Арқаның алтын тәжі – Қарқаралы
Арқаның алтын тәжі  – Қарқаралы
833
оқылды
Сәрсенбінің сәтінде Мәдениет және спорт министрлігі Геральдикалық зерттеулер орталы­ғының және «Тұғырыл хан – Оң хан» корпоративтік қорының бірлесіп ұйымдастыруымен Қара­ғанды облысының Қарқаралы ауданында «Елдіктің нышаны – ерліктің белгісі» атты мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға арналған баспасөз туры өтті. Экспедиция құрамында мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібекұлы, Геральдикалық зерттеулер орталығының дирек­торы Асылбек Байжұмаұлы, «Тұғырыл хан – Оң хан» корпоративтік қорының төраға орынбасары Нұржан Игібаев, орталықтың басқа да мамандары мен ғалымдар, журналистер болды. Атыңнан айналайын... Жалпы аумағы 3,5 млн гектарды алып жатқан Қарқаралы ауданының тарихы бәзбіреулер айтып жүргендей, Ресей империясының әскери бекінісі ретінде қаланың іргесі қаланған 1824 жылы емес, кем дегенде 2-2,5 мың жылдан бері жалғасқан. Оған осы өлкені мекендеген ежелгі түркі тектес тайпалардың көне қоныстары куә. Сондай-ақ археолог Әлкей Марғұ­лан­ның археологиялық қазба жұмыстары бұл жерлерде қарлық, қыпшақ, оғыз тайпалық бірлестігі темір кенін өн­діргенін растады. Түгін тартсаң, майы шығатын бай өңірде темірден басқа алтын, мыс сияқты түрлі кен қоры мол. Осыған байланысты қазақтың маңдайына біткен біртуар ғалым Қаныш Сәтбаев: «Алтайдан Қарпатқа дейінгі ұлан-ғайыр өлкеде Қарқаралы топырағындай қасиетті, киелі жер жоқ» деген болатын. Қала іргесіндегі Кент тауларының Талды қорымынан табылған «Алтын адам» жәдігері де – көне сақ, ғұн тай­паларының дәуірлеу кезеңінің белгісі. Кент, Алат, Талды қоныстары жарты әлемді жаулаған ұлы бабаларымыздың құтты мекені болғаны – тарихи айғақ. Аудан аумағында мұндай қорым саны 400-ден асады. Оның ішінде ғалым­дардың аяғы жетпеген, әлі зерттел­ме­ген таңбалы тастар мен тылсым қо­ныстар көп. Сондай-ақ Қарқаралы ертеден Орталық Азия мен Қытайдан Сібірге баратын керуен жолының торабы ре­тінде маңызды сауда, кәсіпшілік және мәдени-ағарту орнына айналды. Қа­ла­ның солтүстігіндегі Қарасор көлі­нің жағасында 1848 жылдан 1930 жылға дейін Қоянды жәрмеңкесі өтіп тұрды. Жәрмеңке кезінде 1905 жылы патша­лық Ресейге талап қойған атақ­ты Қар­қаралы петициясы жазылды. Мұн­да талантты әншілер мен әртістер (Ә.Қашаубаев, И.Байзақов, Ж.Ша­нин, Қ.Қуанышбаев, М.Уәлиева ) өнер көрсетіп, Қажымұқан Мұңайт­пасов белдесуге шыққан. Абайдың әкесі Құнанбай қажы қалада 1852 жылы көктөбелі күмбезді мешіт сал­дырған. Арнайы экспедицияны Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайын қар­сы алып, ежелгі елдік дәстүрмен қо­ше­мет көрсетті. – Бүгінгі кездесудің мәні мен ма­ңызы зор,– деп сөзін бастады аудан әкімі. – Арқа өңіріндегі санаулы ғана байырғы қалалардың бірі болған Қар­қаралы тек әсем табиғатымен ерек­шеленбейді, ол – ұлт руханиятының да бесігі. Орталық Қазақстан бойынша ең алғашқы білім орталықтары осында ашылған. ХІХ-ХХ ғасырларда қазақ үшін тағдыршешті зор саяси оқиғалар өткен, ұлтымыздың беткеұстар игі жақсыларының, Алаш ардақты­лары­ның ізі қалған қасиетті мекен. Олар­дың ішінде Әлихан Бөкейханов, Ах­мет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулат­ұлы, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақ­баев, Нығмет Нұрмақовтың және тағы басқалардың есімін атай кеткен жөн. Бұл жерде басы бұғалыққа сыймай кеткен өр Мәди, қазақ поэзиясында Абай мен Мағжаннан кейін үлкен жа­ңалық болып келген құбылыс, өзінше айтатын болсақ, «от бүркіп, шоқ шай­наған» дауылпаз ақын Қасым, жез­таңдай әнші Жүсіпбек Елебеков, Кеңестер Одағының батыры Мартбек Мамыраев, Нүркен Әбдіров, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров сынды тұлғалар туып-өскен. Кешегі қарадан шығып «хан» болған Құнан­байдың, бала Абайдың осы Қарқаралы көшесінде алшаң басып жүргенін кө­зімізге елестетуге болады, – деп Ерлан Бейсембайұлы өңірдің арғы-бергі тарихына аз-маз шолу жасады. Аудан басшысы осыдан кейін мемлекеттік Елтаңбаның авторы, Еуразия ұлттық университетінің про­фессоры Жандарбек Мәлібекұлының иығына шапан жапты. – Қасиетті тарихымызды ештеңе­мен салыстыруға болмайды, ол – хал­қымыздың баға жетпес рухани бай­лығы. Қазақстанның Елтаңбасын жа­саған кезде мен осы балбал тастар­ды, таңбалы тастарды тереңірек зерт­тедім. Елтаңбада ежелгі тарихтың ізі де, бабалар сабақтастығы да, сондай-ақ болашақтың болмысы да түгел қам­­тылған. Өйткені жас ұрпақты Отан­ды, елді сүюге тәрбиелеуде мем­лекеттік рәміздердің орны ерекше, осыны жадымызда сақтағанымыз жөн,– дейді Ж.Мәлібекұлы. Қарқаралы сапар Ал Геральдикалық зерттеулер орталығының директоры Асылбек Байжұмаұлының айтуынша, еліміздің әр тасының астында тұнып жатқан тарих бар, солардың сырын ашып, халыққа жеткізу маңызды. – Бұл экспедицияның мақ­са­ты – мемлекеттік рәміздер мен ге­раль­ди­калық белгілерді насихаттау және оларды қолданудың норматив­тік-құ­қықтық жүйесін бақылау, жас ға­лымдарды, журналистерді қазақ ге­­ральдикасының арғы-бергі тари­хына назар аударту. Сонымен қатар жер­гілікті басқару органдарының қыз­меткерлерімен мемлекеттік рәміз­дерді пайдалану тәртібі және өңір тұр­ғындарының ұлттық құндылық­тарға деген құрметін қалыптастыру бағытында кездесу өткіземіз. Қар­қа­ралы өңіріндегі көнеден қалған тарихи ескерткіштер VІ-VІІІ ғасырлардағы түрік қағандығы мен VІІІ-ХІІІ ғасыр­лардағы қыпшақ заманында жасал­ған,– деді Геральдикалық зерттеулер орталығының директоры Асылбек Байжұмаұлы. Көне қорымдардың айтары көп Түс ауа баспасөз турына қаты­сушылар Құнанбай қажы мешітінде болып, аруақтарға дұға бағыштады. Ауданды аралатып, өңірдегі тарихи ескерткіштерге жол бастап жүрген әкімнің орынбасары, өлкетанушы Сай­лау Әбиұлы бізге талай тың де­ректің сырын ашты. – Екі ғасырдың куәсі болған Құ­нанбай қажы мешітінің көрмегені жоқ. Кеңес үкіметінің тұсында ол мек­теп те, дүкен де, қойма да болды. Ел есін жинап, еркіндік алған 90-жыл­дары ауыл халқының күшімен мешіт қайта жөнделіп, жаңғыртылып, қал­пына келтірілді. Қазір Алланың үйі ретінде жұмыс істеп тұр, – дейді Сай­лау Әбиұлы. Әкімнің орынбасары Құнанбай қажының мешітті дөңестеу, тастақтау жерге салдырып, көрегендік көрсет­кенін атап өтті. Өйткені сол уақыт­тар­да тастан салынған талай ғимарат уақыттың және табиғи факторлардың әсеріне төтеп бере алмай, жойылып кеткенде ағаштан салынған мешіттің әлі күнге мұрты бұзылмай сау келе жатқаны, осы көрегендіктің арқасы дейді ол. Ал аудандық тарихи өлкетану му­зейінде біз балбал тастардың, ерте темір дәуірінде адамдар пайдаланған заттардың, жоңғар шапқыншылығы кезеңдеріндегі батырлар сауытта­ры­ның, қылыштарының, ежелгі теңгелер мен тиындардың, тіпті патшалық за­мандағы қазынашылық бөлімінің ақша сақтаған зіл темірден жасалған сейфі мен Қоянды жәрмеңкесіне ақша тасыған сегіз құлақты сандықтың да сырына қанықтық. Экспедиция мүшелері сондай-ақ Қар­қаралыдан 17 шақырым жерде Қа­рағанды бағытында жол бойында жатқан көне қорғандарда (Қызыл мо­ла қыстағы), М.Мамыраев ауылдық округі бағытында қаладан 20 шақы­рым жерде Шүнгілтай қыстағы жа­нын­дағы Балбалтас тарихи орын­да­рында болды. – «Кім екеніңді білгің келсе, та­рихыңды таны» деген сөз бар. Асылық айтты демеңдер, адамзат пайда бол­ғаннан бері осы Қарқаралы өңірін адам баласы мекен еткен. Оған осы өңірде әр бұрышында шашылып жат­қан көне қорымдар дәлел. Мына жерді өткенде ғана тауып алдым, оның ең үлкені – «мұртты қо­рым». Ғалымдармен сұхбаттасу бары­сында бұл жердегі қорымдардың үш дәуірге тиесілі екенін, яғни ерте темір, орта ғасыр, қола дәуірінен қалған құнды жәдігерлер екеніне көзім жетті. Бұл жерлерді басқа емес, өз бабала­ры­мыз мекендеген, яғни бәріміз бүгін қазақ деп аталатын бір халықтың ұр­пағымыз. Осы тарихи шындықты дә­лелдей түсу үшін бұл қорымдарға зерт­теу жұмыстарын жүргізу қажет, – деді Қарқаралы ауданы әкімнің орын­басары Сайлау Әбиұлы. Бір қуаныштысы, әлі адамның қолы тимеген, үстіне жабылған тақта тастары орнынан қозғалмаған қо­рымдар да кездеседі. Ал суыр қазып тастаған енді біреуінен құмыраның сынған бөлігі мен садақтың ұшы шық­қан. Шүнгілтай қыстауының ма­ңа­йын­да көз жетер жерде бойына бей­мә­лім сыр жасырған мұндай қорым көп. Ашық аспан астындағы осы табиғи мұражайдың іздеушісі болса, ғасырлар қойнауында жатқан бабалар сырына одан бетер қаныға түсер едік. Мүмкін, қазақ тарихына қатысты бұрын-соңды білмеген тың деректерге де тап болармыз. Ең бастысы, мем­ле­кет тарапынан немесе қызығушылық танытқан жекеменшік ұйымдар та­рапынан оны зерттеуге назар ауда­рылуы тиіс. Ал әзірге белгілісі, Ге­раль­дикалық зерттеулер орталығы наси­хаттау бөлімі басшысы Жарқынбек Жұмаділұлы «Елдіктің нышаны – ер­ліктің белгісі» атты осындай экспе­ди­ция жақын күндері Баянауыл өңіріне сапарға шығуды ойластырып отыр­ғанын мәлімдеді. Яғни, жаңа экспе­дициядан бабалар тарихына қатысты жақсы жаңалықтарды күте беріңіздер!