Тұманды Тараз, күмәнді кәсіпорын
Тұманды Тараз, күмәнді кәсіпорын
850
оқылды
Апта басында «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Тараз минералды тыңайтқыштар зауытынан шыққан түтін қала тұрғындарының үрейін алды. Әсіресе шаһар маңындағы Шайқорық елді мекені мен №15 ықшамауданның тұрғындары тұманды түтіннің құшағында қалды. Алайда жауаптылар бұқараға үндеу жасап, алаңдауға еш негіз жоқ екеніне сендірді. Ең әуелі Жамбыл облысы әкімдігі «Қазфосфат» Тараз минералды ты­ңайт­қыштар зауытынан бірреттік түтін шы­ғарыл­ғанын растап, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы жұмысшы тобы құрылғанын хабардар етті. Кеше жұмыс тобының мүшелері тексерістен кейін ауаға зиянды заттардың артық мөлшері тарама­ғанын мәлімдеді. Облыстық Экология департаменті Тараз қаласындағы Сүлейменов көше­сінде шекті рұқсат етілген концентрация бойын­ша өлшеу жүргізген. Нәтижесінде, ауадағы аммиак пен күкіртті сутегі бо­йын­ша концентрация мөлшерінің аспа­ған­дығы анықталды. Тек фтор қосылыс­тарының аздап жоғарылауы байқалған. Сондай-ақ Жамбыл ауданы Шай­қорық ауылында да зерделеу жүргізілген. «Қазгидромет» кәсіпорнының автомат­тандырылған стансасының мәліметінше, ауадан зияндылығы жоғары заттар табыл­маған. Ресми органдар қаланы тұмша­лаған түтіннің қала тұрғындарының ден­сау­лығына зияны жоқтығын мәлім­деді. Әрине, әулиеаталықтардың зәресін алған зауыт түтінінің тұрғындарға қауіп төндірмегені қуантады. «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас экологы Арман Қарғалиев соңғы 10 жылда мұндай оқиға бірінші рет болғанын айтады.
– Негізі түтін сорғылардың бірі істен шыққаннан кейін тарай бастады. Ақауды реттеу үшін цех жұмысын 15 минутқа тоқ­тат­тық. Осы 15 минуттың ішінде түтін ауа­ға тарап кетті. Мұндай жағдай негізі зауыт­та бірінші рет болды. Өзім кәсіп­орында жұмыс жасаған 16 жылда мұндай жағдай тіркелмеген. Сол күні цех­та 10-ға жуық адам жұмыс істеп жат­қан болатын. Олардың да денсаулығы толықтай тек­серіліп, қазір жұмыстарына кірісіп те кетті, – деді А. Қарғалиев.
Өз кезегінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі де ауа құрамындағы аммиак, күкіртсутек және көміртегі оксидінің мөлшері артпағанын атап өтті. – Тараз минералды тыңайтқыштар зауытының күкірт қышқылы цехындағы абсорбердің моногидратты сорғысы істен шыққан. Нәтижесінде, ауаға күкірт трио­ксиді тараған. Оқиға орнына Жамбыл облысы бойынша Экология депар­таменті­нің басшылығы, мамандары жетіп, зауыт­тың санитарлық қорғау аймағын­да зерт­теу жұмыстарын жүргізіп, фторлы су­тегі­нің едәуір артқанын анықтады. Алайда аммиак, күкіртсутек және көміртегі оксиді бойынша асып кету анықталған жоқ. Шайқорық кентінің маңындағы за­уыт­та да ластаушы заттардың мөлшері тексеріліп, олардың тиісті мөлшерден артпағаны анықталды. «Қазгидромет» кәсіпорнының Жамбыл филиалының ақпараты бойынша, қалада ауаның лас­тануы қалқыма бөлшектер бойынша 1 ШЖК аспайтын деңгейде байқалады. Облыстық Экология департаментінің қызметкерлері Polar газ анализаторымен зауытта жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Мұнда да ауаны мөлшерден тыс ластаушы заттардың асып кету фактісі тіркелген жоқ.
Оқыс оқиғаның мән-жайын және себептерін анықтау үшін камералдық бақылау жүргізілетін болады, – дейді министрліктің баспасөз хатшысы Олжас Беркінбаев.
Сала мамандары жағдайдың толықтай бақылауда болатынын айтып отыр. Олар толық тексерістен кейін «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты шешім шығармақ. Кәсіпорынға қомақты айыппұл да салынбақ.

Жамбыл облысы