Зерендіде ашық табиғат аясында өтіп жатқан «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының кезектен тыс VI съезі кезінде елдің әр аймағында белсенділігімен көзге түскен жастар билік басындағыларға маңызды ұсыныстарын да айтып қалды. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановпен кездесу кезінде мақтаралдық Сүндет Кенжебаев оңтүстік өлкенің бірқатар өзекті мәселелерін жіпке тізіп, Мақтааралда халықаралық сауда орталығын құру туралы да толғамды ойын жеткізді.
Халық саны тығыз әрі жастар саны басқа аймақтардан қарағанда көш ілгері тұрған оңтүстік өңірде жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін қозғаған азамат жаңаша бетбұрыс жасаған «Жастар рухы» жастар қанатының оң өзгерістерге қадам басатынына нық сенімді.
«Елдің түкпір-түкпірінен жиналған белсенді жастардың басын қосқан бұл съезде жастар қанатының аты ғана өзгеріп қоймай, оның заты да өзгеретініне сенімдімін. Өйткені, жастардың бойында бұлқынған жігерді, көздерінен ұшқындаған жалынды байқадым. Жастар елдің даму жолында тың серпін берер мықты идеялары мен ойларын ортаға салды. Оған қоса жастар қанатының Орталық Кеңесіне де жаңа леп пен жаңа көзқарас әкелетін белсенді жастардың қосылуы «Жастар рухының» алдағы уақытта жаңа белестерді бағындыруға жол ашуы тиіс деп санаймын», - дейді Сүндет Кенжебаев.
Жігерлі жас Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа Мақтаарал ауданында халықаралық сауда орталығын құру туралы идеясын да жария етті.
«Ең алдымен, өзім тұратын Мырзашөл өңірінде 400 мыңға жуық халық тұратынын, оның 100 мыңнан астамы жастар екенін айтқым келеді. Жастардың көпшілігі қазір ауылда аграрлық кәсіппен айналысады. Екі қолға бір күрек таппай жүрген жастар да баршылық. Қазіргі уақытта Мақтаарал ауданы шекарасында «Атамекен», «Сырдария» және «Целинный» атты үш бірдей кеден бекеті жұмыс істеп тұр. 2005 жылдарға дейін мұнда «Сапар» сауда базары жұмыс істейтін. Бірақ қазақ-өзбек қарым-қатынасында бірқатар қиындықтар болуына байланысты базар жұмысы тұралап қалған. Жұрт арасында «Бетонка» делінетін халықаралық трасса да қараусыз қалып, жарамсыз күйге түскен. Осыған байланысты Алматыдағы Қорғас сияқты Мақтааралда да халықаралық сауда орталығын құру қажеттігі туралы ұсынысымды айттым. Бұл идеям Ералы Тоғжанов тарапынан қолдау тапты», – дейді Сүндет Кенжебаев.
Сүндет базар халықаралық сауда орталығы болса әрі жаңаша инфрақұрылыммен қамтылса әрі кедендік бекет көшірілсе бұл кедендегі кептелісті де азайтып, сонымен қатар жастар арасындағы жұмыссыздықты да жоятынына сенімді.
«Қазіргі таңда Атакент кентінің маңындағы «Атамекен» кедендік бекетін «Целинный» шекара бекетіне көшіру мәселесі де ауданның күн тәртібінде тұр. Көрші елге өтпекші болған жүк көліктері кедендік бекет маңында кептеліске ұшырап, Атакент кентінде жол қатынасын қиындата түсті. Мәселенің бірден бір шешімі – кедендік бекетті көшіру. Осылайша «Сапар» сауда базары жақын орналасқан "Целинный" шекара бекетінің маңын үлкен инфрақұрылыммен, сапалы сервистермен қамту керек болады. Ол үшін «Сапар» сауда базарын халықаралық базар жобасы ретінде дамытуды қолға алу керек», – дейді Сүндет Кенжебаев.
Жігерлі жас сондай-ақ халқының саны сиреген солтүстікке оңтүстік жұртын көшіру бағдарламасының орындалу барысы мен олардың тыныс-тіршілігін бақылау, жастар мәртебесін көтеру сияқты өзекті мәселелер жөнінде ұсыныстарын білдірді. Елдің іргесінің нығайып, берекесінің артуына үлесімді қоссам деген азаматтың болашақта да қыруар қызмет ететіні сөзсіз...
Ақмола облысы