ҰБТ-ға бардың ба, шекті балды алдың ба?
ҰБТ-ға бардың ба, шекті балды алдың ба?
© коллаж: Әсел Балтақызы
875
оқылды
Биыл ҰБТ тапсырған 51 мыңға жуық талапкер шекті балдан аса алған жоқ. Бұл – барлық тест тапсырушылардың 33 пайызы. 2020 және 2021 жылдары аталмыш көрсеткіш 37 пайыздан асты. Салыстыру үшін айтайық, бұл көрсеткіш 2018 жылы – 15%, 2019 жылы 25,2% тең болды. Яғни, соңғы үш жылда талапкерлердің үштен бірі тест тапсыра алмаған. Биылғы оқу жылының жаңа­лығы ретінде талапкерге ыңғайлы болу мақсатында ҰБТ-ға дайын­далу үшін тегін онлайн сынақ тес­тілеу іске қосылды. Онда талапкер тест тапсырмаларымен танысуға және таңдалған пәндер бойынша білім деңгейін тексеруге мүмкіндігі болды. Бұған қоса, Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Гүл­жан Жарасованың айтуынша, 2022 жылдың түлектері үшін бір­қатар бі­лім беру орталықтарының қол­дауымен тегін онлайн сабақ­тар жүр­гізілді. Оның үстіне, соңғы жыл­дары ұлттық бірыңғай тесті­леуді бір кезеңде екі рет тапсыруға мүм­кіндік берілді. Талапкерлерге мей­лінше мүмкіндік жасалға­ны­мен, межелі шектен аса алмаған­дар­­дың қата­ры артып отыр. Неліктен? 2020 жылы наурызда басталған пандемия кезінде оқушылар он­лайн білім алуға көшті. Ол уақытта еліміздің білім жүйесі балаларды онлайн оқытуға дайын болған жоқ – интернеттің қолжетімсіздігі, онлайн білім алуға мүмкіндік бе­ретін құрал-жабдықтың жеткілік­сіздігі (мәселен, көпбалалы отба­сыдағы балалардың бәрінде бірдей телефон, планшет, ноутбук бол­мауы және т.б.), білім беретін да­йын платформалардың болмауы («Балапан арнасынан сабақ өтке­нін білеміз), мұғалімдердің жаңа технологияларды меңгеру деңге­йінің төмен болуы және тағы бас­қа мәселелер күн тәртібіне шықты. Сарапшылар шекті балдан аса алмаған талапкер санының ар­туына пандемия кезіндегі онлайн оқудың салқыны тигенін алға тар­тады. ЮНИСЕФ сарапшылары­ның айтуынша, қашықтан оқыту процесінің басты міндетіне оқу­шының «ынтасын сақтау/артты­ру», «алған білімін бекіту» және «прогресс/жаңа білім беру» жа­тады. Кез келген мемлекет оқу процесінің барлық қатысушысы ақпараттық-коммуникация тех­нологияларын жетік меңгеруі, ата-аналардың оқу барысына қы­зығушылығы және тағы басқа те­тіктердің дұрыстығын ескере оты­рып, қашықтан оқыту міндеттерін дұрыс қоя алмаған жағдайда білім жүйесі ковидтен кейінгі кезеңде үлкен шығынға ұшырататын ай­тарлық мәселелермен бетпе-бет келуі мүмкін.
«Қашықтан оқу мен офлайн оқудың сапасын салыстыру мүмкін емес. Олқылықтар көп болды. Сол себепті елдегі эпидемиялық ахуал тұрақталған бойда, өңірлердегі мектептер мүмкіндігінше ашылып отырды. Ата-аналардың айтуынша, пан­демия бастала салған уақытта оқу­шылар түгілі мұғалімдердің өзі сас­­қалақтап, қашықтан оқыту жү­йе­сіне бейімделе алмаған. Бұл оқыту процесін тежеп, оқу бары­сындағы тапсырмалардың орын­далу сапа­сын төмендетті. Тек 2020-2021 оқу жылында ұстаздар қашық­тан оқыту барысын ұйым­дастыруды үйреніп, оқушыларға оқу бағдар­ламасын мең­геру, үй тапсырмасын толық­қан­ды орын­дауға қатысты талап қоя бастады. Бұл уақытта оқу­шы­лар­ға артылған жүктеме көбейді», – дей­ді әлеу­мет­танушы Сәуле Алиева.
Сәйкесінше, қашықтан оқыту кезінде оқушының өзіне артылған жауапкершілік те көбейді. Психо­лог-мамандар мектептегідей қа­дағалау мен бақылаудың азайға­нынан, оқушылардың білім алуға деген қызығушылығы төмен­де­генін айтады.
«Онлайн білім алуда жауап­кершілік оқушыда басым болды. Мұғалімнің қадағалауы мен тәр­тіптің аздығынан зейіннің шоғыр­лануы төмендеді, смартфон арқы­лы білім алатын болған соң тақы­рыпты қабылдауы қиындады. Адам психикасы кез келген жағ­дайға бейімделуі үшін ұзақ уақыт керек. Оқушыларға еш дайын­дық­сыз, бір уақытта қашықтан білім алу­ға дағ­дылануға тура келді. Бұл – балалар үшін үлкен өзгеріс болды, сон­дықтан олардың ұлттық тестілеуге дайындығының нәти­жесіз болға­нын түсінуге бола­ды», – дейді пси­холог Ұлмекен Сәндібекқызы.
Алайда пандемия білім сапа­сын айтарлықтай төмендетті дей­тін пікірмен келіспейтіндер де бар. Мәселен, Joo.kz жобасының негі­зін қалаушы, білім саласының ма­маны Қанат Өксікбаев шекті ме­жеден аспай қалған талапкерлер қатарының көбеюін ұлттық тесті­леудің ашық әрі әділ өте бастауы­мен байланыстырады.
«Ұлттық тестілеу орталығына әділ басшылар келіп, 2019 жылдан бастап ҰБТ таза өте бастады. Тес­тілеу ашық әрі әділ өткен кезде оқушылардың нақты деңгейі кө­рінді. Яғни, бұл көрсеткіш осыдан 3-4 жыл бұрын оқушылардың білімі жоғары еді, соңғы жылдары төмендеді деген сөз емес. Бұрын көшіру, тест жауаптарын сатып алу, тестілеуге шпаргалка, ұялы теле­фон алып кіру және тағы басқа көптеген заң бұзушылықтарға жиі жол берілетін. Осындай «жеңіл­діктердің» арқасында талапкерлер кем дегенде шекті балды жинап келді. Ал енді мұндай заңсыз­дық­тардың жолы кесілді, толық жүйе­лене қоймаса да, соңғы жылдары тестілеу ашық өте бастады. Пан­де­мияның оқушылардың білім са­пасына кері әсері болды. Алайда бұл ҰБТ көрсеткішіне айтарлықтай әсер етті дей алмаймын. Бірнеше жылдан бері ҰБТ нәтижесіне мек­теп жауапты емес, сондықтан та­лапкерлердің көбі жеке оқу орта­лықтарында, жеке репетитор­лар­мен дайындалды. Оның үстіне, қазіргі балалар қолында смарт­фонымен туған ұрпақ, олар пан­демиядағы онлайн білім алу ке­зінде цифрлық сауаттылық тұр­ғы­сынан қандай да бір қиындық көрді деп ойламаймын. ҰБТ-ның электронды нұсқасына қатысты соңғы жаңалықтарға бүгінгі ұрпақ оңай әрі тез икемделе алды», – деп атап өтті сарапшы.
ҰБТ тапсыра алмаған талап­керлер көп жағдайда күйзеліске ұшырап жатады, елімізде суицидке барған жастарды да білеміз. Ел ішінде бұл күнді «ұлы біркүндік төңкеріс» деп тәпсірлеп кеткендер де бар. Шекті балдан аса алма­ған­дардың қатары артқан сайын, жасөспірімдердің психологиялық-эмоционалды күйіне алаңдау да басым. Бұл орайда білім сарап­шы­сы Қанат Өксікбаев бүгінгі ба­ла­лардың ҰБТ нәтижесін айтар­лық­тай күйзеліспен қабылдамайты­нын айтады.
«Бұрын ҰБТ нәтижесіне мек­теп жауапты болған кезде, білім ордасының басшылығы, мұға­лім­дер тарапынан оқушыға қысым көп болатын. Тіпті, «мектептің орта балына кері әсер тигізесің, мектептің беделін түсіресің» деп, кейбір нашар оқитын балаларды тестілеуге қатыстырмай тастайтын. Оның үстіне, ол уақытта шекті балдан аса алмау, яки төмен ұпай жинау өте ұят саналатын, қоғамда сондай стереотиптер болды. Осын­дай психологиялық қысымның нәтижесінде оқушы күйзеліске ұшы­рап, тіпті суицидке барып жа­татын. Мұндай күйзеліс әлі де бар, бірақ азайды. Өйткені балалар да, ата-аналар да қайта тест тапсырып, кез келген уақытта қалаған ЖОО-ға тапсыра алатынын түсінді, сәй­кесінше, қоғамдағы әртүрлі сте­реотиптер де жойыла бастады», – дейді ол.
Ал психолог Ұлмекен Сәнді­бек­­­қызы соңғы жылдары ҰБТ тап­сыратын талапкерлерге ата-ана­лар тарапынан қолдау артқанын айтады.
«Бүгінде балалар барлық жағ­дайға үстірт қарауға бейім. Бәлкім, ата-ана тарапынан балаға қойылар талап азайған болуы мүм­кін. Мұ­ның жақсы да, жаман жағы да бар. Жақсысы – бүгінгі ұрпақ кез кел­ген қиындықты өт­кінші деп қа­был­дай алады, мә­селен, соңғы жылдары ҰБТ аяқ­тал­ған соң суи­цид жасайтын бала­лар азайды. Бұрын маман иесі болу, табыс табу қиын деген түсінік болса, бүгінде әлеуметтік желілер арқылы қо­сым­ша білімін жетіл­діріп, табыс тауып отырғандар бар. Өскелең ұрпақ осындай карти­на­ларды көрген­діктен аса қинал­май­ды. Бұған қоса, соңғы жылдары ата-ана тарапынан балаға қолдау күшейді. Өйткені ата-аналар да ҰБТ-дағы шекті балл баланың тағ­дырын шешпейтінін түсінді. Ба­ланың өзіне сенімін жо­ғалтпауына, ішкі потенциалын кө­теруге, басқа мүмкіндіктерін көр­сетуге ықпал етуге бейімделе бастады», – деп атап өтті психолог.

Айдана НҰРМҰХАН