«Қазақ әлемін» сүйікті еткіміз келеді – Диас Камериданов
«Қазақ әлемін» сүйікті еткіміз келеді – Диас Камериданов
916
оқылды
Кешегі өткен «AMANAT»  партиясы жастар қанатының кезектен тыс VI съезіне жастар арасында, жалпы ел арасында әлеуметтік желілер арқылы кеңінен танымал болған медиаволонтер  Диас Камериданов та қатысты. Қазақ елінің тарихы мен мәдениетін насихаттауды өзінің басты мақсаты етіп алған азамат жұбайымен бірге ата дәстүр мен тарихты танытуға күш салған. Диас жаһандану заманында ел жастарын дамытуда интернеттегі  қазақ контенттерінің көбейіп, сапалы әрі мағыналы дүниелер көбірек қолға алынса, әрі бұған мемлекет тарапынан назар аударылса жөн болар еді дейді.
«Мен алғаш рет 5-сыныпта Болат Жандарбековтың «Сақтар» романын оқып,  адамның тұлға болып қалыптасуы үшін тарихтың қаншалықты маңызы зор екенін түсіндім. Содан бері бұл мен үшін өмірдегі басты миссияма айналды. Өзің оқып білім алып қана қоймай, оны басқалармен бөлісу аса маңызды. Сондықтан жұбайым екеуміз қазақ тарихы мен мәдениеті жайлы блог жүргізуді жөн деп шештік. Біз әлемдік ақпараттарды біздің халқымыз тікелей өз ана тілінде алғанын қалаймыз. Балалар мультфильмдер мен танымдық бағдарламаларды қазақ тілінде көрсе, ақпараттарды өз ана тілінде алса деген биік мақсатымыз бар», – дейді Диас Камериданов.
Диас Камериданов Бүгінде жеке блоктарында 150 мыңнан астам адам оқырман жинаған кейіпкеріміздің жариялаған дүниесін ай сайын 1,5 миллионнан астам адам оқитын болған. Ал жұбайлар қос тілділік салдарынан екіге жарылған халықтың бір арнаға тоғысып, өз тарихы мен мәдениетін, дәстүрі мен салтын түсіну үшін алтын көпір болмақ. Ол үшін пікірлес талантты жастардың көмегімен команда да құрған.
«Біз «Қазақ әлемін» баршаға сүйікті еткіміз келеді. Қазақ әлемі дегенім –  біздің философиямыз, дәстүріміз, батырларымыз бен әндеріміз. Ең бастысы, ол біздің ана тіліміз – қазақ тілі. Біз парақшамызды екі тілде жүргізе отырып, орыстілді азаматтарымызды «Қазақ әлемімен» таныстырамыз. Осылайша, қазақтілді және орыстілді азаматтарымыздың арасында алтын көпір болып отырмыз. Басты мақсатымыз – Қазақстанның барлық азаматтарын бірыңғай ұлтқа топтастыру. Күн санап біздің жұмысымыз жемісін бере  бастады. Біздің мақалаларымыздан кейін мыңдаған жазылушыларымыз қазақ тілін үйренуге талпынып, өздерін қазақ екенін сезініп, Отанымыздың ортақ екенін сезіне бастады», – дейді Диас Камериданов.
Ел болашағына бейжай қарай алмайтынын көрсеткен жас партия көшбасшысынан ағылшынтілді контенттің қазақ тіліне аударылуына көңіл бөлінсе деген тілегін де білдірді. Диас Камериданов
«Мен партия Төрағасы Ерлан Қошановтан біздің @ult.qz жобамызға назар аударуын өтіндім. Біз жанарынан ұшқын ойнаған, сергек әрі жалынды команда құрдық. Бүгінде  ағылшынтілді контентті қазақшаға аударумен айналысып келеміз. Қазір мұны өзіміз жүргізудеміз. Бірақ шынын айтқанда, қаржылық жағынан көтеру өте қиын екенін айтқым келеді. Өйткені бұл жоба ешқандай коммерциялық жоба емес. Бұл біздің ортақ іске жасаған азғантай үлесіміз. Ал егер күш біріктірсек,  бұдан да үлкен нәтижеге жететініміз анық», –  деп толықтырды Диас Камериданов.
Диас Камериданов Қазақ тілі мен тарихын әлемге танытуға, ал әлемдік ақпаратты қазақша жеткізуге асыққан азаматтың алдағы болашаққа қосатын үлесі де мол болатыны сөзсіз. Ал бұл іс биліктен қолдау тапса, нұр үстіне нұр болмақ.