18 мектеп пайдалануға беріледі
18 мектеп пайдалануға беріледі
©А.Мурзанов
457
оқылды
Алматыда қалалық филиалдың Саяси кеңесі Бюросының және Алматы қаласы мәслихатындағы «AMANAT» депутаттық фрак­ция­сы­ның кеңейтілген отырысы өтті. Оған Парламент Мәжілісінің депутаттары – «AMANAT» партиясы фракциясы­ның мүшелері қатысты. Отырыста халықтың өмір сүру жағ­дайын, жол-көлік инфрақұрылымын және экологиялық ахуалды жақсарту, сондай-ақ білім беру және медицина нысандарын салу мәселелері қаралды. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров «AMANAT» партия­сының сайлауалды бағдарламасының 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 12 бағыт бойынша жүзеге асырылу ба­рысы туралы баяндады. Мәселен, биыл Жол картасының 148 пунк­ті іске асырылу сатысында тұр. Бү­­­гінде 45 шақырым сумен жабдықтау және кәріз желілері салынды. 2022 жылы «Ал­магүл» қосалқы станциясының құрылы­сы аяқ­талады. 138 шақырым электр және 17 шақырым жылу желілері жаңғыртылатын болады. Қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында жыл басынан бері 145 мың көшет отырғызылды, жыл соңы­на дейін тағы 360 мың ағаш отыр­ғызу жоспарлануда. Газбен жүретін 300 автобус сатып алынды. Алайда пар­тиялықтарда қоғамдық көліктерді газбен толтыруға қатысты сұрақтар туын­дады. Алматы­лықтар таңертең аял­дамаларда қоғамдық көлік ұзақ күтіп тұрады, ал жанар-жағар май құю бекет­терінде автобустардың үлкен кезегі байқалады. Қалалық Мобильділік басқармасы өкілінің айтуынша, қазір алты бекеттің екеуі ғана жұмыс істейді, дегенмен газ стансасы құрылысының тиісті жобасына қаражат бөлінген. Сонымен қатар жыл соңына дейін 14 мыңға жуық оқушы орнына арналған 18 орта білім беру нысаны іске қосылмақ. Бұл жоспарға 10 750 орындық 11 мектеп, 1 270 орындық 5 қосымша құрылыс, 1 800 орындық 2 ғимаратты сатып алу кіреді. Өз кезегінде, мәжілісмен Бекқали Торғаев биыл аяқталуы тиіс 5 мектептің құрылысына қатысты алаңдаушылық білдірді.
«Бұл нысандар өткен жылдан бері өтпелі болып келеді. Соның бірі – «Мә­дениет» шағынауданында мектеп құ­рылысы. Құрылыс басқармасының есеп­теуінше, мектеп тамыз айында пай­да­лануға беріледі. Алайда нысанға барған­нан кейін құрылыс жұмыстары баяу жүргізіліп жатқанын көрдім. Мек­тептің инфрақұрылымы мен абаттандыру мә­селелері де ерекше бақылауды талап етеді», – деді Б.Торғаев.
Тиісті басқармада келісімшартқа сәйкес «Мәдениет» шағынауданында мектеп құрылысы тамыз айының соңына дейін аяқталатынына сендірді. Бұл үшін барлық техника мен 400-ге жуық жұ­мыс­шы жұмылдырылған. Сондай-ақ депутат Мәди Ахметов мегаполистегі жастар мәселесін көтерді. Атап айтқанда, NEET санатындағы жас­тарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамту, жастар практикасы және жұмыс орын­дарын ашу мәселелері қозғалды. Отырысты қорытындылай келе, мә­жілісмендер партияның сайлауалды бағдарламасының Жол картасын жүзеге асыру партиялықтардың ерекше бақы­лауында екенін атап өтті.

Азат ҚАЗАҚ