанын онсыз да білеміз. Бұл тұс­­та ең әуелі мемлекет назар ау­дару қажет бір нәрсе бар. Бі­рінші орынға құрылыс материал­дары­ның отандық өндірісін жолға қоюы тиіс. Екіншіден, ықпалдың бәрін қазір­гідей 2-3 компанияның қолына беріп қоймай, бәсекеге қабілетті компаниялардың кө­беюіне жағдай жасау керек. Сонда олар сапалы құрылыс пен тиімді баға ұсынуға тырысар еді, – дейді сарапшы.
Қорытындылар болсақ, құры­лыстағы жемқорлық түптеп кел­генде әлеуметтік дүмпулердің де себепкері болып тұрғанын жа­сырмаған жөн. Сапасыз нысандар көбейіп, баға тиімсіз бола берген сайын қоғамның наразылығы арта береді. Сондықтан миллиард­тарды майшелпек еткендерді жа­засыз қалдырмаған абзал.